Мәйітхана

Депутаттар сот-медицина сарапшыларына қосымша ақы төлеуді талап етті

120
(Жаңартылды 16:29 18.01.2018)
Жоғары білікті сот сарапшылары қазіргі уақытта 120-150 мың теңге жалақы алады

АСТАНА, 15 қаңтар— Sputnik. Мәжілісте сот-медицина сарапшыларының төмен жалақысы мен мәйітпен және қауіпті ауру жұқтырғандармен жұмыс істейтін мамандардың үстемеақысын қалпына келтіру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Төмен жалақы сарапшы жұмысының, әсіресе сот медицинасында оның мәртебесін төмендетіп отыр. Бүгінгі күні жиырма жылдық еңбек өтілі бар жоғары білікті сот сарапшылары 120-150 мың теңге еңбекақы алады. Сот-медицина сарапшыларының жоғары жауапкершілігі мен психикалық-эмоционалдық ауыртпалығынан басқа, олардың ВИЧ/СПИД, туберкулез, гепатит С секілді ауруларды жұқтыру қаупі жоғары", — деді мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Нұрлан Әбдіров. 

Оның айтуынша, соңғы бес жылда сараптама мекемелерінде 56 дәрігер мен медбике жұмыс орнында туберкулез жұқтырған. 26 адам вирустық гепатиттің түрлі формасымен сырқаттанып қалды.

"Жұқтыру жағдайлары тек үш облыста – Ақмола, Қарағанды, Маңғыстауда ғана тіркелмеген. Сот-медицина және сот-сараптама орталықтарын біріктірген кезде сот-медицина қызметкерлеріне мәйітпен және ВИЧ/СПИД жұқтырғандармен жұмыс істеген кезде төленетін қосымша ақы алынып тасталды. Қазіргі уақытта үкімет осы үстемақыны  қалпына келтіру мәселесін шешкен жоқ. Осыған байланысты көптеген сот-медицина сарапшылары, әсіресе шағын қалалар мен аудан орталықтарында жұмыс істейтіндер екінші мамандық алып, жалақы көбірек төлейтін аудандық ауруханаларға ауысып жатыр", — деді депутат. 

Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев бұл мәселенің мән-жайын түсіндірді.

"Қайта ұйымдастыру кезінде біз барлық маманды сақтап қалуға тырыстық. Кейбір басшылық лауазымнан басқа ешкім қысқартылған жоқ. Үстемеақыны сақтап қалғымыз келді, бірақ бізге тексеру органдары мұндай мүмкіндік берген жоқ.  Жаңа жағдайда үстемақы сақталмайды деп түсіндірді. Әділет министрлігінің бастамасы қолдау тауып, орталық бірнеше жылда акционерлік қоғам болып құрылса, сол кезде нарықтық жалақы болады. Яғни, сот-сараптама орталығының сарапшысы мен жеке сот сарапшысы бір жұмыс үшін бірдей сыйақы алатын болады", — деп жауап берді министр. 

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко сарапшыларға төленіп келген үстемақының негізсіз алынып тасталғанын алға тартты.

"Денсаулық министрлігінде жүрген кезде мәйіттермен жұмыс істеген сот сарапшысы сіздерге келген кезде не өзгерді? Қандай тексеруші орган осындай "керемет" идея ұсынды?! 56 дәрігер жұмыс орнында туберкулез, 26 адам гепатит жұқтырған. Сіздерге бұл жерде еңбек министрлігімен тапжылмай жұмыс істеп, коэффициентті қайта енгізу керек. Тек қаулыға өзгеріс енгізсе болғаны. Әрине, бұл үшін қаражат керек, бірақ көп емес қой", —деді Божко.

120