В Алматы открылся Международный фестиваль “Восточный Базар”

Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?

2469
(Жаңартылды 12:26 25.01.2019)
Ертеден келе жатқан сәлем салу дәстүрі – қазақ келіндерінің үлкенге деген сый-құрметінен туған әдептілік белгісі

АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Нұргүл Абай. "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет" көрсеткен дана халқымыз сыйластықты әрдайым бірінші орынға қойған. Сәлем салу да осының нақ дәлелі. Бүгінгі таңда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік пен батыста ғана жақсы сақталған бұл үрдісті үлкенді құрметтеудің әдемі әдебі десе де болады. Sputnik Қазақстан тілшісі келіннің ата-енесі мен қайын жұртына деген құрметін білдіретін дәстүр туралы тереңірек зерттеп, бүгінгі қоғамның көзқарасын білуге тырысты. 

"Келін сәлем салу арқылы сыйластық ортаны қалыптастырады"

Белгілі этнограф Досымбек Қатран сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт екенін айтады. Туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние дейді. 

"Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден бір адам әйел болғандықтан, ырым-шектеу де көбейе түскен", — дейді этнограф. 

Қазақтың келіндері тек ата-енесіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, алыстан ат терлетіп келген ағайындарына да құрмет көрсетеді. 

"Жалпы, келінген жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние", — деп санайды Досымбек Қатран.

Этнографтың айтуынша, сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де "Өркенің өссін", "бақытты бол", "көп жаса" деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады. 

"Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс", — дейді этнограф. 

Келін қандай жағдайда сәлем салмайды?

Досымбек Қатран үйдегі келіннің қандай жағдайда сәлем салудан босатылатынын түсіндірді. Айтуынша, күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі. 

"Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталды деп есептеледі. Осыдан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік салтымен жесір әйел қайын ағасына немесе қайын інісіне күйеуге шығуы тиіс. Яғни, әмеңгерлікпен әулеттегі еркек кіндіктінің біріне тигенше, сәлем салмайды", — дейді ол. 

Осы орайда, этнограф жүкті әйелдерге де сәлем салу міндет екенін атап өтті. 

Досымбек Қатранның пікірінше, бүгінде сәлем салу дәстүрі барлық өңірде сақталмағанымен, ұмытылып бара жатқан жоқ. Керісінше, қазір қайтадан тамырын жайып, жаңғыра бастаған. 

"Сәлем салу, әсіресе, мына оңтүстік пен батыста жақсы сақталды деп ойлаймын. Бірақ тек осы екі өңірде ғана деп те кесіп айтуға болмас. Себебі бір облыстың ішінде бір ауданында да орындалып жатқан болуы мүмкін. Кейбір аймақтарда бұрын жоғалып кетсе, бірте-бірте оралып жатыр", — дейді ол. 

Сәлем салу Аллаға серік қосуға жата ма?

Келіннің иіліп сәлем салу тақырыбы жұрт талқысына түскен кезде, неше түрлі ой-пікір айтылады. Бірі "дұрыс" дейді, енді бірі "бұрыс" дейді, "ескіліктің сарқыншағы", "Алла Тағалаға серік қосуға жатады" деп те айтып жатады. 

"Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?" деген сауалымызға белгілі исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы жауап берді. 

"Әрбір амал ниетке байланысты. Жалпы, құрмет ниетімен сәлем салу ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы "ширк" деп үкім шығармаған", — дейді исламтанушы.

Айтуынша, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. 

"Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендігі жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіні сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы "ширк" яки "харам" демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді. Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес", — деді Қайрат Жолдыбайұлы. 

Ол қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмағанын атап өтті. Сондықтан ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл үрдісті ширкке балап, елдің шырқын бұзу әсте дұрыс емес деп санайды.

Тағы оқыңыз: 

"Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі – тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн", — деді исламтанушы-ғалым.

Бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?

