Балалар, архивтегі сурет

Астанада тәрбиеші баланың ата-анасы ақша бопсалап жүргенін айтты

181
(Жаңартылды 19:22 10.08.2018)
Астаналық тәрбиеші бір жасар Әмірдің ата-анасы балабақшада баламның қолы сынды деп, ақша жасап алғысы келгенін мәлімдеді

АСТАНА, 10 тамыз — Sputnik. Астаналық отбасы 1 жасар ұлының балабақшадан зәбір көргенін айтады. Рентген суреттері оң қолындағы сүйегінің сынғанын көрсетіп беріпті. Бұны балабақшадан көрген ата-ана құқық қорғау органдарына арызданып қойған. Ал тәрбиешілері болса, оқыс өз үйлерінде болған. Енді сылтауратып, бізден ақша бопсалап жүр дейді. Бұл туралы КТК хабарлады. 

Әмір қазір де жылайды. Ауырсынады. Сынығы осыдан бес күн бұрын анықталған еді. Жілігі иықтан төмен, шынтаққа жақын тұстан сыныпты. Содан бері қолына гипс салынған. Анасы көтеріп әрең жұбатып жүр. Құлыншағымның қолын сындырып қойды деп жанын қоярға жер табар емес.  

"11-де алып барып тастадым. Балам оған дейін еңбектеп жақсы жүрді, асханаға, әжетханаға барды. Қолына бергенде кішкене жылады да қойды. Сосын жұмыстан кейін кешке таман 7-де барып алдым. Балам ұйықтап қалды ма, тыныш қой деп едім, олар баланың кішкене қызуы шығып тұрғанын айтты", — дейді Әмірдің анасы Айнұр Тасболтаева. 

Ал әкесі болса ашулы. Қолын сындырғаны былай тұрсын, ақша ұсынып бәле қылды дейді. Бірақ ұлымның амандығы ғана керек деген ол балабақша тәрбиешісінің әділ жазаға тартылғанын қалайды.  

"Ашумен сөйлестім, маған балабақшадағылар келісейік дейді. Мен сенің жүз миллионың маған керек емес деп айттым. Менің баламның денсаулығы қымбат", — деп түсіндірді Әмірдің әкесі Еркін Мадалиев.

Таразда 10 жастағы баланы зорлап, буындырып өлтірген жасөспірімге үкім шықты  

Балабақша дегені көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтер. Оны балконға жапсырылған қағаз ғана айтып тұр. Әйтпесе аузы-мұрны жоқ отаудың өзі дерсіз. Есігінде ештеңе жазылмаған, пәтердің нөмірі де жоқ. Ішке кіргізбей, даладан қайтарды. Әйтсе де Еркін ішіне бір кіргенде видеоға түсіріп алыпты. Тәрбиешілердің бірі Әмірдің әрең отырғанын көріпті.  Сол күні балаларға бас-көз болған тәрбиеші бет-жүзін көрсетуден қымсынып, жағдайды телефонмен ғана баяндап беруге келісті. Айтуынша, олардың бұл жағдайға қатысы жоқ. Жарақатты үйінде алған болуы мүмкін. Ата-анасы баласын бұлдап, ақша жасап алғысы келеді дейді. 

"Мен бір күн өтіп кетті ғой, балабақшада болғаны қалай, үйде болған жағдай ғой десем, жоқ, балабақшада болды дейді. Сосын ол енді не істейміз деп, менен қомақты ақша сұрады. Ақша бересіз, әйтпесе үстіңізден арыз жазамын дейді. Ол кісі менен 3 миллион, 5 миллион талап етті. Қасында екі жолдасы бар, үшеуі үш күннен бері балабақшаға келіп бізді қорқытып жүр", — деп түсіндірді "Саламат" шағын балабақшасының бас тәрбиешісі Саламат.

Бүгінде Астанада ресми тіркелген 177 жекеменшік балабақша бар екен. Бірақ, сыртынан беймағлұм көрінген бұл мекеме солардың арасында жоқ болып шықты. Сондықтан, тиісті орындар оның заңсыз жұмыс істеуі мүмкін екенін айтып отыр. 

"Ол жерде міндетті түрде мемлекеттік жалпыға ортақ білім стандарты жүзеге асырылу керек. Оның ішінде сол балалар күні бойы демалатын, ойнайтын алаңқайлары болу керек. Ол қоршалған болуы керек, егер ол көпқабатты үйде орналасқан болса, сіз айтқандай екінші қабатта орналасқан болса, онда кондоминум туралы тәртіпке қайшы келеді деп ойлаймын", — дейді   Білім сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Берікбай Берлібаев.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде Астанада 24 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Сондықтан, мамандар еш жерде тіркелмей-ақ, жасырын жұмыс істеп жатқан балабақшалардың көп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Ал жасы бірден енді асқан Әмір ауыр жарақатқа тамыздың төрті күні тура туған күнінде тап болыпты. Ата-анасы полицияға арызданған, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Шымкент балабақшасында екі жасар бала ұйқыдан оянбады

181
Кілт сөздер:
жарақат, ақша, балабақша, Астана
Тақырып бойынша
Балабақша тәрбиешісі 6 жасар қыздың үстіне ыстық сорпа төгіп алды
Атырауда теріс діни ағымда жүргендер балабақша ашып жатыр
Қанша мектеп пен балабақша салынды?
Қостанайда балабақша директоры кәсіпкерден 350 мың теңге пара сұраған
Астана тарихында алғаш рет жекеменшік балабақша саны мемлекеттіктен асып түсті
Бала туған кезде автоматты түрде балабақша кезегіне қойылады