Анар отбасымен бірге

"Біздің отбасыда тәртіп басқаша" Америкалыққа тұрмысқа шыққан қазақ қызының әңгімесі

6606
(Жаңартылды 20:32 13.12.2018)
28 жастағы Анардың пікірінше, өмірлік серігіңнің қай ұлттан емес, ең бастысы, қандай адам екені маңызды

АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Нұргүл Абай. Анар Сайекешова – Қызылорданың қазағы. Американың Нью-Джерси штатында тұрып жатқанына екі жыл болған. Бүгінде америкалық жұбайымен Ансел есімді ұлдарын тәрбиелеп отыр. Sputnik Қазақстан тілшісі мұхит асқан қазақ қызын әңгімеге тартып, Америкадағы өмірі, отбасы және тұрмыстағы қиындықтар туралы сұрады. 

"Жұбайымның қазақ болмағанына ренжіді"

Америкалық жігітке тұрмысқа шыққан 28 жастағы Анар болашақ жарымен интернет арқылы танысқан. Әлеуметтік желіде әңгімелері жарасып, бір-бірін жақынырақ тани бастаған соң, кездеспекші болады. 

Қолөнер шебері Артықбай Смағұлов
© Photo : Артықбай Смағұловтың жеке архивінен
"Алғашқы кездесуден-ақ болашақта бірге болғымыз келетінін түсіндік. Бірнеше ай өткеннен кейін Серджио маған үйленуге ұсыныс жасады. Мен еш ойланбастан, бірден келісімімді бердім", — дейді Анар. 

Отандасымыздың шетелдікпен отау құруына жақындары қарсы болмаса да, бас кезінде ренжіген екен. 

"Жұбайымның қазақ болмағанына, елден алысқа кетіп бара жатқаныма ренжігені рас. Бірақ мен ешқашан адамдарды ұлтқа бөлген емеспін. Мен үшін ең бастысы – оның адамгершілігі мол, жақсы адам болғаны. Ал күйеуім мені өзінің мінезімен, жақсы қасиеттерімен баурап алды", — деп ағынан жарылды Америкада тұратын қазақ қызы. 

Шетелдіктерге тұрмысқа шыққысы келетін қыз-келіншектерге ешқандай ақыл-кеңес бере алмаймын дейді. 

Анар отбасымен бірге
© Photo : Анар Сайекешованың жеке архивінен
Анар отбасымен бірге

"Бұл әркімнің өз таңдауы. Болашақ жарыңның қай ұлттан екені емес, қандай адам екені маңызды", — деп санайды ол. 

"Күйеуіме қалыпты нәрсе, маған, керісінше, жат көрінеді"

Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны анық. Анар мен Серджионың арасында да ұрыс-керіс болып тұрады екен. Бірақ, отбасында туындаған кез келген проблеманы асықпай отырып әңгімелесіп, бірге шешкенді жөн көреміз дейді. 

"Ұрыс-керістен гөрі келіспеушілік дер едім. Мүмкін, мұның бәрі менталитетіміз әртүрлі болғаннан немесе ер мен әйелдің екі түрлі ойлауынан шығар. Нақты себебін өзім де білмеймін. Оның үстіне тілдік кедергі де бар. Кей сәттерде сөздік қорым таусылып, ойымды толық жеткізе алмай қаламын. Ағылшынға аударға кезде, мағынасы мүлде өзгеріп кетеді. Бірақ, мұның бәі болмашы нәрсе ғой. Менің ойымша, отбасының береке-бірлігі ерлі-зайыпты үнемі әңгімелесіп, кез келген мәселені бірлесе отырып шешкенде сақталады", — дейді ол. 

Оның айтуынша, шетелдіктерге қарағанда қазақтардың ырым-тыйымы өте көп. Сондықтан менің жұбайыма қалыпты көрінетін нәрсе маған жат, дейді Анар. 

"Олар бізге қарағанда анағұрлым еркін, ұсақ-түйекке бола бас қатырмайды", — дейді отандасымыз. 

"Қазақстанға келгісі келіп жүр"

Анар Қазақстанға отбасымен әлі келмепті. Келесі жылы баруды жоспарлап отыр екен. 

"Күйеуім Қазақстанға келгісі келіп жүр. Қазақша сөздерді үйренуге тырысады, бірақ, қиынға соғып жатыр", — дейді қазақ қызы. 

Кішкентай Ансел
© Photo : Анар Сайекешованың жеке архивінен
Кішкентай Ансел

Жырақта жүрген отандасымыз елдегі ағайын-туысқандарын сағынып жүргенін жасырмады. 

"Жұбайым Қазақстанда белгілі бір уақыт тұруға қарсы емес. Біз бұл жайында онымен талай сөйлескенбіз. Алда не болатынын көре жатармыз", — деп қысқа қайырды Анар. 

Нью-Джерсиде Анардың мұхит асқан достары баршылық. Отандасымыз Қазақстаннан, Ресейден келген құрбы-құрдастарымен араласып тұратын көрінеді. 

