АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. ЮНИСЕФ Қазақстандағы сәби өлімінің ең жиі кездесетін себептерін атап көрсетті: стандарттар мен алгоритмдерді сақтамау, неонатологтардың аздығы, білімі мен біліктілігінің жетіспеушілігі, антибиотиктерді пайдалануда бірыңғай ұстанымның жоқтығы.
Қазақстанда көп жылдар бойы бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді, бұған негізінен азаматтардың әл-ауқатының артуы, үкімет пен халықаралық ұйымдардың денсаулық сақтау жүйесін жан-жақты инвестициялауы түрткі болды.
Алайда елімізде әлі күнге дейін алдын алуға болатын себептерден 5 жасқа дейінгі балалар шетінеуде. Балалардың көпшілігі бір жасқа толмай шетінеп кетеді (2016 жылы — 68,4%). Мәселен, Қазақстанда 2015 жылы қайтыс болған 5 жасқа дейінгі балалар саны 4799 болса, олардың 77% бір жасқа толмаған.
"Қазақстанда сәби өлімі мәселесінде ерекше ахуал қалыптасты. Әлем бойынша нәресте өлімі алдын алуға болатын проблемаларды жою нәтижесінде азайған болса, Қазақстанда сәби өлімінің әлдеқайда азайғанына қарамастан, негізгі себептер стандарттар мен алгоритмдерді сақтамау, неонатологтардың аздығы, білім мен біліктіліктің жетіспеушілігі, антибиотиктерді пайдалануда бірыңғай ұстанымның жоқтығы болып отыр", — деп атап өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ денсаулық сақтау бағдарламасының координаторы БҰҰ баяндамасының презентациясында.