ақша

Жақыпова зейнетақы көп болу үшін не істеу керектігін айтты

958
(Жаңартылды 19:25 07.02.2018)
2020 жылдан бастап жұмыс беруші қол астындағы қызметкерлері үшін қосымша 5% аударатын болады

АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жас қазақстандықтарға жоғары зейнетақы алудың қамына қазірден бастап кірісу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"100 пайыз алу үшін не істеу қажет? Жастар қазір мұны дұрыс түсініп алғаны жөн. Егер сіз еңбек нарығына 21 жаста келсеңіз, онда жинақтаушы зейнетақы жүйесіне кемі 33 жыл қатысуыңыз керек. Тиісінше базалық деңгей ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алуға мүмкіндік бар. Ал егер сіз зейнетақы жүйесіне қатысып, зейнетақы жарнасын толық көлемде уақытылы аударып отырсаңыз, онда БЖЗҚ-дан да төлем төленеді. Басты басымдық осы. Яғни кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алады деген сөз", — деді Жақыпова. 

Вице-министрдің айтуынша, 2020 жылдан бастап шартты жинақтау жүйесі енгізіледі. Яғни жұмыс беруші қарамағындағы қызметкері үшін қосымша 5 пайыз аударатын болады. 

Зейнеткер
© Foto : Пресс-служба правительства для граждан

"2020 жылдан бастап шартты-жинақтау жүйесін енгіземіз. Оған сәйкес, жұмыс беруші барлық қызметкері үшін қосымша 5 пайыз аударады. Бүгінде зейнетақы қорына жалақының 10 пайызы аударылып жүр.  Яғни, болашақта мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының өзі зейнетақымен қамтамасыз етілуіне жауапты болады", — деді Жақыпова.

Айта кетсек, бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде "Әлеумет" кешенді ақпараттық-түсіндіру бағдарламасының тұсауы кесілді. 

Бағдарламаның мақсаты – әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер бойынша халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру. Бағдарлама халықтың барлық санатын қамтитын 4 бағыттан тұрады: "Отбасы", "Жастар практикасы", "Еңбек", "Зейнет".

958
Кілт сөздер:
вице-министр, жастар, зейнетақы, Светлана Жақыпов
Тақырып:
Зейнетақы мөлшері қалай өзгерді (62)
Загрузка...