"Америкада сырыңды ақтаратын дос табу қиын деп ойлаймын. Себебі мында "достық" деген сөзді әркім әрқалай түсінеді. Ал танысу оңай, барлығы ақ жарқын, үнемі жымиып жүреді", — дейді ол. 

"Біздің отбасыда тәртіп басқаша" 

Отандасымыздың айтуынша, америкалық ата-аналар барлық міндетті теңдей бөледі. Әке де, шеше де жұмыс істейді, екеуі де бала тәрбиесімен айналысады, үй шаруасын да бөліп алады. 

"Бірақ біздің отбасымызда тәртіп басқаша. Өйткені мен о баста баламен үйде отыратынымды айттым. Сол себепті үй шаруасы да менің мойнымда қалды", — дейді Анар. 

Десе де, америкалық күйеу бала ас үйде тамақ пісіріп, жарына көмектесіп  жүреді екен.

Анар күйеуі Серджиомен
© Photo : Анар Сайекешованың жеке архивінен
Анар күйеуі Серджиомен
 "Ер адамдардың бәрі бірдей (күлді). Америкалық жігіттер де жұмыстан келген соң, диванға қисая кеткенді жақсы көреді. Бірақ мен баламен үй шаруасына үлгермей бара жатсам, үнемі қол ұшын созады. Мәселен, кешкі асты көп жағдайда жұбайым пісіреді", — дейді отандасымыз.

"Америкада әркім өз тірлігімен әуре"

Екі жыл мұхиттың арғы жағында тұратын қазақ келіншегі Америкада не ұнайтынын айтты. 

"Адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы, көзқарасы басқа, ешкім ешкімді сөкпейді, әркім өз тірлігімен әуре. Мұнда еркіндік сезіледі, Қазақстандағы сияқты көршім немесе туысқаным не ойлап қалады екен деп уайымдамайсың. Тағы бір ерекшелігі – бұл қызмет көрсету сапасы. Америкада сервис өте жоғары деңгейде. Кедейлер мен байлар арасында теңдік сезіледі, олар барлығына құрметпен қарайды", — дейді Анар.  

Оның айтуынша, Құрама Штаттарда әр адам алдына қойған мақсатқа оңай жете алады. Ең бастысы, ерінбей, еңбектену. 

"Бір ұнамайтыны – медициналық сақтандыру. Сақтандырусыз өте қиын, оларды төлеу де оңай емес", — дейді ол. 

Анар америкалықтарды елгезек, ақжарқын, еркін жандар деп сипаттайды. 

"Қол ұшын созуға әрдайым дайын, мақтау сөздерді жиі айтады. Сені алғаш көріп тұрса да, қасыңнан өтіп бара жатып, бас киімің немесе пальтоң өте әдемі деп айтуы мүмкін", — дейді ол.

Анардың ұлы - Ансел
© Photo : Анар Сайекешованың жеке архивінен
Анардың ұлы - Ансел
 Осы уақытқа дейін Анар Қазақстан жайлы білетін бірде бір шетелдікті кездестірмепті. Алайда, қазақ еліне қызығушылық танытып, көбірек мағлұмат алғысы келетіндер бар екен. 

"Ең төменгі жалақымен қатардан қалмай өмір сүруге болады"

Айтуынша, Америкада өмір сүру деңгейі жоғары, халыққа барлық жағдай жасалған. 

"Тіпті, ең төменгі жалақымен қатардан қалмай өмір сүріп, ақша жинауға болады. Бірақ, бәрі адамның өзіне, оның ақшаны қалай үнемдеп, жұмсауына байланысты екенін ұмытпаған жөн", — дейді Анар. 

АҚШ-та баспананы жалға алу құны штатқа, халықтың тығыз орналасуына қарай құбылып тұрады. 

"Егер өзім тұратын Нью-Джерсиді алсақ, орташа есеппен бір бөлмелі пәтер үшін 1000 доллар төлейсің. Ал Нью-Йоркте бұл ақшаға тек бір бөлмені  жалға алуға болады, онда да ауданына қарай құбылады", — дейді отандасымыз. 

Ал америкалықтардың орташа жалақысы шамамен 2000 долларды құрайды екен.  

"Бұл ақшамен пәтердің ақысын төлеп, үш адамнан тұратын отбасыны қиналмай асырауға болады. Мұндай жалақымен шетелге демалысқа шығу қиын, әрине. Бірақ күнделікті күйбең тіршіліктен бір сергіп, көңіл көтеріп қайтуға жетеді", — дейді ол. 

Анардың ойынша, америкалықтардың дені медицина саласында қызмет етуге ұмтылады. Себебі жалақысы жоғары. 

"Өз айналамдағы америкалықтарға қарасам, олар, жалпы, жұмыс істегенді онша ұната бермейді немесе ең оңай жұмысты қалайды. Көбісі мансап қумайды, қызметінің өскенін армандамайды. Мектеп кезінен бастап әр түрлі жұмысқа араласып, соны қанағат тұтады. Жоғары жалақы, керемет жұмысқа қатты ұмтылмайды. Басқа орталарда олай емес шығар, мүмкін. Ол жағын анық білмедім", — дейді ол. 


