Латиф Парпиев, 28 петель қоғамдық қорының вице-президенті

Шала туған сәбилерге жүннен киім тоқитын дәрігер бұл іспен неге айналысатынын айтты

340
(Жаңартылды 19:44 14.12.2018)
"28 петель" клубы әлемнің сегіз мемлекетінде 120 қалада жұмыс істеп тұр

АСТАНА, 13 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Латиф Парпиев бастапқыда жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін қоршаған ортаға бейімдеуге бағытталған Best for Kids қоғамдық қорында жұмыс істеген. Сол жерде жүріп әріптесі Жәмиля Айтықовадан алғаш рет "28 петель" туралы естіп, клуб мүшелері кездесулерінің біріне барады. Осылайша Латиф клубпен алғаш рет 2014 жылы 9 наурызда танысады.

"Өзім Оңтүстік Қазақстандағы Кентау қаласының тумасымын. Астанаға алғаш 2013 жылы резидентураға түсемін деп келіп, екі бөлмелі пәтерде 12 бала бірге тұрдық. Олар да оңтүстіктің тумалары еді. Бірақ ешқайсысымен сөзім жараспады, арамызда ортақ тақырыптар да болмады. Осыдан кейін жан-дүниеме жақын орта іздеп, еріктілер қатарына қосылуды ұйғардым. Сол уақыттан бері "28 петель" клубының мүшелері менің екінші отбасыма айналды десем де болады. Жалпы балаларды қатты жақсы көремін. Өзімнің 35 іні-қарындас, жиенім бар, солардың тәрбиесіне бір кісідей-ақ атсалыстым. Қолыма алып, құшақтасам болды ұйықтап қалатын немесе жылағандарын қоятын әдеттері бар еді", — дейді ол.

Латиф Парпиев сәбиді киіндіріп жатыр
Латиф Парпиевтің жеке архивінен
Латиф Парпиев сәбиді киіндіріп жатыр

Тоқыма тоқу — ер адамның ісі емес…

Кейіпкеріміз клубқа алғашқы күннен үйреніп кете алмағанын жасырмайды. Алғаш барған кезі әлі күнге дейін есінде. 20 әйел қолдарымен тоқып, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрып, шай ішіп отырған. Олар тоқыма тоқуды үйретпек болғанымен, кейіпкеріміз бас тартады. Араға біраз уақыт салып осы нәзік жандылар өзіне тоқыма жіп пен біз сыйлаған соң, іске білек сыбана кірісуді жөн көреді.

Алғашқы тоқыған бұйымы — бас киім. Жұмысының нәтижесі көңілінен шыққаны соншалық, алдағы екі апта ішінде тағы екі бас киім тоқиды. Бұдан кейін күрделі кеудеше, жүн нәски тоқуға кіріседі. Бүгінде 3-4 күнде бір киім тоқып шығады. Бұл үшін күнделікті екі-үш сағатын арнаса да жеткілікті.

"Қоғам үшін тоқыма тоқып отырған ер адам ерсі көрінетіні сөзсіз. Менің өзіме "Мұны не үшін жасап жүрсің? Тоқыма тоқу — ер адамның ісі емес қой" деген сауал жиі қойылатын. Бірақ ешуақытта бұл сауалға жауап беріп көрмеппін. Бар болғаны пікір таластырудың орнына тоқыма тоқуды ұсынатын едім. Мысалы, бізде мықты дәрігерлер міндетті түрде костюм-шалбар киіп, галстугын тастамауы керек деген стереотип қалыптасқан. Шыны керек, мені көшеден көрсеңіз танымауыңыз мүмкін. Өйткені жұмысқа күнделікті кэжуал стилінде киініп барамын, қоғамдық көлік орнына самокат пайдаланамын. Оның үстіне тоқуды алғаш әйелдер емес, әскери-теңіз флотындағы ер адамдар үйренген. Яғни мұны ер адамдардың ісі десек те болады", — деді кейіпкер.

28 петель клубының вице-мүшесі Латиф Парпиевтің отбасы
Латиф Парпиевтің жеке архивінен
"28 петель" клубының вице-мүшесі Латиф Парпиевтің отбасы

Жүннен тоқылған киім шала туған сәбиге несімен пайдалы?

Бүгінде Латиф Парпиев аталған клубты өңірлер мен өзге мемлекеттерде дамыту ісімен айналысады. Сондай-ақ, 17 қарашадан бастап клубтың вице-президенті болып тағайындалған жайы бар. Бұдан бөлек медициналық орталықта балаларды оңалтумен айналысып, оларға массаж жасайды.

Үш бірдей мамандық иесі соңғы уақытта тоқыма тоқуға аз уақыт бөліп жүргенін айтады. Десе де, өзімен бірге сөмкесінде үнемі тоқыма жіп пен біз алып жүреді. Қолы қалт етсе, тоқыма тоқуға кіріседі. Ол үшін қайда отырып тоқитыны маңызды емес. Осы сәтте өзіне таңырқай қарайтындар өте көп екен.

Қазір дәл осындай клуб әлемнің 8 мемлекетінде 120 қалада жұмыс істеп тұр. Бірақ алғаш рет ол Қазақстанда ашылып, Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Атырау сынды қалаларда өз жұмысын жалғастыруда. Клуб табиғи жүннен әртүрлі киім тоқып, оларды перинаталды орталықтарға жеткізеді.

