Жеңіс Қасымбек

"Сіздер келіскенше, қыс түседі". Сағынтаев Қасымбекті сынға алды

258
(Жаңартылды 08:46 13.06.2018)
Жеңіс Қасымбек халықаралық қаржы ұйымдарымен жасалған келісімдер бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты

АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев құрылыс саласы бойынша артта қалып келе жатқан инвестициялар және даму министрлігін сынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Тимур Мұратұлы (ұлттық экономика министрі – автор ескертп.) баяндамасында айтып өтті, 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы өсім – 3,9 процент. Оның ішінде бізді артқа тартып отырған – құрылыс, бар болғаны 0,3 процентке өскен. Бақыт Тұрлыханұлының (қаржы министрі – автор ескертп.)   баяндамасында айтылған негізгі проблема да құрылыс болып отыр. Жаз маусымы өтіп барады, қазан айынан бастап күн суытады. Жол салу, басқа да құрылыс мәселесі қиындайды. Жеңіс Махмұдұлы (инввестициялар және даму министрлігі – автор ескерт.), мұны қалай игереміз? Жолдарға үлкен тапсырма болды… Мәдениет министрлігі визит орталығын саламын дегенше, туристік маусым өтіп кетеді. Әлі конкурс та өтпеген, онда не үшін ақша сұрады? Ауыл шаруашылы министрлігі де, қаржы министрлігі де солай.  Жобалар кезек кезек сотқа түседі, бұл деген конкурс дұрыс өтпей жатыр деген сөз. Жеңіс Махмұдұлы, жолдар бойынша не айтасыз?", — деді Сағынтаев үкімет отырысында. 

Инвестициялар және даму министрі келісіліп жатқан жобалар жаңа емес, былтырдан қалған жобалар екенін айтты. Министрлік халықаралық банктермен бірге жұмыс істейді. Сондықтан жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр, деп сендірді Қасымбек.

"Жеңіс Махмұдұлы, мына жерде жазылып тұр. Дүниежүзілік банктен, Ислам банкінен қарыз алу жөніндегі келісім мемлекеттік органдармен келісуде. Қашанғы келісесіздер, әріптестеріңіздің бәрі осы залда отыр. 42,9 миллиард теңге игерілмей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Оның ішінде сіз басқарып отырған министрлікте жолдар бойынша – ең үлкен көлем. Соның ішінде Ислам банкімен, Дүниежүзілік банкпен берілетін қарызға әлі мемлекеттік органдар арасында келісім жүріп жатыр деп жазылған. Қашан бітеді бұл келісім? Сіздер келісіп біткенше, қыс түседі ғой", — деп ашуланды Сағынтаев. 

Қасымбек жақын арада барлық мәселе шешіледі деп уәде берді.

258
Кілт сөздер:
үкімет отырысы, Бақытжан Сағынтаев, Жеңіс Қасымбек
Загрузка...