Назарбаев Астанада Есіл жағалауында, маусым 1998 жыл

АҚШ елшісінің қалпағын жел ұшырып кеткен: елорданы көшіру кезіндегі қызықты жайттар

214
(Жаңартылды 18:18 27.12.2017)
Орталық мемлекеттік органдар басшылары жаңа елордада жұмыс істеген алғашқы жылдарын еске алып, күлкілі оқиғаларды айтып берді

АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның шенеуніктері елорданы Алматыдан Астанаға көшірген кезде болған қызықты оқиғаларды "Основание Астаны: Передислокация" деректі фильмінде еске түсірді.

Қазақстан президентінің телерадиокешені Facebook парақшасында фильмнен үзінді жариялаған.

"Сол кезде Астана Монғолия елшісіне ғана ұнады ғой деймін, ол маған: "Бұл жер Улан-Баторды еске салады", — деді. Америка елшісі Элизабет Джонс қалпағын ұшырып алып, соңынан біраз қуғанбыз", — деп әңгімелейді сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанның Ресейдегі қазіргі елшісі Иманғали Тасмағанбетовтың гитарада ойнап, ән айтқанын еске түсірді.

"Президент мені орынбасарларыммен бірге шақырып, микроавтобусқа отырдық. Бір кішкене көшемен кетіп бара жатқанымызда, тізеден келетін батпақты көріп, өзім де шошып кеттім. Ол болса: "Ал енді осы жерден тоқтап, жаяу жүрейік", — деді. Бәріміз туфлимен батпақтап келеміз, ойымызды ортаға салып жатырмыз, Елбасы бізді тыңдап, тапсырма беріп келеді. Содан кейін көлікке отырғанымызда: "Ал жақсы серуендедіңдер ме? Келесі жолы осы батпақпен жаяу жүретін боласыңдар", — деді. Бізді осылайша тәрбиелейтін", — дейді сол кезде Астана әкімі болған президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков.

Телерадиокешені атап өткендей, фильмнің авторлары мен бас кейіпкерлері елорданың қалай құрылып, сол кезеңде қандай қиыншылықтар болғанын еске алады.

214
Загрузка...