Малика Мұхитова сот залында

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: полковниктің қызы қанша жылға сотталуы мүмкін?

4035
(Жаңартылды 15:34 13.11.2018)
27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанадағы қиылыстардың бірінде жол апатынан көз жұмған еді

АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апатына қатысты іс бойынша айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Астана қалалық екінші сотында Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір Сүлейменов көз жұмған жол апатына қатысты сот процесі жалғасты. Жарыссөз барысында прокурор Әлішер Бараев іске қатысты қолда бар материалдар айыпталушы Мұхитованың кінәсін толық дәлелдейтінін мәлімдеді. Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылып отыр.

"Жаза мерзімін белгілеу кезінде Қылмыстық кодекстің 53 пен 54-баптарында қарастырылған қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды қарастыру керек деп санаймын. Қылмысты алғаш рет жасап тұрғаны және өз кінәсін мойындауы жазаны жеңілдететін жайт болды. Айыптаушы тарап жазаны ауырлататын жайтты байқаған жоқ", —деп мәлімеді прокурор. 

Әлішер Бараев соттан Малика Мұхитованы қылмыстық заң бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

"Мұхитова абайсызда жасалған қылмыс үшін сотталған тұлға ретінде жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтегені жөн", — деп толықтырды ол. 

Сондай-ақ прокурор кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қамауға алуға алмастыруды сұрады. 

Жарыссөз барысында зардап шеккен тараптан қаза болған мотоциклшінің ата-анасы сөйледі. Лейла Сүлейменова мен Сергей Хан мемлекеттік айыптаушының сұрауымен келісіп, сотталушының қамауға алынуын талап етті. 

Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді.  Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бері жүргізеді, алты жыл ішінде бірде бір рет жол-көлік оқиғасына ұшырамаған. 

Айыпталушы "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясында жұмыс істейді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.

24 қазанда өткен сот отырысында зардап шеккен тарап сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап еткен еді. Алайда бүгін марқұмның отбасы ол талап-арызды қайтарып алды. 


4035
Кілт сөздер:
полковник, жол апаты, Малика Мұхитова, Ескендір Сүлейменов, Олжас Сүлейменовтің немересі, Астана
Тақырып:
Ескендір Сүлейменовтің қазасы (19)
Тақырып бойынша
Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: Судья марқұмның анасының сөзін жоққа шығарды
Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: марқұмның анасы мәлімдеме жасады
Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: отбасы полковниктің қызынан 14 млн теңге сұрады
Олжас Сүлейменовтің немересін қаққан полковниктің қызы сот алдына келді
Алматыда Олжас Сүлейменовтің немересін ақтық сапарға шығарып салды
Олжас Сүлейменовтің немересі жол апатынан көз жұмды – оқиға орнынан видео
Загрузка...