6606
Кілт сөздер:
шетелдіктер, жалақы, жұмыс, отбасы, қазақ қызы, америкалық, шетелдегі қазақтар, АҚШ
Тақырып бойынша
Сауалнама. Қазақтар басқа ұлт өкілімен отбасын құруға қалай қарайды?
Қытайдағы үйін сатуға кеткен қандасымыздың басы бәлеге қалды
Түркиядағы қазақ: әке-шешем атажұрты туралы жылап отырып айтады
Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз
Қытайда өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбай немен айналысып жатыр?
Қытайда сотталған Ақжарқынның анасы қызына қатысты бар шындықты айтты
Елші Германиядағы қазақтар қалай тұрып жатқанын айтып берді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Асхат Аймағамбетов

Тоқаев білім министріне ұстаздарға қатысты екі маңызды тапсырма берді

2133
(Жаңартылды 17:58 05.08.2020)
Президент жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырудың маңызды екенін ескертіп, қашықтан оқыту кезінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге көңіл бөлуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің жаңа оқу жылына дайындығы және бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы жайында есеп берді, деп хабарлады Ақорда сайты.

Президент жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырудың маңызды екенін ескертті. Әсіресе, қашықтан оқыту кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету қажеттігіне баса назар аударды.

"Мемлекет басшысы білім және ғылым министріне педагогтердің мәртебесін көтеру жөніндегі жұмысты жалғастыруды, ұстаздарды негізгі қызметінен бөлек жұмысқа жұмылдырмауды және 2021 жылғы қаңтар айына жоспарланған мұғалімдердің жалақысын 25%-ға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейту, жоғары білімнің сапасын арттыру және ЖОО-дағы ғылымды дамыту туралы тапсырма берді.

Оқи отырыңыз: "Ашық айтуымыз керек": білім министрі үкіметте маңызды мәселені көтерді

2133
Кілт сөздер:
ұстаздар, білім
Тақырып бойынша
Білім министрі Аймағамбетов сүйінші жаңалығын бөлісті
Депутат білім министріне ата-аналарды мазалаған мәселені жеткізді
Білім күні қалай өтеді – министр жауап берді 
Аймағамбетов жаңа оқу жылында білім алудың ерекшеліктерін атады
Білім министрлігі карантинге байланысты қандай өзгеріс болғанын хабарлады
Күнтізбе - 10 тамыз

Қазақстанда жаңа мереке пайда болды

1117
Үкімет "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" қаулыға толықтыру енгізді

АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстанда жаңа мереке – Абай күні бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.  

Үкімет "Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" қаулыға толықтыру енгізді. Осылайша, 10 тамыз Абай күні болып бекітілді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар тамыз айында неше күн демалады   

"Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2017 жылдың 31 қазанындағы № 689 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: "22-1. Абай күні – 10 тамыз", - делінген ақпаратта.

Қаулы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

1117
Кілт сөздер:
Қазақстан, мереке
Бейрутегі жарылыс

Тоқаев қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін Ливан президентіне қоңырау шалды

0
Ливанда 200-ге жуық Қазақстан азаматы, оның ішінде, қазақ дипломаттары мен әскери қызметшілер тұрып жатыр   

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президенті Мишель Аунға телефон арқылы көңіл айтты. Бұл туралы мемлекет басшысы Twitter-де хабарлады.

"Бүгін Ливан президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім", - деп жазды Тоқаев.

Ол Ливандағы 200-ге жуық Қазақстан азаматының, оның ішінде, қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтінді.

Оқи отырыңыз: Сыртқы істер министрі Тоқаев қандай тапсырма бергенін айтты 

"Ливан президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді", - деп атап өтті президент.

Бейрут қаласындағы жарылыс

4 тамыз күні Ливан астанасындағы теңіз порт базасында бірнеше жарылыс болды. Жақын маңдағы және бірнеше шақырым қашықтықтағы үйлер, ғимараттар қирады.

Ливандық БАҚ жүздеген адам зардап шегіп, ондаған тұрғын қайтыс болғанын айтты.

Жарылыс пиротехника қоймасында болуы мүмкін деген болжам жасалды. Алайда Ливан қауіпсіздік қызметінің басшысы генерал Аббас Ибрагим мұны жоққа шығарып, жарылғыш заттар орнатылғанын мәлімдеп отыр.

Жарылыс толқыны салдарынан Ливандағы Қазақстан дипломатиялық миссиясының ғимаратына зақым келді. Ол кезде жұмыс аяқталған. Сондықтан дипломатиялық миссия қызметкерлері кеңседе болмапты. Бірақ жұмыста қалған Қазақстанның Ливандағы консулы Бағлан Сыпабек жарылыс болған кезде жарақат алды.

0
Кілт сөздер:
қауіпсіздік, жарылыс, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Ақсайда тазартқыш ғимаратта жарылыс болып, бөлімше бастығы көз жұмды
Бейруттегі жойқын жарылыс: Қазақстан консулы жараланды