Жұмысшылар

"Абу-Даби Плазаның" жұмысшылары қанша алады?

381
(Жаңартылды 16:00 17.11.2017)
Қазақстандық жұмысшылардың жалақысы шетелдіктерге қарағанда 20 мың теңгеге артық

АСТАНА, 16 қараша — Sputnik.  Астанадағы "Абу-Даби Плаза" кешенінде жұмыс істейтін шетелдіктер қазақстандықтарға қарағанда аз алады, деп хабарлайды Elorda Aqpatat порталы.

Жұмысшылардың жалақысы туралы "Городская среда" радиобағдарламасы кезінде Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов айтты. Басқарма басшысының айтуынша, кешендегі жанжалдан кейін жұмысшылардың қандай жағдайда тұрып, жұмыс істеп жатқанын зерттеген комиссия жұмысшылардың жалақысы нарықтағыға қарағанда  аз екенін анықтады. 

"Абу-Даби Плазадағы шетелдік жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен келісімшарт бойынша 300 долларды (шамамен 100 мың теңге) құрайды, ал біздің азаматтардың айлығы 120 мың теңгеден басталады. Көлем бойынша жалақы одан да жоғары", — деді Оспанов эфир барысында. 

Басқарма басшысы кешен құрылысына 120 субмердігерлік ұйым тартылғанын, оларда тек Қазақстан азаматтары ғана жұмыс істейтінін атап өтті. Субмердігерлікте жалақы орындалған көлемге байланысты төленеді, айлық атқарған жұмысыңа қарай өзгеріп тұрады. Сондықтан көптеген маман бұдан да көп ақша табады.

Сондай-ақ, Оспанов жатақханадағы жанжал күзет қызметкері мен Үндістаннан келген жұмысшы арасындағы түсініспеушіліктен шыққанын атап өтті. 

Естеріңізге салып өтсек, 2 қыркүйек күні кешке "Абу-Даби Плаза" құрылыс алаңындағы бақылау-өткізу пунктінде күзет қызмерткерлері мен Үндістаннан келген жұмысшылардың арасында қақтығыс болған еді. Жаппай төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Төбелес туралы ақпарат тарағаннан кейін кешенге адамдар жинала бастады. Құқық қорғаушылар көшелерді жауып, арнайы жасақ шақыртуға мәжбүр болды. 

Қақтығыстан кейін Үндістанның 61 азаматы қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Қазақстан аумағынан шығарылды.

381