Малика Қараджанова қызы Ямурмен бірге

"Қазақ қоғамы үшін ұят екенін білемін": италиялыққа тұрмысқа шыққан қыздың әңгімесі

4594
(Жаңартылды 13:33 05.01.2019)
Италиялыққа тұрмысқа шыққан Малика Қараджанова екі елдің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы әңгімелеп берді

АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 28 жастағы Малика Қараджанова Италия азаматына тұрмысқа шығып, бүгінде екі баланың анасы атанып отыр. Ақсайда туып-өсіп, Орал қаласында жоғары білім алған. Кейін Астана қаласындағы ірі компаниялардың біріне жұмысқа орналасып, сол жерде көптеген жаңа адаммен танысады. Достарымен бірге өткізген мерекелік кештердің бірінде болашақ жарымен жолығып, оның шетелге көшу туралы ұсынысын қабыл алады.

Дәл қазір Италияның Сицилия аралының астанасы Палермо қаласында тұрып жатыр. Бастапқыда күйеуінің жұмысы екі мемлекетте болғандықтан, бір ай Қазақстанда, бір ай Италияда тұрып келген. Екінші балалары дүниеге келген соң бір жерде тұрақтап қалуды жөн көрген. Екі баламен әрі-бері көшіп жүрудің қиын екенін айтады.

Италияда ғашықтар 10 жылға дейін некелеспей жүре алады

"Күйеуім екеуіміз өткен жылдың сәуір айында некелестік. Мұның қазақ қоғамы үшін ұят болып саналатынын білемін. Десе де, әке-шешем еркін көзқарастағы адамдар болғандықтан, ешқандай қарсылық танытпады. Екі мемлекет арасында көшіп-қонып жүру өте қиын болды. Бұл бірінші кезекті көп құжат әзірлеуді талап ететін еді", — деді Малика.

Италия дәстүріне сәйкес, қыз бен жігіт кемінде екі жылдан бастап он жылға дейін некелеспей кездесіп жүреді. Бұл аталған мемлекетте отбасы институтын жоғары бағалайтынымен байланысты. Маликаның айтуынша, Италияда да ажырасу көп болғанымен, Қазақстаннан жүз есе аз. Сондай-ақ, Италияда әйелдерге қатысты қыз бала, бойжеткен және сеньора деген түсінік бар. Соңғысына әйел қауымы тұрмысқа шыққаннан кейін ие болады.

"Италияда адамдар кеш үйленеді. Барлығының дерлік бірнеше білімі бар. Мысалы, менің күйеуім 47 жасында шаңырақ көтерді. Екеуіміздің жас айырмашылығымыз — 20 жыл. Ол әлі күнге дейін білім алуды жалғастырып келеді. Сондай-ақ, біз тұрып жатқан оңтүстік аймақта салт-дәстүр мен дінді берік ұстанады", — дейді Малика.

Тағы оқыңыз:

Бүгінде италиялықтар екі баланың анасы Маликаға 20 жастан артық бермейді. Тіпті, қызыл шарап сататын дүкен одан біраз уақытқа дейін құжатын талап еткен екен. Мұнымен қатар, Малика күйеуі екеуінің жас айырмашылығы мүлдем білінбейтінін айтады.

Қариялар сезімін көрсетуге қысылмайды

"Мен кеңес одағы құлап, Қазақстанға сникерс секілді шетелдік тауарлар келген кезде дүниеге келдім. Бала күнімде нанға май мен қант жағып алып, аулада ханшайым болып жүретінмін. Күйеуім де бала күнінде нанға зәйтүн майын жағып, үстіне сардина қойып алып ауласында ханзададай болған. Яғни жас алшақтығына қарамастан, екеуіміздің балалық шағымыз бірдей өткен", — деді ол.

Малика Италия азаматтарының жұрт ойлағандай аса романтик еместігін айтады. Мысалы, күйеуі, біріншіден, мұны бос шығын деп ойласа, екіншіден гүлге аллергиясы бар. Мұның орнына "Сыйлықты өзің таңда, мен ақша төлейін" деп айтады екен. Ал бірақ Италияда қариялар қол ұстасып жүруге қысылмайды.

