Бала

Депутат мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету сапасына күмән келтірді

204
(Жаңартылды 12:38 17.11.2017)
Сенат депутаты мектеп мұғалімдеріне арналған қысқамерзімді ағылшын тілі курстарына бөлінген қаражатты ЖОО-да оқытушыллардың біліктілін арттыруға жұмсауды ұсынды

АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Парламент сенатының депутаты Сергей Ершов Қазақстанда мектеп мұғалімдеріне ағылшын тіліне үйрету сапасына күмән келтірді.

Сенат депутаттары бейсенбі күні алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қарастыруда. Жалпы отырыста сөйлеген сөзінде Ершов атап өткендей, 2018 жылғы жоба бойынша бірнеше пәнді үш тілдікке ауыстыруға кететін шығын қарастырылып, жалпы сомасы 6,9 миллиард теңге бөлінген. Үкіметтің түсіндіруінше, мұғалімдер тілдік дайындықтан өткен соң келесі пәндер бойынша үш тілдікті қамтамасыз етуі тиіс: информатика, физика, химия, биология.

"Тіл курстарында оқыған мұғалімдер ағылшын тілінде сабақ беретіндей жеткілікті деңгейде меңгеріп шыға ала ма? Бұл біраз күмән тудырады", — деді Ершов.

Оның айтуынша, білім министрлігінің ақпаратына сүйенсек, биыл 1 қыркүйектен бастап информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдердің  базалық жалақысы 200%-ға көтеріліпті. Яғни, мұғалімнің жалақысы 35 мың теңгеге артты деген сөз, дейді сенатор.

"Осы мақсатта 2017 жылы 864 миллион теңге бөлінген. Алайда бюджетті нақтылаған кезде бұл сома 728 миллион теңгеге немесе 84%-ға қысқартылды. 2018 жылға жоспар бойынша жалақыны көтеруге 2,3 миллиард теңге бөлінбек", — деп жалғастырды сенатор.

Оның пікірінше, мұғалімдерге арналған қысқа мерзімді тіл курстарына ақша бөлу бюджеттік қаражатты тиімді пайдалануға жатпайды, өйткені  қажетті нәтижеге қол жетуі екіталай.

"Оданда қаражатты ағылшын тілінде оқытуға бағытталған жоғары оқу орындарында ұстаздарды оқытуға, болашақ мұғалімдерді ағылшын тілімен бірге мамандықты қатар игертуге жұмсаған жөн емес пе? Сонда төрт жыл ішінде ағылшын тілінде білім бере алатын ұстаздарды дайындап шығармаймыз ба?", — деп ұсыныс жасады депутат. 

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, мұндай ауқымды жұмыс мемлекет үшін жаңа жоба болып табылады. 

"Биыл мұғалімдерді дайындау және ағылшын тілінде білім беруге өту бойынша үлкен тәжірибе бастадық. Келесі жылы биылғы нәтижеге сүйене отырып, мұғалімдерді дайындау және ағылшын тілінде білім беруге өту графигіне түзетулер енгіземіз", — деді министр.

Оның берген мәліметінше, биыл бір жарым мың мұғалім ағылшын тілінде сабақ бере бастаған.

"Ұстаздардың дайындығына келер болсақ. Курстар қысқамерзімді емес, мұғалім В2 деңгейіне дейін жетуі тиіс. Қысқамерзімді курс 1 деңгейді игеруге көмектессе, ағылшын тілінде сабақ беруге рұқсат алу үшін білімін әрі қарай жалғастырып, белгілі бір деңгейге жетуі тиіс. Сол кезде ғана жалақысы көтеріледі", — дейді Сағадиев.

Болашақта ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздарды түгел қамту үшін мұғалімдерді даярлау мен жалақыны көтеруге бөлінетін қаражат жыл сайын артып отыруы керек, деп сөзін аяқтады министр.

204