Қазақтың салт-дәстүрлерін қатаң ұстанатын өңірлердің бірі – батыстағы Маңғыстау облысы. Жаңаөзенде тұратын Гүлсім Мұрынова шаңыраққа келін болып түскен сәттен бастап ата-енесіне күнде таңертең сәлем салады. Бұл кішінің үлкенге деген құрметі деп санайды.

"Маңғыстауда сәлем салмау деген жоқ. Өз басым таңғы алтыда тұрып, ата-енеме сәлем саламын. Мысалы, көлікпен келе жатқанда, көшеде алдыңнан қайын ағам шыға қалса, машинадан түсе салып, иіліп сәлем беремін. Ал олар болса, "көп жаса, бақытты бол" деп батасын беріп жатады", — дейді жаңаөзендік келін. 

Маңғыстаудың келіндері оң тізесіне қолын қойып, сәл бүгіліп, иіліп сәлем береді. 

"Бірде басқа өңірде тұратын құрбыларым жұмыс бабымен қонаққа келді. Сол сәтте үйге қайын ағам келіп қалмасы бар ма. Мен орнымнан тұрып, ол кісіге сәлем салып жатсам, құрбыларым таңғалып, сасқанынан олар да отырған жерлерінен атып тұрды", — деп күліп еске алды Гүлсім. 

Тағы оқыңыз: 

Бұдан бөлек, сәлем салудың екінші түрі табақты алу кезінде атқарылады екен. Ет жеп болған соң, ас қайырудың алдында келіндер табақты сәлем етіп алып кетеді. 

"Табақты алу арқылы сәлем етеміз. Содан кейін барып ас қайырамыз", — дейді Жаңаөзен тұрғыны.

Ал 52 жастағы астаналық тұрғын Жаңыл Естанова бұл дәстүрді әдептілік белгісі санағанымен, келініне сәлем салғызбайды. Келіннің иіліп-иілмеуі емес, маған деген шынайы құрметі маңызды дейді. 

"Солтүстікте сәлем салу деген атымен жоқ. Мен келін болып түскенде, енем маған "басыңа орамал тақ, сәлем сал" деп ешқашан айтқан емес. Бірақ, анамның берген тәрбиесі шығар, басымнан орамалымды тастамайтын едім. Өзімнің келінім де сәлем салмайды, шындығына келсек, мұның маған керегі де жоқ. Бастысы иіліп сәлем салу емес, оның ниетінде, маған деген сыйластығында. Ал мен сыйластықты сәлем салумен өлшемеймін", — дейді Естанова. 

Ол сәлем салатын келіндердің бәрі ата-енесін жүз пайыз сыйлап, құрметтейтініне шүбә келтіреді. 

"Келінімнің көзбояушылық жасап, қазақтың дәстүрі болғаны үшін ғана сәлем салғанын қаламас едім", — дейді Астана тұрғыны. 

Ал астаналық бойжеткен Мадина Дүйсембаева кез-келген салт "дәстүр" болғандықтан ғана, адамның еркінен тыс орындалмауы тиіс деген пікірде. 

"Менің ойымша, алдымен, бұл салттың шығу тарихына мән берген дұрыс. Маңызы мен қастері неде, соған түсінік беру керек. Себебі, өз басым қазақтың лиро-эпостық жырларынан, не болмаса тарихи шығармаларынан "сәлем салу" туралы оқыған емеспін. Сондықтан мұның біздің халықтың дәстүрі екеніне де күмәнім бар. Көбіне оңтүстікте жақсы сақталғандықтан, басқа өңірдің қыздары бұл дәстүрді бірден қабылдай қоймас. Сол себепті, сәлем салу немесе салмау мәселесінің басын ашып алған жөн деп санаймын. Әдет-ғұрыптың кез-келгені шын ниетпен жасалуы керек. Сонда ғана оның маңызы артып, құнды бола түседі", — дейді 26 жастағы тұрғын. 