Малика Караджанова қызымен бірге жаңажылдық шыршаны безендіріп жатыр
жеке архив
Малика Караджанова қызымен бірге жаңажылдық шыршаны безендіріп жатыр

"Меніңше, жер бетінде Сицилияға келіп, оған ғашық болмайтын адам кемде-кем. Бұл жерге алғаш рет желтоқсан айында келіп, ата-енеммен таныстым. Сыртта күн 25 градус жылы болды. Қазақстанда солтүстікке қарағанда оңтүстіктің адамдары жылы келсе, бұл жерде де дәл солай. Италия — тамаша мемлекет. Күйеуім екеуіміз италиялықтардың қазақтарға қатты ұқсайтынын айтып күлеміз", — дейді Малика.

Сицилияда ер адамдар анасына жақын және әйелдерін қатты қызғанады. Сүйіктілеріне қысқа киім киюге тыйым салмаса да, олардың бұл әрекетін құптай бермейді. Сондай-ақ, италиялықтар қазақтар секілді қонақжай келіп, бар жақсысын қонақтарға ұсынады.

"Еуропада қонақтың өзімен бірге тамақ ала баратыны рас. Мысалы, бізді қонаққа шақырса, біз өзімізбен бірге десерт, бір бөтелке қызыл шарап немесе джелато ала барамыз. Бұл жерде кейде таныстарымыз пицца жеуге шақыратын кез болады. Алайда арнайы отырыс болса, оған міндетті түрде дайындалады. Енем бізді шақырған кезде дастарханға он түрлі дәмтатым, біріншіге арналған, екіншіге арналған үш түрлі тағамнан әзірлейді. Туған күн болса, міндетті түрде аққайнарға орын табылады", — дейді Малика.

85 жастағы енем аптасына үш рет шаштараз шақыртады

Сицилияда қонаққа барарда ғана емес, жол-жөнекей кіре кету үшін де алдын ала хабарласып сұрайды. Бұл баратын үйдің қонақ күтуге дайын болмай қалуымен байланысты. Бұдан өзге Италияда адамдар шаш үлгісіне ерекше мән береді. Маликаның 85 жастағы енесі аптасына үш рет шаштаразын үйге алдырып, шашына ерекше күтім жасап отырады. Осы орайда, Малика, расымен де, Италия қарияларының сырт келбетіне ерекше мән беретінін айтып өтті.

Италияда тұрып жатқан қазақ қызы Малика Караджанова мен қызы Ямур
жеке архив
Италияда тұрып жатқан қазақ қызы Малика Караджанова мен қызы Ямур

"Бұл жердегі әйел қауымы басқасына мән бермесе де, шаш үлгісін қалдырмай жасатып отырады. Бір қызық жағдайды айтып берейін. Қызым мен ұлымның арасы үш жыл. Екеуі бір күнде, бір сағатта дүниеге келген. Қызым 2014 жылы 28 наурыз сағат 04:15-те, ал ұлым 2017 жылы 28 наурыз сағат 04:12-де туды. Қызымның есімі — Ямур, ал ұлымның аты — Микеле. Балалармен жүріп аптасына бірнеше рет сұлулық салонына баруға уақытым болмайды. Соны байқаған енем "Малика, сенің шаштаразың жоқ қой деймін. Мен саған өзімдікін бере тұрайыншы. Сен де шаштараз қызметін пайдалан" деген кішігірім ескерту жасады (Күлді). Әрине, енем секілді аптасына 2-3 рет шаштараз қызметін пайдалануға уақытым жоқ. Десе де, сұлулық салонына аптасына бір рет барып тұрамын", — деді ол.

Тойды несиеге жасауды ұят көреді

Малика қазақ қоғамы мен италия қоғамының басты айырмашылығын атап өтті. Мұнда ата-аналар мүмкіндігінше балалармен бірге тұрмауға тырысады. Олар мұны баланың жеке кеңістігін бұзу деп түсінеді. Сондай-ақ, италиялықтар үшін өз үйіңде тұру маңызды емес. Тіпті, қартайғанша пәтер жалдап тұра берулері мүмкін. Бұл бірінші кезекте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы және үй бағасының айтарлықтай қымбат болуымен байланысты. Бұдан өзге Малика италиялықтардың тойға несие алуды ұят деп санайтынын айтты.

