Шенеуніктер

"Бұл не деген сұмдық". Депутат Қазақстандағы шенеуніктер санын Жапониямен салыстырды

738
(Жаңартылды 17:38 14.06.2018)
Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. "Ақ жол" фракциясы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға берумен қатар, шенеуніктер санын қысқартуды және сол мемлекеттік органның бюджетін азайтуды талап етіп отыр. Бұл туралы бүгін мәжіліс депутаты Азат Перуашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Депутат Азат Перуашев қаралып отырған заң жобасында шешімін таппаған бірқатар мәселеге тоқталды. 

"Ұлт жоспарының 97 қадамында мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді бәсекелестік ортаға немесе өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру керектігін айқын жазылған. Алайда бүгін біз үшін бәсекелес ортаға берілетін функцияның мемлекетке тән еместігі қандай критерий бойынша анықталатынын түсініксіз болып отыр. Ал басы артық функцияларға келетін болсақ, біздің ойымызша, олардан мүлде бас тартқан жөн",- деді депутат мәжіліс отырысында. 

Аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің жауабы мәжілісменді қанағаттандырған жоқ. Перуашев министрден нақты жауап ала алмағанын айтады.

"Ұлт жоспарында айқын көрсетілген: үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі. Яғни, мәселе мемлекеттік органдардың бюджеті мен шенеуніктер санын қысқарту туралы болып отыр. Біз осыған қатысты сауал жолдадық. Бірақ үкімет бұл қарастырылмаған, қажет емес деп санаймыз дейді. Сонда қалай? Мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға береді екенбіз, бірақ ол қызметтерді атқарған шенеуніктер қысқармай ма? Біз ЭЫДҰ жүргізген зерттеу нәтижесін алдық. Қарап отырсақ, Қазақстан экономикасында істейтіндердің 21 проценті – шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Яғни біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп", — деді Перуашев. 

Осы орайда депутат шенеуніктер саны аз мемлекеттерді мысалға келтірді. 

"Мәселен, Америкада – 14%, Австрияда – 10%, 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9 мың ғана шенеунік бар. Ал бізде 18 миллион халыққа 100 мың шенеунік бар. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке 180 адам. Яғни бізде шенеуніктер саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық. Осыдан кейін Қазақстан мен Жапонияның жағдайын салыстырыңыздар. Сондықтан "Ақ жол" фркциясы мемлекеттік органдар атқаратын функцияларды мемлекеттік емес ұйымдарға берген кезде, сол қызметтерді атқарған шенеуніктерді қысқартуды және  оларға жұмсалған бюджетті азайтуды талап етеді", — деді мәжілісмен. 

Ал ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің Қазақстандағы шенеуніктер 20 проценттен аспайды дегеніне Перуашев былай жауап қатты. 

"Ол маған емес, ЭЫДҰ-ға айтсын оны. Біз жұмысымызды ЭЫДҰ талаптарына сәйкес жүргізуіміз керек, бұл Елбасының берген тапсырмасы. Тимур Сүлейменов келіспесе, өзі білсін", — деді депутат мәжіліс кулуарында.

738
Кілт сөздер:
депутаттар, шенеуніктер, мәжіліс, Астана