Открытие цифрового ЦОНа в Астане

"Қазақстан тарихында қаласыз, егер..." Өксікбаев министрге ақыл айтты

205
(Жаңартылды 15:08 11.12.2018)
Мәжілісмен экономика салаларын цифрландыру кезінде қауіпсіздікке баса назар аударуға шақырды

АСТАНА, 10 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын іске асыру кезінде қауіпсіздікке қаншалықты көңіл бөлініп жатқанын сұрады, деп хабарлайды тілшісі.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралған мәжілістегі үкімет сағатында депутат қауіпсіздік мәселесін көтерді.

"Кеше ғана ҰҚК-нің бір департамент басшысы "біз "ЭКСПО"-ны құрта жаздадық" деп әлемге жар салды. Қауіпсіздік шаралары қолға алынбай, әйтеуір біздің көмегімізбен өйтіп-бүйтіп "ЭКСПО"-ны өткізіппіз. Ал енді қауіпсіздік мәселесі қолға алынбаса, ертеңгі күні коллапс болмай ма?", — деп алаңдады Өксікбаев. 

Ол кез келген вирус цифрландырылған саланың күлін көкке ұшыратынын айтты. Ал оған төтеп беру мүмкін болмайды. 

"Қазір ақшаны қолға ұстамайтын болдық. Ел өзінің тапқан ақшасына жете алмайтын күн болып қалады. Осыған жол бермес үшін қауіпсіздік мәселесін қандай деңгейде көтеріп отырсыздар? Қауіпсіздікті 100 пайыз қамтамасыз еттік деп айта аласыз ба?", — деп сұрады халық қалаулысы. 

Осы орайда Омархан Өксікбаев жас министрге ағалық ақылын айтты.  

"Сіз әлі жассыз, болашағыңыз алда. Егер осы цифрландыруды дұрыс жолға қойып, ертеңгісін үлкен деңгейге шығарсаңыз, атыңыз Қазақстан тарихында мәңгілік қалады. Осы есіңізде болсын. Ал егер бірдеңесі кемшін болса, онда да сіздің атыңыз басқа жағынан аталады. Осыны ескерсеңіз", — деді ол. 

Ал ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қауіпсіздік шараларына баса назар аударылып жатқанын атап өтті. 

"Қауіпсіздік мәселесі өте маңызды екенін Елбасымыз да айтып жүр. Өзіңіз білесіз, арнайы ведомство да ашылды. Оның бірінші функциясы – цифрлық мәселелер бойынша қауіпсіздікті күшейту, тексеру. Екіншіден, бізде Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар. Бұл комитеттің де міндетіне қауіпсіздікті нығайту кіреді. Бүкіл ақпараттық жүйенің бәрі екі-үш кезеңнен тұратын тексерістерден өтеді", — деп сендірді министр.


205
Кілт сөздер:
Цифрлы Қазақстан, ЭКСПО, Омархан Өксікбаев, Дәурен Абаев, Қазақстан
Загрузка...