"Бұл жақта біз секілді жарты немесе бір жыл қалғанда емес, тойға 3-4 жыл бұрын дайындалады. Тойға несие алуды ақымақтық деп санайды. Қазақстанда еуропалықтар ұлан-асыр той жасамайды деген ой қалыптасқан. Алайда бұл жақта да 200-300 адамға арналған тойлар өтеді. Бірақ оны екі тарап бірігіп жасайды. Әрине, жұпыны өтетін тойлар да кездеседі", — деді ол.

Малика Еуропада балалардың 5-7 жасқа дейін бесік арбада отыратынын айтады. Бұл — балаларды шектен тыс еркелету емес. Негізінен ата-аналардың көлік қоятын жер таба алмай, көп жаяу жүретінімен байланысты. Сондай-ақ, ауа райы жаяу қыдыруға мүмкіндік береді. Аталған елде емізікті де балалар 5-7 жасқа дейін пайдаланады.

Ямур ата-анасымен бірге
Жеке архив
Ямур ата-анасымен бірге

"Бір күні қызымды балабақшаға апарып, сол жерде оның құрдасының емізік сорып жүргенін көрдім. Ал менің қызым бес жаста. Шыны керек, көзге ерсі көрінеді. Десе де, Италияда ата-аналар балаларын "Болды емізік сормайсың немесе памперс кимейсің" деп қинамайды. Әр баланың ерекше екенін түсініп, өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақстандықтар да осыған келе жатыр. Әдетте емізікті көп пайдаланса, тісі қисық болады деп жатады. Бұл өтірік, италиялықтардың тісі басқаларға қарағанда әлдеқайда жақсы", — дейді Малика.

Декреттік демалысқа үш ай беріледі

Әрі қарай Малика ата-аналардың балаларына ересек шақта та толық қолдау көрсететінін айтып өтті. Режиссер мамандығын таңдаған таныстарының қызына бүгінде отбасы жабылып жүріп оқу орнын таңдауға көмектесуде. Сондай-ақ, ол Сицилияда жұмыс табу қиын болғандықтан, көптеген әйелдің үй шаруасымен айналысатынын айтып өтті. Декреттік демалысқа тек үш ай берілетіндіктен, әйелдер көп бала туғылары келмейді. Себебі, жұмыс орындарынан айырылып қаламыз деп қорқады.

"Әдетте Еуропада табыс жоғары деп жатады. Меніңше, бұл қате түсінік. Себебі, мұнда өмір сүру деңгейі жоғары және барлығы қымбат. Яғни күнкөріс деңгейі Қазақстанмен бірдей десек те болады. Италияда әйелдерді өте жоғары бағалайды. Менің өзім болашақ жарымды анасына деген құрметіне қарап таңдадым. Тіпті, есік ашып беру үшін ер адамдар алыстан жүгіріп келеді.

Жуырда көлігіме балалар йогурт төгіп алған болатын. Соны дұрыстап жумаған екен. Сонда көлік жуушылар бүкіл жұмысты тоқтатып, қайта-қайта кешірім сұрады. Қазақстанда әйел адамдар бірінші орынға бала-шағасын, күйеуін, кейін туыстарын, соңында өзін қояды. Ал Италияда керісінше әйелдер бірінші орынға өзін, кейін күйеуін, соңында балаларын қояды", — деді Малика Қараджанова. 

Малика Караджанова екі баласымен бірге отыр
жеке архив
Малика Караджанова екі баласымен бірге отыр

Сондай-ақ, Малика бүгінде күйеуімен италян тілінде сөйлесетінін айтады. Бастапқыда тек ағылшын тілінде тілдескен. Ал Рим, Милан секілді ірі қалаларда туристер көп болғандықтан, жергілікті тұрғындар ағылшын тілін біледі.

Асты негізінен ер адамдар әзірлейді

Малика Италияда, әсіресе, Сицилияда қазақтардың аз екенін айтады. Әлі күнге дейін кездестірмеген екен. Ал солтүстік өңірде бар.

"Перуджеде Алматыдан келген құрбымның қызының туған күніне бардық. Сол жерде қазақ диаспорасы болды. Өте жылы да қызықты отырыс болды. Құдды өз отанымда отырғандай күй кештім. Ет асып, мәнті жедік. Өкінішке қарай, күйеуім Қазақстаннан қазы әкеле алмайды. Үйге бір жарым тәулік бойы ұшып келе жатқанда бұзылып кетуі мүмкін. Мұның орнына консервілер әкеліп, солардан тағам әзірлеймін. Күйеуім менің етті бәрінен күшті асатынымды айтады. Басқа ешкімнің етін жеп көрмегендіктен ғана осылай дейтін шығар", — дейді ол.

