Владислав Челах

Арқанкергендегі қырғын: Бүгін 15 адамды өлтірген Челахтың ісі қайта қаралады

2583
(Жаңартылды 20:17 22.01.2019)
Владислав Челахтың ісін қайта қарау БҰҰ комитетінің шешімімен байланысты

АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Бүгін Астанадағы Жоғарғы сотта 14 шекарашы мен бір қорықшыны өлтірген Владислав Челахтың ісі қаралады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Өткен аптада Жоғарғы сот Челахтың істі қайта қарау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сотталушының ісін қайта қарау БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау комитетінің шешімімен байланысты.

Елді есеңгіреткен трагедия қалай болды?

Осыдан 6 жыл 8 ай бұрын, яғни 2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан "Арқанкерген" шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. 

Мамыр айының соңғы күндерінде Арқанкергендегі шекарашылармен байланыс кенеттен үзіледі. Екі күннен кейін – 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді. 

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған. 

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. 

5 маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев біркүндік ұлттық аза тұту күнін жариялады. 

Челахтың ісі

Тергеу нұсқасы бойынша, шекара бекеті жеке құрамының қатардағы сарбазы болған Владислав Челах өз қызметтестерін атып өлтіріп, қылмысын жасыру үшін казарманы өртеп, қорықшының көзін құртқан. 

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот Челахты 15 адамды өлтіріп, мемлекеттік құпияны жария етіп, таратқаны үшін, сондай-ақ қару ұрлап, әскери мүлікті жойып, әскерден қашқаны үшін айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 

Ең алғаш ұсталған кезде қарағандылық жігіт бірнеше адамды бір өзі жайратып салғанын мойындады. Бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол оған қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын мәлімдеді. 

2013 жылдың 21 маусымында Қазақстанның Әскери сотында Челахтың адвокаты Серік Сәрсеновтің кассациялық шағымы қаралды. Алайда айыптау үкімі өзгеріссіз қалды. 

2016 жылы Сәрсенов БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінді. Кейінірек БҰҰ комитетіндегілер Челахтың ісін қарау кезінде халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісі бұзылды деген шешім шығарды. 

Тағы оқыңыз:

2018 жылдың 23 наурызында адвокат Серік Сәрсенов ұзаққа созылған дерттен көз жұмды. 

"Қара бүркітте" немен айналысып жүр?

Қазір Владислав Челах Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында өмір бойына сотталғандар отыратын түрмеде жазасын өтеп жатыр. Аталған түрме көпшілікке "Қара бүркіт" деген атпен танымал. 

Челахтың туысқандары мен жақындары оның кінәлі екеніне сенбейді. Жылына төрт рет абақтыға барып, хал-жағдайын біліп тұрады. 

Бұған дейін Sputnik Қазақстанға берген сұқбатында Владиславтың атасы немересінің түрмеде грек және ағылшын тілдерін меңгеріп, құқық оқып жатқанын айтқан еді. Оған қоса, йогамен айналысады екен. 

Сот "Арқанкергендегі" қанды қырғынға нүкте қойғаннан кейін, Челахтың отбасы Ресейге көшіп кетті. Анасы ұлымен жиі хат жазысып тұрады. 

Қазіргі "Арқанкерген" 

Ел есінде қайғылы оқиғамен жатталып қалған "Арқанкерген" шекара бекеті таулы аймақта орналасқан. Алматы облысы Үшарал қаласынан 200 шақырым қашықтықта. Жыл сайын жаз кезінде бұл жерге Үшаралдан шекарашылар жасағы жіберілген екен. Себебі осы мезгілде Қытайдың шекаралас аудандарының тұрғындары таудан дәрілік шөп жинау үшін Қазақстан аумағына кіреді, ал шекарашылардың міндеті – осындай заң бұзушылықтардың алдын алу болған. 

Алты жыл бұрынғы трагедиядан кейін шекара бекеті қалпына келтірілмеген. Мемлекеттік шекараның бұл учаскесі шекара авиациясы, сондай-ақ шекараны қорғаудың заманауи техникалық құрылғыларымен күзетіледі.

