Қоғам

Топ-10. Сырт келбеті ерекше қазақстандықтар

© AFP 2024 / Alain Jocard Бибісары Шәріпова, модель
Бибісары Шәріпова, модель - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бүгінде бұл қазақстандықтар өз елінде және әлемнің түкпір-түкпірінде ерекше танымалдылыққа ие болып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жүр

АСТАНА, 4 қараша — Sputnik. Жер бетіндегі адамдар үш түрлі нәсілге ғана бөлінгенімен, олардың ішінде бір қарағанда көздің жауын алатын ерекше келбетті жандар кездеседі. Олардың қай ұлтқа жататынын бір қарап анықтау қиын. Әсіресе, жеті атаға толғанша қыз алыспауға және қан тазалығына ерекше мән беретін қазақ қоғамында. Осы орайда, жас болса да, табысты болып үлгерген әрі сырт келбеті көп ешкімге ұқсай бермейтін қазақстандықтарды назарларыңызға ұсынады. 

Бибісары Шәріпова

Бибісары есімді бойжеткен бүгінде Қазақстан аумағында ғана емес, Жапония, Ұлыбритания, Франция және Италия сынды мемлекеттердегі подиумдарда әлемге танымал сәнгерлердің киімін киіп жүр. Ол сән әлемінде "Биби" есімімен танымал. Өзінің мансап жолын Алматыдағы модельдік агенттіктерден бастаған. Instagram желісінің қолданушылары оның жағы, көзі және ернінің пішіні өте ерекше екеніне таңырқай қарайды. Модельдің жұмыс кестесі өте тығыз болғандықтан, оның дәл қазір қай қалада тұрып жатқанын анықтау қиын.

Ғалия Бегеева

Бойжеткен мамандығы бойынша бет әрлеуші. Бүгінде көптеген шоу бизнестегі қазақстандық топ оның көмегіне жүгінеді. Ол ешкімге ұқсамайтын және қызықты образдар жасап шыға алады. Сондай-ақ, бұл образдарды алдымен өзі байқап көреді. Қысқашашты Ғалия жан дүниесімен емес, сырт келбетімен де өзінің ешкімге және ешнәрсеге тәуелсіз екенін байқатады. Ал басындағы орамалы мен бас киімі образын толықтырып, өзіне еліктіре түседі. Арасында Ғалия ұзын шашпен түскен суретін жариялап, оқырмандарын таң-тамаша етіп отырады.

Әділ Хэйнс

Әділ бүгінде бет әрлеп, әлеуметтік желіде сұлулық құпияларына арналған жазбаларын бөлісіп отырады. Өкінішке орай, қазақстандық жігітке жағымдыға қарағанда, жағымсыз пікірлер жиі жазылады. Себебі, ол желіде боянған суреттерін жиі бөліседі. Десе ол бұл себепке бола сүйікті ісінен бас тартпақ емес. Сондай-ақ, ол мұның бар болғаны хобби екенін айтып, жынысына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырады.

Амината Айша Уэдраого

Бойжеткеннің анасы — Түркістан маңындағы ауылда туып-өскен, ал әкесі — Африка азаматы. Бір кездері әкесі Алматы қаласына оқуға келіп, осы жерде қазақ қызына ғашық болады. Кейін оған үйленіп, өзінің отанына алып кетеді. Бірақ олардың Қазақстанға қайта оралып, оңтүстік астанада тұрып жатқандарына 10 жылдың жүзі болды.

Амината саяхаттағанды жақсы көреді. Сондай-ақ бойжеткен сырт келбетіне өзгеріс енгізуден қорықпайтынымен ерекше. Көпшілік оның анасына ұқсайтынын айтады. Ал танымалдылыққа әртүрлі шоу бағдарламаларға түсу арқылы ие болған.

Айя Шалқар

Көп уақытын Еуропада өткізсе де, әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтар арасында ерекше танымалдылыққа ие болған модель. Араға біраз уақыт салып ол отанына жақындарын көру үшін келіп тұрады. Желідегі жазбаларын өзін-өзі дамыту, психология және білім тақырыптарына арнайды. Сондай-ақ, посттарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазады. "Айя, пиши" хэштегімен өмірінде болған қызықты оқиғаларын бөліседі. Бүгінде ару модельдік бизнестен бөлек, тағы да бір шығармашылық жобаны қолға алған.

