көктайғақ

Көктайғақта қалай дұрыс құлау керек? Астаналық дәрігерден кеңес

408
(Жаңартылды 22:26 10.11.2018)
Дәрігер Досбол Ғалымұлы сынықшыға барамын деп жағдайын асқындырып алып жүрген қазақстандықтардың көбейіп кеткенін айтты

АСТАНА, 8 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Кез келген жаяу жүргінші көктайғақ кезінде құламауға тырысқаны жөн. Себебі, бұл ауруханада жатып, көп күн бойы салдарын емдегеннен әлдеқайда жақсы. Әдетте көктайғақта құламауға қолшатыр, аяқ киім, дұрыс жүру және дос-жаран көмектеседі. Олай болса, таңертең айналаның мұз болып жатқанын көрсеңіз, табаны кедір-бұдыр аяқ киім киюге тырысыңыз. Ал ұзын қолшатыр сырғып бара жатқан кезде тепе-теңдік ұстауға көмектесетінін ұмытпаңыз. Қыста Қазақстанда ауа райының қандай болатынын ескерген Астана қаласындағы травматология және ортопедия зерттеу-институты орталығының дәрігері Досбол Ғалымұлы оқырмандарына көктайғақта құлағанда өзімізге немесе өзге жандарға қалай дұрыс көмектесу керектігіне қатысты кеңестер айтты.

Қыста қалай дұрыс құлау керек?

Маманның айтуынша, қыста көптеген қайғылы жағдайдың алдын алу үшін дұрыс құлау ережелерін үйрену жеткілікті.

"Әдетте адам аяғы мұзға тайған кезде үш түрлі құлайды: артқа, алдыға және жанына қарай. Артқа және алдыға қарай құлаған кезде қолды жерге тіреуге мүлдем болмайды. Себебі, мұндайда қол сынып кетуі мүмкін. Ал басқа сүйектерге қарағанда қол сүйегінің қайта қалыпқа келуі ұзаққа созылады. Сондай-ақ, адам артқа және екі шетіне қарай құлаған кезде мүмкіндігінше басын кеудесіне қарай июі керек. Осылайша ол бас-ми жарақатының алдын алады", — деді Досбол Ғалымұлы.

Тағы оқыңыз:

Әрі қарай дәрігер тайып құлаған кезде барынша отырып қалуға тырысу керектігін айтты. Мұнымен қатар, алға қарай құлаған кезде қолдың ішкі бөлігін, яғни білектен жоғары және шынтақтан төмен ішкі бөлікті ғана тіреуіш ретінде пайдалануға болатынын жеткізді.

"Құлаған адамды қозғалтуға асықпаңыз"

Қыс мезгілі қарсаңында науқастардың көпшілігі ауруханаға бас, омыртқа және қол-аяқ сынығы жарақатымен түседі. Оларға алғашқы көмек дұрыс көрсетілмей, жағдайы бұрынғысынан бетер асқынып кететін кездер де жиі кездеседі. Осы орайда, дәрігер тайып құлаған адамды орнынан қозғалтуға асықпау керектігін айтып өтті. Әсіресе, белгілі бір сүйегі сынған болса, мұның кері әсері тиюі мүмкін.

"Көмек сұраған адамның аяғы сынған болса, біріншісін екіншісіне жақындатып байлау керек. Байламас бұрын аяқ астына қатты тақтайша қойылады. Егер, расымен де, адамның белгілі бір сүйегі сынған болса, денедегі өзгеріс сырт көзге бірден байқалады", — деді дәрігер.

Сіңірдің созылғаны мен үзілгенін қалай ажыратамыз?

Көптеген адам сіңірдің созылуы мен үзілуін ажырата алмай жатады. Осы орайда Досбол Ғалымұлы мұны бірнеше белгісіне қарап анықтауды ұсынды. Мысалы, тайып құлаған соң аяғыңыз ісіп, бірақ бірнеше күннен кейін қалыпқа келіп жатсаңыз, бұл сіңіріңіздің созылғанын білдіреді. Ал керісінше ісігі күн сайын ұлғайып, ішіне сұйықтық, яғни қан жиналса, бұл сіңірдің үзілгенінің белгісі. 

