Балалар

Қазақстанда балалар судьясы мен прокурорлары пайда болуы мүмкін

67
(Жаңартылды 18:54 01.06.2018)
Бала құқығы жөніндегі уәкіл балалар кодексін әзірлеп жатыр

АСТАНА, 31 мамыр – Sputnik. ҚР құқық қорғау органдары балалар судьясы, балалар тергеушісі және прокуроры лауазымдарын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұл туралы бүгін мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында бала құқығы жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін қарайтын соттар жұмыс істейді. Болашақта балалар прокуроры, балалар судьясы пайда болуы мүмкін. 

"Біз балалар кодексін әзірлеуге кірістік. Бас прокуратурамен, Жоғары сотпен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп балалар судьясын, балалар прокуроры мен балалар тергеушілері лауазымдарын енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Қазір жоғары оқу орындары дербестік алды, болашақта тек балалармен жұмыс істейтін заңгерлерді, прокурорларды, судьялар мен тергеушілерді дайындайды деген үміттеміз. Өйткені бала мен ересек адам – бұл мүлде екі бөлек субьект", — деді балалар омбудсмені. 

Балиеваның мәліметінше, соңғы он жылда Қазақстанда балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші әжептәуір төмендеген. Десек те, жағдай әлі де алаңдатарлық. 2008 жылы әртүрлі себеппен 10129 бала көз жұмса, 2017 жылы  5 355 баланың өмірі қиылған. 

"Яғни бала өлімі екі есеге қысқарды. Анализ барысында аурудан қайтыс болғандар саны азайғаны анықталды, яғни медицинаның сапасы жақсарған. Алайда, жол апатынан, өрттен, суға кету, суицид және тағы басқа себептерден қаза тапқан балалар саны әлі де азаймай отыр", — деп алаңдаушылығын білдірді уәкіл.

67
Кілт сөздер:
тергеуші, бала құқығы, прокурор, балалар, судьялар, Зағипа Балиева
Загрузка...