Сәлем салуды ізет көрсетудің белгісі немесе ескіліктің сарқыншағы деп санау – ол әркімнің жеке шаруасы. Ал біздің айтарымыз, сәлем салудың түпкі мән-мағынасы – әдептілік. Еліміздің әр өңірінде бұл дәстүр әрқилы орындалса да, ең бастысы әрі маңыздысы – сәлем салудағы шын ниет.

2469
Кілт сөздер:
этнограф, қайын жұрт, ата-ене, салт-дәстүр, сәлем салу, келін, Қайрат Жолдыбайұлы, Досымбек Қатран, Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, Астана
Архивтегі фото

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтанда арнайы операция өткізді  

1754
(Жаңартылды 12:43 13.08.2020)
Қазақстанның үш азаматы мен бір шетелдік Ақмола облысында психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ашқан

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық тергеу департаменті мен Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы жасағы Нұр-Сұлтанда арнайы операция өткізді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқи отырыңыз: ҰҚК гаражды жасырын зертханаға айналдырған ер адамды ұстады

Құқық қорғаушылар Қазақстанның үш азаматы мен бір шетелдікті ұстады. Күдіктілер Ақмола облысында психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ашқан. Ал заңсыз тауарды Нұр-Сұлтан қаласында таратқан.

"Есірткі Интернет желісіндегі "Deep Web, Darknet" көлеңкелі сегментінің платформасында "закладок" деп аталатын жолмен сатылған.  Тінту кезінде есірткі мен психотроптық заттар, сондай-ақ оларды жасау кезінде қолданылатын химиялық реагенттер мен құрал-жабдықтар табылды", - делінген ресми хабарламада.  

Ұсталған адамдар комитеттің тергеу абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі зертхананы анықтаған болатын. 27 шілде күні Алматы қаласында екі ер адам ұсталды. Күдіктілер есірткі затын сатудан түскен ақшаға "Іле-Алатауы ұлттық паркі" аумағынан коттедж сатып алып, онда "мефедрон" өндіретін жасырын зертхана ашқан. Тәркіленген есірткі партиясының "қара нарықтағы" құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.

1754
Кілт сөздер:
операция, ұлттық қауіпсіздік комитеті
Тақырып бойынша
Арнайы операцияның видеосы: ҰҚК екі қылмыстық топ туралы ақпарат жариялады
Арнайы операция: ҰҚК қылмыстық топты ұстады  
Алматы облысында "Нұр жолы" бекетінде сегіз кеденші ұсталды
Жол жиегінде тұрған троллейбустар, архивтегі сурет

Алматы троллейбустан бас тарта ма: Сағынтаев жауап берді

56
(Жаңартылды 10:48 13.08.2020)
Мегаполис әкімі пандемияға байланысты желілерді жаңартуға бөлінген қаражат үш есеге қысқартылғанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, "Алматы" телеарнасында Akimat LIVE бағдарламасының эфирінде троллейбус инфрақұрылымын жаңғырту туралы тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Коронавирустың кесірінен барлығына шығындар азайтылды. Бізді троллейбустардың жағдайы қызықтырады. Көбіне байланыс желілері істен шығып, троллейбустар көшедегі қозғалысты жиі тоқтатып жатады. Бәлкім, трамвай сияқты, троллейбустан да бас тартқанымыз жөн болар," - деп сауал қойды қала тұрғыны.

Сағынтаев өз жауабында бұл мәселе күн тәртібінде емес екенін айтты.

"2019 жылы біз олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс желілері мен қосалқы станцияларды модернизациялау бағдарламасын қабылдадық. Биыл пандемияға байланысты бұл шығындарды біршама төмендеттік, ол жоспарланған 5 миллиардтың орнына 1,7 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін шамамен 16 көшенің желісі жаңғыртылатын болады", - деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, троллейбус инфрақұрылымын толық жаңғырту, оның ішінде 172 шақырым байланыс желісін ауыстыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

"2020 жылдың соңына дейін Жандосов, Сейфуллин, Қабанбай батыр, Әуезов, Розыбакиев, Жұбанов, Райымбек, Емцов, Қалдаяқов, Пушкин көшесінің бойында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылының бойындағы байланыс желісінің тіректерін бөлшектеу және орнату жоспарлануда", - деп толықтырды Сағынтаев.

