Денис Тенді еске алу акциясы

Денис Теннің өліміне соттың кінәсі бар ма? Адвокаттың пікірі

478
(Жаңартылды 12:11 27.07.2018)
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапқан еді

АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Белгілі адвокат Джохар Өтебеков Денис Теннің өліміне елдің сот жүйесі де кінәлі деп отыр. Қорғаушы күдікті Арман Құдайбергеновке қатысты 2013 жылы шыққан сот үкімімен танысқаннан кейін осындай пайымға келген. 

Осыдан төрт күн бұрын қазақ елі ауыр қайғыға ұшырады. Белгілі мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстан спортына өлшеусіз үлес қосқан Денис Теннің ғұмыры небәрі 25 жасында үзілді. Автокөлік ұрылары спортшыны тапа-тал түсте Алматыда бір айна үшін пышақтап кеткен болатын. Екі күдікті де қазір қамауда. 

Ұсталған күдіктілердің бірі – Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов. Жас жігіт осыдан бес жыл бұрын тонау қылмысы бойынша сотты болған.

Арман Құдайбергенов, күдікті
© Photo : ҚР ІІМ
Арман Құдайбергенов, күдікті

Қызылорда облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2013 жылдың 21 тамызында оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. 

Үкімге сүйенсек, "тонау" қылмысы 2012 жылы 9 желтоқсанда түнгі 02:00-де Байқоңыр қаласындағы "Гинза" дәмханасының маңында жасалған. Кәмелетке толмаған Арман Құдайбергенов екі досымен бірге дәмхана маңынан өтіп бара жатқанда, жолда кетіп бара жатқан жәбірленуші Ж.Асуатовты көреді. Құдайбергенов достарынан бөлектеніп, жәбірленушінің соңына түседі.

Оны қуып жетіп, амандасып, әңгімеге тартып, "ұялы телефонмен қоңырау шалуым керек еді, өзімдікінде ақша таусылып қалды" деген сылтаумен әлгінің "Нокиа 6303i classic" маркалы телефонын тартып алады. Арада жанжал туып, Құдайбергенов бейтаныс жігітті басынан жұдырықпен бір ұрып, жерге құлатады. Осы сәтте Арманды күтіп тұрған екі досының бірі келіп, екеуін ажыратпақшы болады. Алайда Құдайбергенов жәбірленушіні басынан, кеудесінен бірнеше рет тепкілеп, ес-түссіз қалдырған. Оқиға орнына полицейлер келе жатқанын көріп, ізін жасырған. 

Осылайша жәбірленуші Ж.Асуатовқа 14 580 теңге материалдық зиян және денсаулығына зиян келтірген.  

Сот-медициналық сараптама қорытындысында жәбірленушінің басы жарылғаны, "орта" дәрежелі дене жарақатын алғаны көрсетілген. 

Арман Құдайбергеновке ҚР ҚК 178-бабы 2 бөлігінің "а" тармағы (ескі редакциядағы Қылмыстық кодекс – Sputnik) бойынша айып тағылады. 

Тағы оқыңыз: Денис Тенді өлтіргендерді жақтаған мұғалім қалай жазаланады?

Басты сот талқылауында сотталушы Құдайбергенов кінәсін толығымен мойындап, істеген ісіне өкінеді. Полициядан қашып, жолда келе жатқанда бұрын-соңды таныс емес бір балаға ұрлаған телефонды сатып жібергенін мойындайды. Жәбірленушімен татуласқанын, келтірілген материалдық зиянды өтегенін, сондықтан бас бостандығынан айырмауын сұрайды. 

Сотқа оқиға күні Құдайбергеновтің қасында болған екі досы да куәгер ретінде қатысады. Жәбірленуші тараптан Асуатовтың Астанаға оқуға кетуіне байланысты сотқа оның анасы қатысады. Ол сотталушы Құдайбергеновпен татуласқанын, оған кешірім беретіндерін айтып, бас бостандығынан айырмауын сұраған. 

Төрағалық етуші судья Айбек Әбу сотталушының кінәсін толығымен мойындағанын, бұрын сотты болмағанын, Құдайбергеновтің қылмыс жасаған уақытта кәмелетке толмағанын, қылмыс салдарынан келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтегенін ескере отырып, ҚР ҚК 178-бабы 2-бөлігі "а" тармағымен оны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілемей, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын белгілейді. "Қамауға алу" түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, Құдайбергенов сот залынан босатылады.

Осы үкіммен танысып шыққан адвокат Джохар Өтебеков Денис Теннің өліміне сот жүйесі де кінәлі деп отыр. Бұл туралы қорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның айтуынша, үкімде "тонау" емес, топпен жасалған қарақшылық суреттелген. 

"5 жыл бұрын Құдайбергенов Байқоңырда достарымен бірге бір жігіттен телефон тартып алған. Оны жерге құлатып, өлімші етіп сабаған. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы "орташа" зиян келгенін анықтады (әйтсе де, онда басы жарылған деп айтылады, яғни ауыр зиянға ұқсайды). Десе де, орташа дәрежелі зиянның өзі 100% қарақшылық екенін көрсетеді және оны тонаудан бөлектейді. Тіпті басынан ұрған кезде денсаулыққа келтірілген жеңіл зиянның өзі тонауға емес, қарақшылыққа жатқызылады!", — деп жазды адвокат. 

Топпен жасалған қарақшылық үшін 5 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бірақ, Қызылордада басқаша сияқты, дейді ол. 

Тағы оқыңыз: Денис Тенді өлтірген жігіт сотта не айтты?

"Іс ювеналды сотқа судья Айбек Әбуге түскен. Әбу бұл істен қарақшылықтың орнына тонауды көрді! Сөйтіп Құдайбергеновті бостандыққа шығарды! Осылайша біреудің телефонын тартып алып, ұрып-соққан қарақшының бір жылға ғана бас бостандығы шектелді. Егер Әбу болмағанда, Дениске пышақ сұққан автоұры 6 жылға сотталушы еді. Қазір ол түрмеде отырар еді… Мұндай кәсібилігі үшін Әбудің қызметі өсті! Ол 2-ші Қызылорда қалалық сотының төрағасы болды. Ал Денис енді арамызда жоқ…  ", — деп күйініп жазды ол.

478
Кілт сөздер:
мәнерлеп сырғанаушы, күдікті, қылмыскер, сот, Джохар Өтебеков, Денис Тен, Алматы
Тақырып:
Денис Теннің қазасы (101)
Тақырып бойынша
"Кешір, Денис!" Астана жұртшылығы спортшымен қоштасты
Алматы халқы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды (фото)
Желіде Денис Теннің әні жарияланды
Денис Теннің қазасы: Назарбаев тапсырма берді
Денис Тенді өлтірді деген күдікті оқиғаның қалай болғанын көрсетті - видео
Денис Теннің қазасы: ұсталған күдікті бұған дейін заң бұзған болып шықты
Денис Тенді неге жақын маңдағы ауруханаға жеткізбеген?
"Өмірді шын сүйемін". Денис Теннің арманы қандай еді?
Денис Теннің мұз айдынындағы соңғы шоуы – видео
Денис Тенге шабуыл жасалған жерден видео жарияланды
"Денис Қазақстанның нағыз патриоты еді" Назарбаев Теннің отбасына көңіл айтты
Загрузка...