АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Ауғанстан астанасы Кабулде теракті кезінде қаза тапқан қазақстандықтың отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстан тарапы марқұмның отбасына мәйітті елге жеткізу бойынша көмек түрлерін ұсынған.
"Қазір мәйітті Қазақстанға жеткізу бойынша түрлі нұсқа қаралып жатыр. Біз өз көмегімізді туған-туысқандарына ұсындық. Осы процедуралармен айналысатын ауған компанияларының бірі 20 мың доллар сұрады. Алайда біздің дипломаттар басқа компанияға жүгінді, олар 6-7 мың доллар сұрап отыр", — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні кешкісін Кабулде қаруланған содырлар Intercontinental Hotel қонақ үйіне басып кірді. БАҚ-тың мәліметінше, 18 сағатқа созылған шабуыл салдарынан кем дегенде 43 адам ажал құшқан. 126 адам құтқарылды, оның 41-і шетелдік. Қонақ үйге шабуыл кезінде 1978 жылы туған астаналық бизнесмен қаза болды.