ACE

Қазақстанға алғаш рет K-pop бағытын алып келген Ninety one тобының солисі Азамат Ашмақын да — көптеген арудың жүрегін жаулаған сүрбойдақтардың бірі. Бойжеткендердің айтуынша, ол қазақтан гөрі, кәріске ұқсайды. Бүгінде ACE топта ән айтып, би билеп қана қоймай, көптеген өнім мен киім жарнамасына түсіп жүр. Сондай-ақ, ол аталған топтың келбеті. Бірнеше тілде меңгеріп, Кореяда білім алып келген Азамат жасы кішілердің ғана емес, орта және үлкен буынның да көзайымына айналып үлгерген. Себебі, жасөспірімдер ғана емес, әйел қауымы фан кездесулерге сол үшін келіп, тіпті, оған арнап өлең жазған.

Назерке

Сырт келбеті ерекше тағы бір қазақстандық — инстаграм желісінде yellownya атымен танымал Назерке есімді бойжеткен. Жас болса да, ару бүгінде Қазақстанның басты подиумдарынан көрініп жүр. Ол — Қазақстандағы сырт келбетіне жиі өзгеріс енгізетін және мұны жасаудан қорықпайтын сәнбикелердің бірі. Себебі, оның шашы осы күнге дейін сары, көк, алқызыл, сарғылт, қоңыр және осы түстердің бірнеше реңкіне боялған. Мұнымен қатар, ол денесіне әртүрлі татуировка салдырғанды ерекше жақсы көреді. Желі қолданушылары бойжеткеннің әлеуметтік желіде танымал болуына Ninety one солисімен қарым-қатынасы әсер еткенін айтады. Десе де олардың ешқайсысы араларында махаббат сезімі болғанын растамады. Бұған тек әлеуметтік желідегі суреттер куә.

Юджин Баудер

Юджин Баудерді сән әлемінде "Қазақстандық Евгений" деп атайды. Әлемде көп адам оның қазақ жерінде, дәлірек айтсақ Алматы қаласында дүниеге келгенін біле бермейді. Ол анасымен бірге Германия жеріне көшіп барып, сол жерде көпшіліктің көзайымына айналған. Юджин Armani, Calvin Klein, D&G, Ermanno, Hugo Boss сынды компаниялардың жарнамаларында бой көрсеткен. Қазір ол 30 жаста және оның модельдік карьерасы екінші орынға шегеріліп, бүгінде түрлі фильмге түсіп жүр.

Камилла Нұғманова

Камилла — өзінің бірегей туындыларын Instagram желісі арқылы жұртқа таныстырып отыратын суретші. Десе де көпшілікті оның бұл туындыларына қарағанда, сырт келбеті қызықтырады. Мұны желдіге суреттерінің астына жазылған сансыз пікірлерден-ақ байқауға болады. Тіпті, көпшілік оны мультфильм кейіпкеріне ұқсатып жатады.

Мұнымен қатар, ару өзін канематография саласында сынап жүр. Ол қысқа метражды "Бойжеткен" фильмінде ойнаған болатын. Аталған фильмде ол Венера планетасынан келген әйелдің рөлін сомдады. Бұдан өзге Камилла Kaliya есімді әншінің бейнебаянына Шыңғыс Капин, Айсұлу Әзімбаева есімді актерлермен бірге түсіп, танымалдылыққа ие болған-ды.

Әли Батов

Бір қарағанда Әлидің жынысын тек қысқа шашына қарап ажыратуға болатын сияқты. Себебі, ол әлеуметтік желіде косметикаға деген ерекше қызығушылығымен танымал. Бүгінде Әлидің парақшасына 20 мыңнан астам тіркелген. Сырт келбеті ерекше блогер жұрттың сынына жиі ұшырайды. Әсіресе, жігіт қауымы оның бұл қызығушылығын құптай бермейді.

Жаңалықтар
0