28 петель клубының мүшелері
Латиф Парпиевтің жеке архивінен
"28 петель" клубының мүшелері

"Шала туған сәби үшін табиғи жүннен тоқылған киімнің орны ерекше. Өйткені, олардың дұрыс жетіліп, құрдастарының қатарына қосылуы үшін денесінің жылы температурасын бірқалыпты ұстап тұру маңызды. Ал жүннің температураны сақтап тұратынын өздеріңіз де білесіздер. Сондай-ақ, жүннен тоқылған киім әсерінен сәбидің денесі тітіркеніп, қан айналым жүйесі мен тыныс алу жолдарының жұмысы жақсарады", — деді Латиф Парпиев.

Мұнымен қатар, бүгінде клубқа келуші ер адамдардың қатары азайғанын айтады. Ешуақытта клубтан кеткісі келген ер азаматты тоқтатып көрмеген екен. Керісінше көп адамның бұл іске уақыт бөле алмайтынына түсіністікпен қарайды.

Колониядағы әйелдер де сәбилерге киім тоқып жүр

"Біз ешуақытта адамдарды "Сен балаларға көмектесуің керек" деп міндеттеген емеспіз. Бұл әркімнің өз еркіндегі дүние. Сондай-ақ, ер адамдар клубтан кеткілері келетінін айтқан кезде "Не үшін?" деп сұрамаймыз. Себебі неліктен екені айтпаса да түсінікті. Біреуі негізгі жұмысынан шыға алмай жатады, екіншілері отбасына көңіл бөле алмай жүреді және т.б. Бәлкім алдағы уақытта мен де кететін шығармын. Мұны жоққа шығармаймын. Бірақ дәл қазір маған барлық айналысып жүрген ісім ұнайды. Кез келген нәрестені туған баламдай көремін", — деді ол.

Латиф көп жұмысқа уақыт табуына шала туған сәбилердің аналарының, неонатологтардың және қордағы әйелдердің аузынан шыққан бірауыз "Рахмет" деген сөз себепші екенін жеткізді. Кейінгілері клуб мүшелері бар уақытын алаңсыз тоқымаға арнасын деген ниетпен әртүрлі ұйымдастыру шарасын өз мойнына алған. Ол клубқа кімдердің қаржылай көмек көрсететініне тоқталды.

Латиф Парпиев клуб мүшесіне тоқыма тоқуды үйретіп жатыр
Латиф Парпиевтің жеке архивінен
Латиф Парпиев клуб мүшесіне тоқыма тоқуды үйретіп жатыр

"Ақшаның көп бөлігі негізінен еріктілер тарапынан келеді. Арасында кейбіреулері бірден тоқыма жіп пен біз алып келіп жатады. Бұл іске менің туған-туыстарымның және шала туған балалардың ата-аналарының атсалысып жатқан жайы бар. Шыны керек, бастапқыда керек-жарағымызды түгендей алмай қиналдық. Бірақ ол күндердің барлығы да артта қалды. Оның үстіне қазіргі таңда бізге "Қазпошта" және "Кедентранссервис" қызметкерлері, Атырау қаласындағы колониядағы әйелдер көмектесіп жатыр. Алдағы уақытта соңғы мекеме қатары көбейеді деген үміттеміз", — деді Латиф.

Парпиев қандай жағдай болса да, үміт отының соңғы болып сөнетінін ұмытпауға шақырды. Осы орайда, ата-аналарға тілек білдіріп, сәбидің өте сезімтал келетінін ұмытпауды ескертті.

28 петель клубының мүшелері
Латиф Парпиевтің жеке архивінен
"28 петель" клубының мүшелері

"Әрине, сәбиің шала туған кезде, кез келген ата-ана қаймығады деп ойлаймын. Мұндайда жақсылыққа деген үміттерін үзіп, ойы сан-саққа жүгіруі мүмкін. Бірінші кезекте оларға қорықпаңыздар және ақ халатты жандарға сенім артыңыздар деп айтқым келеді. Сондай-ақ, сәби болсын, ересек адам болсын, бір дәрігермен шектеліп қалмаңыздар. Керісінше мүмкіндігінше көбірек маманнан кеңес алған жөн. Әрбір шаңырақта сәби үні сыңғырлап, бақытты күндердің көп болуын тілеймін", — деді ол.

Сөз соңында Латиф Парпиев барша Астана тұрғынын 18-25 желтоқсан күндері "Мәскеу" бизнес орталығында өтетін жәрмеңке қонағы болуға шақырды.

340
Кілт сөздер:
шала туған нәресте, тоқу, дәрігер, Латиф Парпиев, Астана, Қазақстан
Тақырып бойынша
Туысы бетінен сүйген соң жаңа туған сәби шетінеп кетті
Қырғызстанда тұратын қазақ қызы сәби күнінде тастап кеткен анасын іздеп жүр
Астанада ВИЧ жұқтырған әйелдер дүниеге дені сау сәби әкелді
Әуежайда ұшақтан түсірілген сөмкеден бес айлық сәби табылды - видео
Көшеден сәби табылды: ақмолалық әйел жаңа туған нәрестесін өлтірді деген күдікке ілінді
Министр қазақтан сәби сүйген африкалық әйелге көмектесуге уәде етті
Дәрігерлер өлді деген сәби мәйітханада "тірілді"
Загрузка...