Малика Караджанова балаларымен бірге теңіз жағасында қыдырып жүр
Жеке архив
Малика Караджанова балаларымен бірге теңіз жағасында қыдырып жүр

Италияда аналары балаларының бәріне тамақ жасауды үйретеді. Маликаның жолдасы бастапқы бір-екі жылда тағамды өзі әзірлеген. Қазір де аптасына бірнеше рет түскі асты өзі дайындайды. Аталған елде бас аспаздардың барлығы дерлік — ер адамдар.

Малика Караджанова 2019 жылы қайын жұртымен бірге Қазақстанға баруды жоспарлап отырғанын айтады. Оларға отанының көрікті жерлерін көрсетіп, бар дәмдісін ұсынбақ.

4594
Кілт сөздер:
шетелдік, неке, отбасы, өзге ұлтқа тұрмысқа шығу, Италия, Қазақстан
Тақырып бойынша
Назарбаевқа айтар өтінішім бар – Омбы қазағы
Өзбекстан қазағы: Атажұртқа оралуға асықпаймыз
Түмен қазағы: Отанда тұру – бәрімізге бұйырмаған бақыт, бағалаңыздар
Психолог: қыздардың шетелдікке тұрмысқа шыққаны балаларына жақсы
Назарбаев 600-ге тарта шетелдікке Қазақстан азаматтығын бермек
Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы жұрттың ашуын келтірді - видео
"Ғалам аруы" байқауында қазақ қызы салмағы 30 келі костюм киіп шықты - видео
Астана тұрғындары

Қазақстанда карантин шараларының сақталуын бақылау күшейеді

184
Жұмысқа қызметкерлердің тек 50 проценті ғана шығуы тиіс. Сондай-ақ, қоғамдық көлікпен тек бетперде таққан тұрғындарға ғана жүре алады

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр - Sputnik. Ведомствоаралық комиссия карантин режимінің сақталуына бақылауды күшейту мәселесін қарастырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр орынбасарыТоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ел тұрғындарының бекітілген карантиндік режимді қатаң сақтауды бақылауға алу мәселесі қаралды.

"Біршама өңірлерде ауруды жұқтыру саны көбейіп отыр. Бұл карантин талаптарының орындалмауымен байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылауды ұйымдастырып, оларды орындамаған азаматтарға, мекемелерге, өндіріс нысандары мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылдауы керек", - деді Тоғжанов.

Осыған орай, өңірлердің әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға тапсырма берілді:

  • еңбек ұжымдарында әлеуметтік қарым-қатынастың деңгейін барынша төмендету (эұмысқа шыққандар саны қызметкерлердің 50%-інен аспауы тиіс);
  • жұмыс күні барысында бетперде тағу және уақытылы ауыстыруды бақылау;
  • әлеуметтік арақашықтықты сақтау мүмкіндігін жасау;
  • қоғамдық көлікке қарастырылған орындардан артық жолаушы алмау және тұрғындардың міндетті түрде маскамен болуын қамтамасыз ету;
  • қорғаныс, ішкі істер қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық және өндіріс орындарын, мекемелер мен объектілерді дезинфекциялау шараларын күшейту. 

Берілген тапсырмалардың орындалу үкіметтің тұрақты бақылауғына алынды. 

Президент қазақстандықтардың карантин режимін сақтамауына байланысты нақты шаралар қолдану керек екенін мәлімдеген болатын.

Жергілікті билік коронавирус жұқтыру көрсеткішінің төмендеп-артуына байланысты карантин шараларын анықтайды. Жағдай тұрақты өңірлерде бұл шаралар жеңілдетіледі. Ал вирус жұқтырғандар саны артқан аймақтарда карантин шаралары күшейтіледі.

184
Кілт сөздер:
коронавирус, бақылау, Қазақстан
Тақырып бойынша
Бас санитар дәрігер блок бекеттердің қандай жағдайда алынатынын айтты
Ата-аналар қашықтан оқудың машақаты туралы айтып берді - видео
Нұр-Сұлтан әкімдігі қызметкерлерді қысқартады
Есмағамбетова науқаспен байланыста болғандарға қатысты өзгерісті атады
Блок бекеттегі апат: үшінші полицейдің жағдайы туралы ақпарат жарияланды
Жеңіс парады

Қазақстан президенті Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады

119
(Жаңартылды 20:10 26.05.2020)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақыруын қабыл алды

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Ресей тарапының бастамасы бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Ресей басшысы Тоқаевты Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды, деп хабарлайды Ақорда сайты.

