Моңғолия

Моңғолиядағы қазақтар да алаңдап отыр қандас ақын

5305
(Жаңартылды 17:34 21.11.2018)
Моңғолиядағы қандасымыз атажұрттан жырақта жүрген қазақтардың өмірі туралы айтты

АСТАНА, 15 қараша – Sputnik, Нұргүл Абай. Соян Мысаұлы – Моңғолияда тұратын ақын, Астанада өткен алыс-жақын шет елдерден келген қандастарымыздың басын қосқан "Қасиетті қазақ елі" халықаралық өнер фестивалінің жүлдегері. Арнайы шақырумен қазақ елінің бас қаласына табаны тиіп, Асқар Татанаев атындағы сыйлықты қанжығасына байлады. Sputnik Қазақстан тілшісі Моңғолияға атажұртынан олжалы қайтқан ақынды әңгімеге тартып, жырақтағы қандастарымыздың хал-ахуалынан аз-мaз хабардар болды.

"Алғаш келгенде Астана ұнаған жоқ"

Соян Мысаұлы алғаш рет Қазақстан астанасына 2007 жылы келген. Бірақ құрылысы қарқынды жүріп жатқан сол кездегі елорда қандасымызға ұнай қоймапты. Айтуынша, қаланың тыныс-тіршілігінен қазақилық байқалмаған. 

"Ар жақтан қазақ елін аңсап, шекарадан өте бергенде, бізді қазақтың қаракөз қыздары мен қоңыр ұлдары қарсы алып, қызмет көрсетеді деп ойлаған едік. Алайда халқының өзі орыс тілді, сол баяғы орыстанудан құтыла алмағанын байқадым. Кез келген мекеменің тақтайшасындағы мекенжай да орыс тілінде болатын", —деп сөзін бастады ақын. 

Он бір жылда елорданың келбеті де, халқы да адам танымастай өзгерген. 

"Өте үлкен өркениетке жеткен, әлі де өркендеп бара жатқаны көрініп тұр. Ана тілінде сөйлейтін адамдар көбейіп, дүкен, мекеме атаулары қазақшаланған. Тіпті тұрғындарының өзі қазақи, бір-бірін сыйлап, түсіністік танытады. Қаракөз ұл-қыздарымыздан жол сұрасаң "аға, адасып жүрсіз бе, мына көшемен былай барасыз" деп жөн сілтейді. Қандай ғанибет!", — дейді қандасымыз. 

Моңғолия қазақтарының тұрмыс-тіршілігі

Соян Мысаұлының айтуынша, тоқсаныншы жылдардан бері қарай 30 мыңдай қазақ атажұртына қоныс аударып, қазір Моңғолияда 120 мың қандасымыз қалған. Қазақтардың басым көпшілігі Моңғолияның 21 аймағының бірі – Баян-Өлгийде тұрады. 

"Моңғолия қазақтары әлі де көшпенді. Қылышын сүйретіп қыс келсе, қыстауға кіреді. Бұл үшін екі-үш қабаттан тұратын үйлер салынған ауылдар бар. Жаймашуақ жаз келгенде, мал төлдететін жеріне шатырлап үй салып алады. Негізі, бұрын бізде киіз үймен жайлап, күзеп, қыстап жүрген болса, оның барлығы отырықтанып бара жатқан сыңай бар. Десе де кәдімгідей отырықтанып отырмайды, жайлауда үш-төрт ай бойы киіз үй тігіп, бие байлайды. Оң жағында бүркіті отырады, оның томағасын кигізіп, тұғырын қояды. Таяқ тастам жерде тас ошақта құрт қайнап жатады. Былайша айтқанда, кәдімгі ерте-кездегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі сол қалпында бұзылмай сақталған", — деп сөзін жалғады ол. 

Күн салқындап, шөп сарғайып, күздің қара суығы сезіле бастағанда, жайлауда жатқан жұрт артынып-тартынып күзеуге көшеді. "Қыстың қамын жаз ойла" демекші, күзеуде қауырт жұмыс басталады. Қыстың қорасы жөнделеді, шабындықтар алынады.  

"Қыстау үйлер ағаштан емес, кірпіштен салынады. Ағаш табиғат көркі емес пе, сондықтан оны қорғау үшін қажетімізге жаратпаймыз. Ауылымызда қызыл кірпіш шығаратын зауыт бар. Үйлеріміз де сол кірпіштерден қаланған", — деді қандас ақын. 

