Қоғам

Қыста суға түсетін адамдардың ағзасында қандай өзгеріс болады – дәрігерден кеңес

© Sputnik / Тимур БатыршинҚыста суға шомылу
Қыста суға шомылу - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Суық судың адам денсаулығына пайдасы зор болғанымен, дертке дауа бола алмайды екен

АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik, Нұргүл Абай. "Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде" деп дана халқымыз текке айтпаған. Адамның ең басты байлығы – денсаулығы, сондықтан күйбең тіршіліктің қамын күйттей бермей, күніне бір мезгіл спортпен шұғылданған абзал. Тән саулығын ойлаған кейбір жандар қыстың қытымыр аязына қарамастан, мұздай суға күмп етіп, денесін шынықтырып жатады. Қыста суға шомылудың пайдасы мен зияны туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Астана қалалық №10 емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Сүлейменова кеңінен тарқатып айтып берді. 

Мұздай суға шомылуды неден бастаған жөн?

Гүлмира Сүлейменованың айтуынша, қыста суға шомылудың бірнеше ғасырлық тарихы бар, адамдар мұздай судың пайдасы туралы ежелден білген. Сондықтан қазіргі медицина суық судың пайдасы мен зиянына келген кезде, екі "лагерьге" бөлінеді. Бірі мұздай судың адам денсаулығына берері мол десе, енді бірі, керісінше, ағзаны күйзеліске ұшыратады деген пікірде. 

"Иә, қыстың қақаған аязында мұздай суға түсу организм үшін күйзеліс екенімен келісемін. Кез келген күйзеліс адам денсаулығына зиян екенін де атап өткім келеді. Алайда, тек ұзаққа созылған күйзеліс қана зиянды. Мұны естен шығармаған абзал. Ал суық суға түсу – қысқа мерзімді процедура. Яғни, адам суда белгілі бір уақыт қана болады. Шыққан кезде, бойдағы күйзеліс те ұшты-күйлі жоғалады. Мұндай күйзеліс, керісінше, ағзаның сыртқы факторларға қарсы тұруын арттырады, денені шынықтырады", — дейді дәрігер. 

Осы орайда ақхалатты жан қыста суға шомылуды бастап көргісі келетін батыл адамдарға мынадай кеңес берді. 

Христиандардың крещение мерекесі - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Шоқындыру мерекесінде мұсылмандарға суға түсуге бола ма: имам жауап берді
"Егер сіз мұнымен жүйелі түрде айналысқыңыз келсе, онда, ең алдымен психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз керек. Неден және қалай бастайтыныңызды алдын ала жоспарлап, қадам-қадаммен әрекет еткен абзал. Бірден шешім қабылдап, мұздай суға күмп ете салуға әсте болмайды. Алдымен, денені суық сумен ысқылап, тамағыңызды салқын сумен шайыңыз. Далаға шықпас бұрын, ваннада үстіңізге суық су құйынып бастаңыз. Яғни, жүйелі түрде және психологиялық тұрғыдан дайын болып қана шомылу керек", — деді ол. 

Қыста суға түсетін адамның ағзасында қандай өзгеріс болады?

Сүлейменованың айтуынша, мұздай суға шомылатын "морж" адамдардың терісі мінсіз, бетінде әжім болмайды. Бұлшық ет пен буын ауруын сезінбейді, тұмауды дегенді атымен ұмытады. Ал, психологиялық тұрғыдан өзіне деген сенімі артып, ұстамды, төзімді бола түседі, бойдағы күш-қуаты еселенеді. Сондай-ақ, суық су адам ұйқысы мен тәбетіне де оң әсерін тигізеді екен. 

Тағы оқыңыз:

"Адам ағзасында адреналиннің бөлінуі күшейіп, жүрек қағысының жиілеуіне әкеледі, қысым көтеріледі, иммунды жүйеге әсерін тигізеді. Осы сәтте организм күреседі, терморегуляцияның барлық тетігі қарқынды жұмыс істей бастайды, қан тамырлары жаттығады. Адам мұздай суға түскенде, қан тамырлары тарылады. Ал судан шыққан кезде, керісінше, кеңейеді, осылайша қан тамырларының тонусы көтеріледі", — дейді бас дәрігердің орынбасары. 

Сонымен қатар, қаннан "бақыт гормондары" бөлініп, соның әсерінен адамның көңілі көтеріліп, ауру-сырқауды ұмытады. 

Лимон мен стақан, тұмау - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Тұмаудың қалай алдын аламыз: астаналық дәрігерден 10 кеңес
Шомылу ма, жоқ әлде мұздай су құйыну ма?

