Дәрігер

Қостанай облысының әкімі қандай мамандардан тапшылық көріп отырғанын айтты

51
(Жаңартылды 20:31 18.05.2018)
Қостанай облысында биыл медицина саласына 100 грант бөлінбек

АСТАНА, 18 мамыр — Sputnik. Қостанай облысының әкімі биыл өңірдегі тапшы мамандықтарға 200 грант бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының денсаулық сақтау саласы кадр тапшылығын көріп отырғанын айтты. Дәрігерлер санын арттыру үшін биыл облыста 200 грант бөлінбек. 

"Біз гранттар санын ұлғайттық. Өткен жылы 41 болса, биыл 200 грант бөліп отырмыз. Бізде басты проблемалардың бірі – денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің тапшылығы. Сіздер білесіздер, біздің облыста медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны жоқ. Сондықтан біз өте тапшы мамандарға грант бөлу туралы шешім қабылдадық", — деді облыс әкімі ОКҚ-де "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.

Ол 200 гранттың тең жартысы облысқа дәрігерлер тартуға бағытталатынын атап өтті. 

"100 гранттың 80-і – өте тапшы дәрігерлерді даярлауға, ал қалған 20-сы жалпы медицинаға бөлінеді. Бұл дәрігерлер дайындайтын жоғары оқу орындары бар Астана, Қарағанды қалалары. Біз 7-курс студенттерімен келісімшарт бекіттік. Олар біздің бюджет есебінен екі жыл білім алады, кейін біздің облысқа келіп, кемі 5 жыл жұмыс істейді. Бұған қоса, демеушілердің қаржысына жүзеге асатын өңірлік бағдарлама бар. Мәселен, инвестор ақша бөледі, биыл біз 100 миллион теңге бөліп, қала-ауданға байланысты 5 немесе 7 жыл істейтін жас дәрігерлерге екі миллион теңгеден береміз. Себебі 200 грантпен мәселе шешіле салмайды, басқа да қолдау шараларын қарастыру керек. Өйткені бізде дәрігерлерге деген тапшылық тым жоғары, бүгінде 250 маман жетіспейді. Былтыр 400 еді,  осындай қолдау шаралары арқылы өткен жылы тек 120 дәрігер тарттық", — деді Мұхамбетов. 

Облыс басшысы қалған жүз гранттың 60-ы – білім саласына, қырық грант ауыл шаруашылығы мамандығына қарастырылып отырғанын айтты. 

"Жыл сайын гранттар санын көбейте береміз", — деп түйіндеді әкім.


51
Загрузка...