Айта кетейік, кабельдік және байланыс желілеріне күрделі жөндеу соңғы рет 2000 жылы жүргізілген.

Алматыда троллейбустар қай кезден бері жүреді?

Алматы қаласында алғашқы троллейбус соғыс кезінде – 1944 жылдың 20 сәуірінде іске қосылды. 1960 жылы троллейбус желісінің ұзындығы 34,4 шақырымға жетсе, он жылдан кейін – 151 шақырымды құрады.

Оқи отырыңыз: Фотодерек: Алматыда троллейбус кептелісі болды

Сағынтаевтың айтуынша, қазір троллейбустардың жалпы саны 194. Алайда, бүгінгі таңда Алматыда күн сайын сегіз бағдар бойынша 160 троллейбус орта есеппен 120 мың адамға қызмет көрсетеді. Айына 2,5 – 3 миллион жолаушы аталған көліктің қызметін пайдаланады.

Ал троллейбус желісінің жалпы ұзындығы 191 шақырымды құрайды.

56
Кілт сөздер:
Бақытжан Сағынтаев, қоғамдық көлік, Алматы
Тақырып бойынша
Алматыда бетперде таққан автобус пайда болды - фото
Түркістан облысында 238 қоғамдық көлік жаңартылды
Алматыда қоғамдық көлік жолаушыларының саны 80%-ке азайды
Алматыда троллейбус өртенді
Алматыда троллейбус жас жігітті басып кетті: жүргізуші ес-түссіз болған
Архивтегі фото

Қостанайда жас қызға анайы ұсыныс жасаған ер адам іздестіріліп жатыр

0
(Жаңартылды 15:10 13.08.2020)
Қостанайлық ерлі-зайыпты бейтаныс ер адамның қызға жақындап барып, онымен сөйлесіп тұрғанын байқаған

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Қостанайда полиция жас қызға тиіскен белгісіз ер адамды іздеп жатыр. Қала тұрғындары WhatsApp арқылы күдіктінің фотосын таратып, сақ болуды сұрады, деп хабарлады өңірлік "Алау" басылымы.

Басылымның хабарлауынша, қостанайлық ерлі-зайыпты бейтаныс ер адамның қызға жақындап барып, онымен сөйлесіп тұрғанын байқаған.   

"Оқиға қаланың дәл орталығында болды. Шамамен 13 жастағы қызбен сөйлескен ер адамды байқап қалдық. Сырт көзге әдеттегі жағдай сияқты көрінді, алайда әйелім бұл жерде шикілік бар екенін байқады. Жанына жақын барып тоқтадық, ер адамның қызға сұлу екенін айтып, өзін сүюін сұрағанын естідік. Мен бірден қыздың жанына барып, ер адам жайлы сұрадым. Қыз оны танымайтынын айтты. Сосын оны бірден қуып жібердім, - дейді оқиға куәгері болған ер адам.

Қостанай облысының полиция департаменті қазіргі уақытта барлық жеке құрам осы ер адамды іздестіріп жатқанын хабарлады.

"Полиция бұл адамды тауып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін шаралар қабылдап жатыр. Бағдар полиция жасағына жіберілді", - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Оралда оқушының соңынан үйге кірген қаскөй күтпеген жағдайға тап болды - видео

Құқық қорғаушылар облыс орталығының тұрғындарынан осындай оқиғаның куәгері болып жатса, бірден 102 нөміріне хабарласуын сұрады. 

0
Кілт сөздер:
педофил, Қостанай
Тақырып бойынша
Әкесі 13 жасар қызына тиіскен ер адамды жұрттың көзінше піштірді
Атырауда балаға қол жүгірткен ер адам ұсталды – видео
Алматы облысында қыз балаға қол жүгірткен жігіт табылды
Екібастұздағы лифтіде педофил қаршадай қызды зорламақ болды
Аялдамада қызға тиіскен жігіт ажал құшты