Кейбір адамдар қыста суық суға түспесе де, жыл бойы мұздай су құйынып, саламатты өмір салтын ұстанады. Осы орайда екеуінің қайсысы адам денсаулығына пайдалырақ деген сұрақ туындайды. Дәрігер Гүлмира Сүлейменова бұл екі рәсімді бір-бірінен ажыратуға келмейтінін айтады. 

"Суға шомылу мен үстіңе мұздай су құйыну – екеуі де бір процестің кезеңдері. Яғни, біз, ең алдымен, салқын сумен денені ысқылаймыз, кейін су құйынып бастаймыз. Бұл тұста су температурасы да өте маңызды рөл ойнайды. Алдымен дене шыдайтын температураны таңдаған дұрыс, кейінірек, біртіндеп салқындата беруге болады. Тек осыдан кейін ғана суға шомылуды бастау керек", — деді ол. 

Мұздай судың көмегімен созылмалы аурудан айығуға бола ма?

Суық судың адам денсаулығына пайдасы зор болғанымен, дертке дауа бола алмайды екен. 

"Әңгімеміздің басында суға шомылудың пайдасы мен зияны туралы біраз айттық. Десе де, мұздай су созылмалы аурулардан құлан-таза арылуға көмектеспейді. Шомылу арқылы ағзаны шынықтырып, иммунитетті күшейтуге болады, бірақ одан артық ештеңе күтпеңіз", — дейді Сүлейменова.

Шоқындыру мерекесінде алғаш рет суға түссе не болады?

Қаңтардың 19 жұлдызында христиандар шоқыну мерекесін атап өтетіні бәрімізге белгілі. Бұл күні әр өңірде тұрғындар далаға шығып, арнайы белгіленген орындарға мұздай суға түседі. Олардың арасында суға алғаш түскелі жатқан жандар да бар. 

Суға шомылу - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Шоқындыру мерекесінде суға шомылғысы келгендерге аса маңызды ескерту жасалды
"Егер адам 10 секундқа суға сүңгіп шыққысы келсе, ол бұған психологиялық тұрғыдан іштей дайын болуы керек. Мұндай қадамға бармас бұрын дәрігерге қаралып, ауру-сырқауының бар-жоғын анықтап алғаны жөн", — деп кеңес берді дәрігер. 

Сүлейменованың айтуынша, бұл күні суға мас күйінде және тамаққа әбден тойып алып түсуге болмайды. Тағы бір есте ұстайтын жәйт, үстіңіздегі киіміңізді суға түсетін кезегіңіз келгенде ғана шешіңіз. Жалаң аяқ мұздың үстінде тұруға болмайды. 

"Суға кіргеннен кейін, 10 секундтан артық түспеңіз. Судан шығып, орамалмен сүртініп, киімдеріңізді киіп алыңыз. Сосын ыстық шаймен жылыныңыз. Ішімдікпен бойды жылытуға тыйым салынады", — деді бас дәрігердің орынбасары. 

Жүрек, жүйке аурулары, туберкулез, простатит, ми қан тамырларының аурулары, демікпе, суыққа аллергиясы бар адамдарға мұздай суға түсуге мүлде болмайды. 

Денені шынықтырудың қарапайым жолдары

Дәрігер ағзаны шынықтырудың суық судан басқа да қарапайым әдістерін айтып берді. Оның айтуынша, алдымен еңбек пен демалыс режимін қатаң сақтау керек. 

"Сегіз сағаттан кем ұйықтамауға кеңес беремін. Жұмыс күніңіз де 8-9 сағаттан аспасын. Біздің адамдар өздерін ештеңе мазаламаса, денсаулығына мән бермей жүре береді. Бұл дұрыс емес", — дейді ол. 

Бұған қоса, саламатты өмір салтын ұстанудың тағы бір қағидасы – дұрыс тамақтану. 

"Қазір гастрит, семіздік, асқазан жарасымен ауыратын адамдар қатары көбейіп кетті. Мұның себебі дұрыс тамақтанбауда жатыр. Фастфудтан мүлде бас тартыңыз не болмаса, сирек жеуге тырысыңыз. Таңғы, түскі, кешкі асты уақытымен ішкен абзал", — дейді Сүлейменова. 

Тағы оқыңыз:

Сонымен қатар, дәрігер физикалық белсенділік те маңызды рөл ойнайтынын атап өтті. Ол аз қимылдайтын жандарға аптасына екі-үш рет спортпен шұғылдануға кеңес берді. Егер оған да мүмкіндік болмаса, күніне бір мезгіл жаяу жүріп, терлеу керек дейді Сүлейменова.

Жаңалықтар
0