Қоғам

"Сөзі мірдің оғындай". Қазақстанда желіде белсенді 10 ер азамат

© Photo : Pixabay / TeroVesalainenЕр адам
Ер адам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Олардың бірі әлеуметтік желі қолданушыларының белгілі бір салада білімін арттыруға тырысса, екіншілері түрлі суретімен ашуландырғанды ұнатады

АСТАНА, 3 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанда әлеуметтік желінің өзіндік орны бар. Мысалы, Facebook, Instagram секілді желілер табысты ер адамдардың көптігімен ерекшеленеді. Олар әдемі де сауатты жазып қоймай, көпшілікті өздерінің ырқына көндіріп, сөзін өткізе біледі. Ал қоғам өз кезегінде бұл жандардың сөзіне құлақ асып, оларға еліктеуге тырысады. Назарларыңызға Қазақстанда әлеуметтік желіні ұтымды пайдалана білген саясаткерлер мен кәсіпкерлерді ұсынамыз.

Нұртас Адамбай 

Қазақстандықтарды "Сәбина келін", "Тараз" сынды фильмдерімен қуантқан режиссер Нұртас Адамбайдың 453 мың оқырманы бар. Ол өзекті мәселелерге қатысты өзінің көзқарасын жария етіп, постына жазылған пікірлердің көп бөлігіне жауап қайырып отырады. Көп жағдайда мұны жеңіл әзілмен жеткізгенді ұнатады.

Әлішер Елікбаев
Қазақстандағы танымал Angel-In-Us кофехана желісінің директоры Әлішер Елікбаевтың әлеуметтік желіде 101 мың оқырманы бар. Оның арқасында қазақстандықтар Samsonite чемодандары мен LG смартфондарын сатып алып, Angel-In-Us кофеханасына бара бастады. Бастапқыда саяхатының суретін ғана жариялайтын блогер соңғы уақытта бизнеске қатысты жазбаларын бөлісіп жүр. Оны Қазақстандағы атышулы блогерлердің бірі деуге болады.

Мұхамеджан Тазабеков

"Асыл Арна" директоры Мұхамеджан Тазабековтің желіде 31 169 оқырманы бар. Діни арна директорының қазақтілді аудитория арасында беделі биік. Ол посттары арқылы Қазақстан халқын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дінге құрметпен қарауға шақырып отырады.

Мұхтар Тайжан

Өзекті мәселелерді көтеретін посттарымен қуантатындардың қатарында Мұхтар Тайжан да бар. Оның Facebook желісіндегі оқырманы 40 мыңнан асады. Ол — қазақтілді аудиториясы бар танымал блогерлердің бірі. Оның қоғамдық орындарда қазақ эстрадасының музыкасы ойнауы тиіс екендігі туралы посты қоғам арасында резонанс тудырған еді. Бірі оны қолдаса, екіншілері мұны адамды таңдау құқығынан айыру екенін айтып жатты. Десе де мұның барлығы оның пікірі қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді.

Ержан Рашев

136 мың оқырманы бар Ержан Рашевті де атышулы блогерлер қатарына жатқызуға болады. "Рашев Show" атты телевизиялық шоудан кейін оның оқырмандарының саны бұрынғысынан да көбейе түсті. Блогер қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге қатысты пікірін қалдырмай жария етіп отырады. Сондай-ақ желі қолданушыларын түрлі суретімен ашуландырғанды жақсы көреді.

Айдан Кәрібжанов

30 мыңнан астам оқырманы бар Айдан Кәрібжанов барынша әлеуметтік желі қолданушыларын қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан хабардар етіп отырады. Ол өз көзқарасын мысқылмен жеткізсе де, оның пікірін қолдайтындар жетерлік. Биыл әйелімен ажырасқаннан кейін экс сүйіктісі оның ер адамды жақсы көретінін айтып, желіні шулатқан еді. Десе де, бұл пост оның беделіне еш нұқсан келтіре алмаған сияқты. Себебі, әлеуметтік желіде оқырмандардың саны артпаса, азаймады.

Қайрат Құдайберген

Оқырмандардың бірі Қайрат Құдайбергенді желіде көп сурет бөлісетіндігі үшін сынаса, екіншілері оны мінсіз ер азамат — жақсы жар, мейірімді әке, табысты бизнесмен деп біледі. Арасында оған еліктегілері келетінін ашық жазатындар да жетерлік. Оның посттары игі істер жасауға шақыратын оқиғаларымен құнды.

Серік Аббас-Шах

Белгілі тележурналист, продюсер Серік Аббас-Шах бірнеше телеарнаның жетекшісі болды. Кәсіби маман ретінде Серік Аббас-Шах әрдайым барлық жаңалықтан хабардар. Facebook желісіндегі парақшасында ол қоғамды толғандырған мәселелерге қатысты пікірлерін бөлісіп отырады.

Айдос Сарым

Саясаткер Айдос Сарым желідегі парақшасында Қазақстанның ішкі саясатына, мемлекеттік тілдің мәртебесіне және өзге де ұлттық құндылықтарға қатысты пікірін бүкпесіз айтып отырады. Ол өзге әріптестерінен посттарын екі тілде жазатындығымен ерекшеленеді.

Арман Тосқанбаев

Небәрі 27 жасында оннан астам кәсіптің тізгінін ұстаған Арман Тосқанбаев та әлеуметтік желідегі белсенді азаматтардың бірі. Ол парақшасында жобасына қатысты жаңалықтарды ғана бөлісіп қоймай, ата-анамен қарым-қатынас, болашақ жар таңдауда қателеспеу сынды тақырыптарда да өз ойын бөліседі. Сондай-ақ, қазақстандық жастарды мотивациялық посттарымен жігерлендіргенді ұнатады.

Жаңалықтар
0