Қазгидромет РМК жетекші инженер-синоптигі Зайна Сағындықова

Сағындықова: Қазақстанға аяз қайта келе жатыр

1414
(Жаңартылды 10:58 07.02.2018)
Алдағы үш тәулікте температура нормадан 2-4 градусқа төмендейді

АСТАНА, 6 ақпан — Sputnik. Демалыс күндері аяз бен қардың бәсеңдеуіне себеп болған циклон ығысып жатыр. Оның орнына суықтың кезекті толқынын әкелетін антициклон қайта оралды. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК жетекші инженер-синоптигі Зайна Сағындықова айтты.   

"Температура аз ғана және қысқа мерзім ішінде төмендейді. Егер өткен аптада ауа температурасы нормадан 15-22 градусқа төмен болса, алдағы үш тәулікте ол нормадан 2-4 градусқа төмендейді. Батыс облыстарда температура бұрынғысынша нормадан 3-8 градусқа жоғары болады", — деді Сағындықова. 

Ал бүгін атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, бұрқасындатады, тек оңтүстікте, солтүстікте және солтүстік-батыста ауа райы жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болып, жел күшейеді, бұрқасындатады. 

 Алматы облысының кей жерлерінде тұман түсіп, Жалаңашкөл аумағында жел 18-23 м/с күшейеді. 

Жамбыл және Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ  болады, жел 15-23 м/с күшейеді. 

Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде бұрқасындатып, көктайғақ болады, түнде жел 15-20 м/с күшейеді. 

Атырау облысының кей жерінде тұман, көктайғақ болып, түнде жел күшейеді – 18 м/с. 

Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейіп, бұрқасындатады. 

Ақмола, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман түседі деп болжанып отыр. 



1414