Айтуынша, Моңғолияда қазақ балалары бесінші сыныпқа дейін сабақты ана тілінде оқиды. Қосымша моңғол, ағылшын, орыс тілі қосылып кіріп, орта сыныпқа ауысқанда, барлық сабақ моңғол тілінде өтеді. Бірақ, бұл Моңғолиядағы қазақ жастарының ана тілінде сөйлеуіне еш кедергі емес дейді. Бүлдіршіндер де қазақ балабақшаларына барып, тәлім-тәрбие алады екен. 

"…Ұлы қазақ даласын аңсап жүреміз"

Бүгінде төрт баланың әкесі Соян Мысаұлы болашақта отбасын алып, қазақ еліне көшіп келуді армандайды. 

"Биыл тұңғышым он екінші сыныпты бітіріп, Түркістан қаласына оқуға түсті. Одан кейінгі балаларым да қазақ елінде біліп алып, осы елде тамыр жаяды деген ойдамын. Ата қонысымызға көшіп келу жоспарымда бар", — дейді ол. 

Атажұртынан жырақта жүрген қандасымыз Ұлы қазақ даласын үнемі аңсап тұратынын жасырмады. 

"Өзге елде қанша жерден бай бол, батыр бол, кезінде ата-бабамыздың қаны төгілген Ұлы қазақ даласын аңсап жүреміз. Біздің бір қара шаңырағымыз, арқа сүйер тіреуіміз, ұлы еліміз бар деп ойлап жүреміз, еске аламыз"- деп ағынан жарылды ақын.  

Ол бүгінде білім қуып, Моңғолиядан Қазақстанға аттанған қазақ жастары аз емес екенін атап өтті. Айтуынша, дені оқуын тәмамдағаннан кейін, атақонысында тұрақтап қалады екен. 

"Қазақстанға келгеніміз дұрыс деп ойлаймын. Үлкен елдің дамуына тамшыдай болса үлес қосқымыз келеді", — деді Соян Мысаұлы. 

Моңғолия қазақтары неге алаңдайды?

Соян Мысаұлының айтуынша, қазір Моңғолия қазақтарының жағдайы, тұрмыс-тіршілігі жақсы. Алаңдауға еш себеп жоқ. Экономикалық, рухани жағынан ерекше қыспақ жоқ. Қытаймен шекаралас болғандықтан, алыс-беріс, сауда-саттық үшін бұл елге жиі қатынайды. 

"Қазір Қытайға барып келген кейбір адамдар "енді ол елге баруға болмайды екен" деп жатыр. Тексеріс күшейіп кеткен, айтуларынша, телефонның іші-сыртына дейін ақтарып барып өткізеді. Бірақ та, Моңғолия қазақтарына қысым көрсетіп жатқан жоқ. Біз сауда жайымен немесе сол жақтағы ағайындарға қонаққа емін-еркін барып келеміз", — деп сөзін жалғастырды қандас ақын. 

Десе де, Моңғолиядағы қандастарымыз алаңдап отырған сияқты. 

"Қытайдағы қазақтың басынан кешіп жатқан дүниелерін көріп, біздегі адамдар "ертең сол саясатты моңғол мемлекеті де бізге жасауы мүмкін ғой" деп қобалжығаны рас. Сондықтан да олар қазақ еліне қоныс аударғысы келеді. Әйтпесе, моңғол жерінде жан баға алмай, күн көре алмай отыр деген сөз емес. Келешегі үшін, артынан ерген бала-шағасы үшін алаңдайды. Ертең баласы ержеткенде "шіркін-ай, неге мені қазақ еліне жеткізіп кетпедің" деп өкпе-реніш айтуы мүмкін деп ойлайды. Сол себепті қазір көбі Қазақстанға балаларын жіберіп, артынан өздері келіп, орнығып жатқан жағдай бар", — деді ол.

5305
Кілт сөздер:
атажұрт, ақын, моңғолия қазақтары, Қытайдағы қазақтар, қандастар, оралмандар, қазақ тілі, Моңғолия, Астана
Тақырып:
Шетел қазақтары (30)
Тақырып бойынша
Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз
Қытай төрағасы: Назарбаев – менің жақын досым
Ауғанстанның 49 азаматы елімізде оралман қазақтың мәртебесін алмақ болған
Қытай 15 сотталған қазақстандықты еліне қайтарды
Биыл Қазақстан мен Моңғолия арасында тікелей әуе рейсі ашылады
"Біз ешқашан экспансияға ұмтылмаймыз" Қытай қандай уәде берді?
Оралман мәртебесінің мерзімі ұзартылмақ
Моңғолия президенті аштық жариялауға дайын
Өзбекстаннан келген оралман отбасында жантүршігерлік қылмыс жасалды
Загрузка...