Телефон арқылы болған әңгімеде тараптар COVID-19 пандемиясына қатысты қазіргі ахуал мен індеттің таралуына қарсы күреске байланысты екі елдің қабылдаған шаралары жөнінде пікір алмасты.

Оқи отырыңыз: Жеңістің 75 жылдығы: әлем елдері мерекені қалай атап өтті - фото

Сонымен қатар мемлекеттердің басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты талқылады.

"Сөйлесу соңында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 24 маусым күні Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды. Қазақстан президенті шақыртуды ризашылықпен қабыл алды", – делінген Ақорданың хабарламасында.

Ал Жеңіс парадына қатысу туралы Қазақстан президенті өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.

"Бүгін Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында 24 маусым күні Қызыл алаңда өтетін Жеңіс парадына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырту алдым. Шақыртуды ризашылықпен қабылдадым", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгумен жұмыс кездесуі кезінде парад өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаған.

119
Тақырып бойынша
Назарбаев пен Путин бір-бірін Жеңіс күнімен құттықтады
Індет жұқтырғандар саны артып барады – Тоқаев
Тоқаев Алматыда қаза болған полицейлерді марапаттады
Бөлінген қаржы қалай игерілуде: Тоқаев есеп комитетінің басшысын қабылдады
Дәрігер, архивтегі сурет

Ресейдің вирусология орталығы COVID-19-ға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді

0
Вакцинаны жаппай қолданбас бұрын ол зертханалық сынақтан сәтті өтуі қажет. Сонымен қатар өндірісте болып, дәрілік формада жасалуы тиіс

АЛМАТЫ, 26 мамыр – Sputnik. Роспотребнадзордың "Вектор" вирусология ғылыми орталығы маусымның соңында коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы "Известия" газетіне берген сұхбатында орталықтың бас директоры Ринат Максютов хабарлады, деп жазады РИА Новости

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін жануарларға жасалған тест нәтижелерін алу жоспарланып отыр және денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зерттеулерге рұқсат беруін күтуде.

Максютовтың айтуынша, вакцинаны жаппай қолданбас бұрын ол зертханалық сынақтан сәтті өтуі қажет. Сонымен қатар өндірісте болып, дәрілік форма алуы керек.

Содан кейін клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің толық спектрі мен тіркеуден өтуі қажет. Бұған дейін Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург вакцинаны әзірлеумен айналысатын орталық қызметкерлері, сонымен қатар өзі де  вакцина салдырғанын хабарлады. Айтуынша, оларда инфекциядан қорғайтын антидене пайда болған.

Ресейде коронавирусқа қарсы вакцина жасау үшін Санкт-Петербург вакциналар мен сарысу ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да еңбек етіп жатыр. Препаратты әзірлеу барысында басқа елдерде де жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Гинцбург ресейліктерді жаппай вакцинациялау күздің басында басталып, ол процестің алты айдан тоғыз айға дейін созылатынын хабарлады.

Жаңа коронавирус (COVID-19 тудыратын) алғаш рет желтоқсанның соңында Қытайдың Ухань қаласында анықталды. Наурыздың басында ДДҰ оны пандемия деп таныды. Ұйымның ақпараты бойынша, әлемде 5,3 миллион адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 343 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Ресейде 353 427 адамнан COVID-19 табылды, оның ішінде 118 798 науқас сауығып шықты, 3 633 қайтыс болды.

0
Кілт сөздер:
Ресей, коронавирус
Тақырып бойынша
Қазақстанда карантин шараларының сақталуын бақылау күшейеді
Жұмысқа шыққандар арасында вирус жұқтырғандар көбеюде – министрлік
Бас санитар дәрігер блок бекеттердің қандай жағдайда алынатынын айтты
Бас санитар дәрігер вирус жұқтырғандар саны неге артып жатқанын түсіндірді
Қазақстан өңірлері вирус жұқтыру өсімі бойынша үш топқа бөлінді