2583
Кілт сөздер:
қорықшы, Арқанкерген, шекара бекеті, шекарашылар, үкім, сот, БҰҰ, Жоғарғы сот, Владислав Челах, Серік Сәрсенов, Астана
Архивтегі фото

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтанда арнайы операция өткізді  

1253
(Жаңартылды 12:43 13.08.2020)
Қазақстанның үш азаматы мен бір шетелдік Ақмола облысында психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ашқан

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық тергеу департаменті мен Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы жасағы Нұр-Сұлтанда арнайы операция өткізді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқи отырыңыз: ҰҚК гаражды жасырын зертханаға айналдырған ер адамды ұстады

Құқық қорғаушылар Қазақстанның үш азаматы мен бір шетелдікті ұстады. Күдіктілер Ақмола облысында психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ашқан. Ал заңсыз тауарды Нұр-Сұлтан қаласында таратқан.

"Есірткі Интернет желісіндегі "Deep Web, Darknet" көлеңкелі сегментінің платформасында "закладок" деп аталатын жолмен сатылған.  Тінту кезінде есірткі мен психотроптық заттар, сондай-ақ оларды жасау кезінде қолданылатын химиялық реагенттер мен құрал-жабдықтар табылды", - делінген ресми хабарламада.  

Ұсталған адамдар комитеттің тергеу абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ірі зертхананы анықтаған болатын. 27 шілде күні Алматы қаласында екі ер адам ұсталды. Күдіктілер есірткі затын сатудан түскен ақшаға "Іле-Алатауы ұлттық паркі" аумағынан коттедж сатып алып, онда "мефедрон" өндіретін жасырын зертхана ашқан. Тәркіленген есірткі партиясының "қара нарықтағы" құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.

1253
Кілт сөздер:
операция, ұлттық қауіпсіздік комитеті
Тақырып бойынша
Арнайы операцияның видеосы: ҰҚК екі қылмыстық топ туралы ақпарат жариялады
Арнайы операция: ҰҚК қылмыстық топты ұстады  
Алматы облысында "Нұр жолы" бекетінде сегіз кеденші ұсталды
Жол жиегінде тұрған троллейбустар, архивтегі сурет

Алматы троллейбустан бас тарта ма: Сағынтаев жауап берді

42
(Жаңартылды 10:48 13.08.2020)
Мегаполис әкімі пандемияға байланысты желілерді жаңартуға бөлінген қаражат үш есеге қысқартылғанын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, "Алматы" телеарнасында Akimat LIVE бағдарламасының эфирінде троллейбус инфрақұрылымын жаңғырту туралы тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Коронавирустың кесірінен барлығына шығындар азайтылды. Бізді троллейбустардың жағдайы қызықтырады. Көбіне байланыс желілері істен шығып, троллейбустар көшедегі қозғалысты жиі тоқтатып жатады. Бәлкім, трамвай сияқты, троллейбустан да бас тартқанымыз жөн болар," - деп сауал қойды қала тұрғыны.

Сағынтаев өз жауабында бұл мәселе күн тәртібінде емес екенін айтты.

"2019 жылы біз олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс желілері мен қосалқы станцияларды модернизациялау бағдарламасын қабылдадық. Биыл пандемияға байланысты бұл шығындарды біршама төмендеттік, ол жоспарланған 5 миллиардтың орнына 1,7 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңына дейін шамамен 16 көшенің желісі жаңғыртылатын болады", - деді ол.

Қала әкімінің айтуынша, троллейбус инфрақұрылымын толық жаңғырту, оның ішінде 172 шақырым байланыс желісін ауыстыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

"2020 жылдың соңына дейін Жандосов, Сейфуллин, Қабанбай батыр, Әуезов, Розыбакиев, Жұбанов, Райымбек, Емцов, Қалдаяқов, Пушкин көшесінің бойында, Рысқұлов пен Райымбек даңғылының бойындағы байланыс желісінің тіректерін бөлшектеу және орнату жоспарлануда", - деп толықтырды Сағынтаев.

Айта кетейік, кабельдік және байланыс желілеріне күрделі жөндеу соңғы рет 2000 жылы жүргізілген.