Тағы оқыңыз:

"Сіңір толықтай немесе жартылай үзіледі. Біріншісінде қатты ауырып, адам күрделі отаның көмегімен қалпына келеді. Мұнымен қатар, адам құлаған сәтте біртүрлі дауыс естиді. Ал жартылай үзілген жағдайда басқа шаралардың көмегімен емделуге болады. Бірақ бұл екеуінің қайсысы болса да, ең алдымен, адамға тыныштық керек. Әйтпесе денсаулығын көпке дейін қалпына келтіре алмауы мүмкін", — деді ол.

Маманның айтуынша, бас-ми жарақаты да қыста көптеп кездеседі. Осы жарақаттың үш түрі болады: бас-миының шайқалуы, соғылуы және жаншылуы. Жедел жәрдем келгенше шалқасынан жатқызып, адамды мүлдем қозғалтпауға тырысу керек. Етбетінен құлаған адамды да бірден тұрғызып жіберуге болмайды. Ал адам есін жоғалтып, талып қалған жағдайда жүрегіне массаж жасап, жасанды жолмен тыныс алдыруға тура келеді.

Ғалымов Досбол Ғалымұлы, травматолог дәрігер
Ғалым Досболұлының жеке архивінен
Ғалымов Досбол Ғалымұлы, травматолог дәрігер

Аңыз әлде шындық: медициналық жабыстырғыш аяқ киімді сырғанатпай ма?

Интернет желісінде қыста аяқ киімнің табанына медициналық жабыстырғышты жабыстырып қоюға кеңес берілген ақпарат көп. Алайда Досбол Ғалымұлы керісінше оларды қолданбаған дұрыс деген пікірде.

"Меніңше, олардың зияны болмаса, көмегі аз. Себебі, бұл жабыстырғыш суықта қатып қалып, керісінше аяқ киім сырғанақ болып кетуі мүмкін. Оның орнына табаны жұмсақ әрі кедір-бұдыры көп аяқ киім таңдаған дұрыс", — деді ол.

Сынықшы vs дәрігер

Сондай-ақ, маман соңғы уақытта медицинадан гөрі сынықшының көмегіне жүгініп, кейін жағдайы асқынып кетіп жататын науқастар көбейіп кеткенін айтып өтті.

"Қазір ХХІ ғасырда медицина дамыған заман. Бүкіл жерде көмек тегін көрсетіледі. Соған қарамастан адамдар шатасып сынықшыға барады. Мұндайда, біріншіден, емдейтін уақыт өтіп кетеді. Екіншіден, сүйек қисық бітуі мүмкін. Сынық болса да, жарақат болса да, міндетті түрде рентгенге түскен дұрыс", — деді травматолог.

Бұдан өзге ол уақытылы пункция жасамаудың салдарына тоқталды. Тері астындағы қанды уақытылы алдырмаса, кейін сол жерде қан ұйып қалады. Ал оның арты емделуі қиын ауруларға әкеліп соқтырады.

"Қазақта "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген жақсы сөз бар. Қыс қарсаңында ғана емес, жыл он екі ай дендеріңіздің сау болуына тілектеспін. Осы орайда, құрамында кальциі бар сүт өнімдерін, балық және етті көбірек тұтынуды ұмытпаңыздар", — деп қорытты Досбол Ғалымұлы.

408
Кілт сөздер:
алғашқы көмек, жарақат, мұз, көктайғақ, дәрігер
Тақырып бойынша
110 келіге арықтады: белгілі дәрігер салмақтан арылудың бірегей тәсілі туралы айтты
Жүкті әйелді қабылдаудан бас тартқан дәрігер ауруханаға түсті
Дәрігер ота жасағаннан кейін науқасты зорлап тастады
"Үстел қозғала бастайтын". Семейлік дәрігер жантүршігерлік оқиғаны баяндады
Мысырлық дәрігер науқастың ішінен 39 шеге алып шықты
"Өлім жазасына кесеміз бе?". Біртанов дәрігерлер жұмысына қатысты пікір білдірді
Загрузка...