Малика Мұхитова

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: полковниктің қызы жылап кешірім сұрады

6294
(Жаңартылды 15:36 13.11.2018)
Ескендір Сүлейменов 22 маусымда Астанада жол апатынан көз жұмған болатын

АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Астанада Олжас Сүлейменовтің немересі, 27 жастағы Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апатына қатысты сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қызылорда облысы ішкі істер департаменті бастығының қызы Малика Мұхитова 22 маусым күні Астанада мотоциклмен келе жатқан 27 жастағы Ескендір Сүлейменовті көлігімен қағып кеткен еді. Олжас Сүлейменовтің немересі оқиға орнында жан тапсырды. 

Жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында 12 қазанда басталды. Алғашқы отырысқа жәбірленуші тараптан тек адвокат қана қатысқан болатын. Бұл жолы сот отырысына марқұм Ескендір Сүлейменовтің әкесі де келді.

Жауап алу барысында айыпталушы Малика Мұхитова жәбірленуші тараптан жылап кешірім сұрады. 

"Сіздерден кешірім сұраймын. Бұған дейін мүмкіндік болған жоқ. Күн сайын Алладан мені кешірулеріңізді сұраймын. Мен бұлай болғанын қалаған жоқпын. Сіздерге қаншалықты ауыр екенін білемін, бәріміз үшін ауыр. Мені кешіріңіздер, өтінемін. Шын айтамын. Барлықтарыңыздан кешірім сұраймын", — деп жылап кешірім сұрады ол. 

Маликаның айтуынша, ол жол апаты болған күні жұмыстан шығып, үйіне бара жатқан. Сол күні оларды жұмыстан ерте босатыпты. 

"Жолшыбай Мәңгілік ел мен Керей мен Жәнібек хандар көшесінің қиылысындағы азық-түлік дүкеніне кірдім. Шыққаннан кейін көлікке отырып, Керей мен Жәнібек хандар көшесіне бұрылу үшін сол жаққа қарай ыңғайлана бастадым. Жан-жағыма қарадым, ештеңе көрінген жоқ. Солға бұрыла бастаған кезде, оң жағымнан бір нәрсе зу етіп, менің көлігіме соғылды.

Мен шошып кеттім, дәл сол сәтте не болғанын түсінбей де қалдым. Көліктен шықтым, қарасам, асфальтта бір жігіт жатыр. Барлығы жүгіріп келді, сол күні өте көп адам болды…Жедел жәрдем шақырмақшы болдым, бірақ қасымда тұрған жігіт шақырып қойыпты", — деді Малика. 

Жол апатынан кейін бірден әкесіне хабарласқан. Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бастап жүргізеді.

"Оқиға орнында соңына дейін болдым. Кейін мені ішімдік ішкен-ішпегенімді тексеру үшін алып кетті. Одан соң жауап алу үшін бөлімшеге алып кетті", — деді ол.

Малика Мұхитова өзінің кінәсін толығымен мойындады.

6294
Кілт сөздер:
сот ісі, жол апаты, Малика Мұхитова, Ескендір Сүлейменов, Олжас Сүлейменов
Тақырып:
Ескендір Сүлейменовтің қазасы (24)
Тақырып бойынша
Үйленгелі жүр еді: Ескендір Сүлейменовтің өмірі жайлы жақын құрбысы айтып берді
Алматыда Олжас Сүлейменовтің немересін ақтық сапарға шығарып салды
Олжас Сүлейменовтің немересі жол апатынан көз жұмды – оқиға орнынан видео
Олжас Сүлейменовтің немересін қаққан полковниктің қызы сот алдына келді
ҰБТ, архивтегі фото

Грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланатыны белгілі болды

522
(Жаңартылды 17:25 15.08.2020)
2020 жылғы грант иегерлерінің тізімі 15 тамыз күні сағат 18:00-де testcenterkz парақшасында жарияланады

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. 2020 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі 15 тамызда жарияланады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Грант иегерлерінің тізімі бүгін сағат 18:00-де testcenterkz парақшасында жарияланады", - деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов Instagram-да.

Оның айтуынша, комиссия отырысы аяқталып, шешім қабылданған.

Грант қалай тағайындалады?

"Бакалавр" дәрежесі бойынша білім гранттары ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің нәтижесіне қарай конкурстық негізде беріледі. Конкурс кезінде Қазақстан тарихы, математика, оқу сауаттылығы (қазақ немесе орыс тілі) және екі бейіндік пәннің ұпай саны ескеріледі. Ал шығармашылық пәндер болса, емтихандардың нәтижесі есепке алынады.

Оқытудың қысқартылған мерзімін көздейтін және жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсемін деушілердің кәсіптік пәннен және арнайы пәннен жинаған ұпайы ескеріледі. Сол сияқты шығармашылық даярлық бойынша арнайы пән мен шығармашылық емтиханның бағасына қарайды.

Қанша балл жинау керек?

Жоғары білімнің білім беру гранттарын тағайындауға арналған конкурсқа қатысу үшін шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілерді қоспағанда, ұлттық университеттерге түсу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша кемінде 65 балл жинау керек.

  • "Педагогикалық ғылымдар" бойынша кем дегенде 70 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" және "Ветеринария" бойынша кемінде 60 балл.

Басқа жоғары оқу орындарына түсуі үшін кемінде 50 балл жинау қажет. Педагогика бойынша ұпай саны 70 болса, медицина мамандықтарына түсу үшін кем дегенде 65 балл алу керек.

Ал шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларына түсушілерді қоспағанда, оқытудың қысқартылған мерзімін көздейтін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының тобы бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілерге ҰБТ нәтижесі бойынша – кемінде 25 ұпай жинау керек.  

Кімге басымдық беріледі?

Конкурс кезінде грантқа үміткерлердің ұпай саны тең болса, басымдық беру шарттары қарастырылған. Олар:

  • "Алтын белгi" белгiсімен марапатталған тұлғалар;
  • техникалық және кәсіптік білім алғаннан кейін мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар тұлғалар;
  • тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;
  • жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • I және II топтағы мүгедектер, жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы айғақтары жоқ бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар тұлғалар.
  • Гранттардың 70 проценті жалпы конкурс тәртібімен беріледі, қалған 30 проценті тек ауыл жастары арасынан шыққандарға таратылады.

 

522
Кілт сөздер:
грант тізімі, грант
Алматыдағы Шәмші Қалдаяқов ескерткіші

"Ұлттың баға жетпес байлығы": Тоқаев желіде жазба жариялады

3495
(Жаңартылды 14:34 15.08.2020)
Он бесінші тамызда Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына тоқсан жыл толды

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы - ұлттың баға жетпес байлығы, дейді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Бүгін еліміздің Әнұраны "Менің Қазақстаным" әнінің авторы, ұлт руханиятына талай сырлы саз бен әсем әуен сыйлаған композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толды. Шәмші шығармашылығы – ұлттың баға жетпес байлығы. Оның туындыларын кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы", - деп жазды Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаяны

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ол бірден өнер жолына түскен жоқ. Әуелі Қапланбектегі ветеринарлық техникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әні Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің репертуарынан берік орын алды. Халық арасында "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша мәшһүр болды. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар. 

Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 62-ге қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды.

1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы "Жылдарым менің, жырларым менің" атты ғұмырнамалық деректі фильм түсірілді. Осы жылы композитор Қазақстанның халық әртісі атағын алды.

3495
Кілт сөздер:
Шәмші Қалдаяқов, Қасым-Жомарт Тоқаев