Алматыда троллейбустар қай кезден бері жүреді?

Алматы қаласында алғашқы троллейбус соғыс кезінде – 1944 жылдың 20 сәуірінде іске қосылды. 1960 жылы троллейбус желісінің ұзындығы 34,4 шақырымға жетсе, он жылдан кейін – 151 шақырымды құрады.

Оқи отырыңыз: Фотодерек: Алматыда троллейбус кептелісі болды

Сағынтаевтың айтуынша, қазір троллейбустардың жалпы саны 194. Алайда, бүгінгі таңда Алматыда күн сайын сегіз бағдар бойынша 160 троллейбус орта есеппен 120 мың адамға қызмет көрсетеді. Айына 2,5 – 3 миллион жолаушы аталған көліктің қызметін пайдаланады.

Ал троллейбус желісінің жалпы ұзындығы 191 шақырымды құрайды.

42
Кілт сөздер:
Бақытжан Сағынтаев, қоғамдық көлік, Алматы
Тақырып бойынша
Алматыда бетперде таққан автобус пайда болды - фото
Түркістан облысында 238 қоғамдық көлік жаңартылды
Алматыда қоғамдық көлік жолаушыларының саны 80%-ке азайды
Алматыда троллейбус өртенді
Алматыда троллейбус жас жігітті басып кетті: жүргізуші ес-түссіз болған
Шымкент, қала келбеті

Шымкенттегі жағымсыз иістің себебі анықталды

0
Қазгидромет мамандары жалпы қала бойынша 7-12 тамыз аралығында ластану деңгейі жоғары болмағанын хабарлады

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Шымкент тұрғындары қаланың кей аудандарында пайда болған жағымсыз иіске шағымданды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің "Қазгидромет" РМК өңірлік филиалы осыған байланысты тексеріс жүргізді.

"Шымкентте алты бекетте атмосфералық ауаны бақылау жұмыстары қолға алынды. Оның төртеуі қолмен сынама алу арқылы, екеуі автоматты түрде жүргізіледі. Тексеріс барысында 11 көрсеткіш анықталады: қалқыма бөлшектер (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді, көміртек оксиді, аммиак, формальдегид, күкіртсутек, озон", - деп хабарлады Қазгидромет.

Екі бекетте шекті рұқсат етілген норма деңгейі асып кеткені белгілі болды.  

  • Самал-3 шағын ауданындағы №5 бекетте 7 және 11 тамызда қалқыма заттар (шаң)  көлемі 2 шекті рұқсат етілген нормаға дейін 10 рет және РМ-10 қалқыма бөлшегі дәл осы күндері 1,5 шекті рұқсат етілген нормаға дейін 5 рет асып кеткені анықталды;
  • Нұрсат шағын ауданындағы №6 бекетте азот диоксиді 9 тамызда 1,6 шекті рұқсат етілген нормаға дейін бір рет, сондай-ақ, аммиак 7 тамызда 6,0 шекті рұқсат етілген нормаға дейін бір рет асып кеткен.

"Қалған заттар бойынша шекті нормадан асып кету фактісі тіркелген жоқ. Жалпы қала бойынша жоғары (10 шекті рұқсат етілген нормадан көп) және экстремалды жоғары ластану (50 шекті рұқсат етілген нормадан көп) жағдайлары тіркелген жоқ",- деп хабарлады Қазгидромет.

Шекті рұқсат етілген нормадан асып кету жағдайларының жиілеуіне байланысты "Қазгидрометтің" өңірлік филиалы  қаланың кей аудандарында атмосфералық ауаны жоспардан тыс өлшеп жатыр. Жоспардан тыс өлшеу шараларының нәтижесі қосымша жарияланады.

0
Кілт сөздер:
Қазгидромет, Шымкент
Тақырып бойынша
Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріле ме: экологтар талабына министр жауап берді
Айыппұл өседі – Тоқаев министрге тапсырма берді
Үкімет Көбейтұзға қатысты шешім шығарды
Туристер Қазақстанның ең таза өзені ағып келетін Сілеті су қоймасын ластап жатыр