Құрылыс, архивтегі сурет

Астанада салымшылар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" басып кірді

881
(Жаңартылды 16:40 25.04.2018)
Мемлекеттің арзан үйіне қолы жетпеген салымшылар есіктің алдындағы қатаң күзетке де қарамай, тіке басшының кабинетіне кіріп барды

АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Астанада "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің"  салымшылары қаржы ұйымының кеңсесіне басып кірді. Өйткені 300 тұрғын  өздеріне тиесілі пәтерлерге әлі кіре алмай жүр, деп хабарлады КТК.

Наразылық білдірушілер бірнеше жыл бұрын арнайы байқаудан өтіп, үй алулары керек болған. Алайда, осы уақытқа дейін салымшылар несиені алмаған, не баспана дайын емес. 

Шыдамы таусылған банк салымшылары бүгін менеджерлерді тыңдамақ түгілі, есіктің алдындағы қатаң күзетке де қарамай, тіке басшының кабинетіне кіріп барды. Өйткені, қатардағы қызметкерлердің құрғақ  уәдесінен шаршаған, бос сөзге сенбейді.

Бәрі депозит ашып, тапқан ақшасын жылдар бойы "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне" салып келген. Олар екі жыл бұрын банк жариялаған байқауда жеңіске де жетіпті. Сөйтіп, ипотекалық несиеге пәтер алулары тиіс еді.  

"Мен пәтерақыға 130 мың төлеймін, коммунальдық шығынымен қосқанда 150 мыңға барады. 5 балам бар. Ана жерде, мына жерде қаңғып жүрмін", — дейді салымшылардың бірі. 

"Бүгін АКТ тіркейді, жұма күні  құжат сіздердің қолыңызда болады", — деп басу айтты банк маманы. 

Топырлап кірген салымшыларды көргенде, банктің  қалалық бөлімшесінің басшысы үйдің құжаттары дайын деп, қолындағы қағаздарды көрсетіп әлек. Тіпті бар кінәні құрылыс компаниясына ысыра салды. 

"Біз құрылысты жүргізбейміз. Тек сол біткен үйді сатып алуға несие береміз. Сондықтан бітпеген үйге қалай несие береміз? Дұрыс па? 2015 жылы басталған құрылыс 2016 жылы тұрып қалды. Қазір үй бітті, АКТ қолымызда бар. Болды, бұл жерде қандай сенсация?", — деді ТҚЖБ Астанадағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев. 

 Сенсация іздеп жүрген салымшылар жоқ. Олар бар болғаны банкке құйған миллиондарына тиесілі баспаналарын беруді талап етіп отыр. 

"Екі жылдың ішінде бізге сыйақы түскен жоқ, не үй жоқ.  Бос сылтау. Қазағым шыдай тұр деп. Бұл деген сұмдық жағдай. Мен екі бөлмелі пәтерге өттім. Шаршы метрі 185 мың теңге", — дейді салымшы Алтынай Тұрғанбекова.

Құрылыс компаниясындағылардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің ішіндегі құрылыс аяқталған. Алайда құжаты дайын емес. Оның үстіне баспананың ауласында әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.  Алайда 12 қабатты үйдің құжаты дайын емес. Әділет министрлігінің базасына тіркелмеген де. Осыған қарағанда даудың жақын арада шешілуі екіталай сияқты.


881
Загрузка...