Анасы мен баласы

Кіндік әке-шешенің бала өміріндегі рөлі қандай?

1176
(Жаңартылды 13:16 06.02.2019)
Қазақ халқы әрдайым кіндік шешенің бала өмірінде өзіндік орны бар деп есептеген. Оны баланың туған анасынан кейінгі орынға қойып, ерекше қадір тұтқан. Тіпті, кіндік шеше туралы сәби әйелдің бойына біткен күннен бастап ойланған

АСТАНА, 28 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Баланың кіндігін екінің біріне, егіздің сыңарына кестіре бермеген. Ол үшін ел ішінде сыйлы, дана, қамқоршы әйелдерді таңдаған. Мұнымен қатар, сәбидің ата-анасы қолқа салмаса да, туған-туыс, дос-жаран арасынан суырылып шығып, болғысы келетінін айтқандар да кездескен. 

Қазақ қоғамында көпке дейін кіндік шешені сәбидің әкесінің анасы таңдаған. Себебі, ол көпті көрген, көкірегі ояу әрі ел ішіндегі қыз-келіншектердің мінезін жақсы біледі. Оның үстіне халық "Сәбидің мінезі кіндік шешесіне тартады" деп сенгендіктен, пысық, мінезі жайдарлы, адамгершілігі мол жандарды таңдауға тырысқан. Кейде сәбидің кіндігін ер адамдар да кеседі. Мысалы, танымал әнші Дастан Оразбеков тұңғышының кіндігін өзі кескен.

Кіндік шешенің міндеті қандай?

Алдымен, бала дүниеге келісімен дауысы шығуы үшін құйрықтан шарт еткізіп ұрып, кіндігін кеседі. Кейін таза жіппен байлап, түбіне күл себеді. Қазақ тіліндегі "кіндік кескен жер", "кіндік қаны тамған жер" деген қадірлі, қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты айтылған.

Әйел "кіндік шеше" болса, оның ері де "кіндік әке" атанады. Бұл — бір шетінен отбасылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын абыройлы іс. Кіндік шешеге әйел босанған кезде қасында болу, кейін ана мен сәбиге күтім жасау деген секілді біршама міндет жүктелген. "Апта толғақ", "ай толғақ" деп әйелдің босанатын уақытын есептеп, ол босанғанға дейін үй шаруасына да көмектескен. Мұнымен қатар, нәресте қырқынан шыққанға дейін киетін көйлек тігіп алып келеді. Бала ер жетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қылдырмай, әрдайым қамқор болады.

Тағы оқыңыз:

Сәбиді дүниеге шыр етіп түскен кезде төменнен жоғары қарай көтеріп алып анасымен алғаш кездестіретін де осы кіндік шеше. Көп ұзамай кіндік шеше де, әке де сәбидің отбасының айнымас бөлігіне айналады. Кіндік шеше босанған әйелге қалжа әкеледі. Тіпті, жарыс қазан кезінде ол да бір қазан қайнатып, қонақ дастарханның жартысын өзі көтереді. Ал баланың әке-шешесі өз кезегінде оған қалаған сый-сияпатын береді. Мұнымен қатар, бала да есейген соң әке-шешесінің жақсылығын ескеріп, оған кіндік кесер береді. Туған ата-анасынан кем көрмей, әрдайым сыйлап өтеді.

"Тарихта Абылайдай хандар өкіл әкенің тәрбиесінде болған"

"Абылай хан секілді ел басқарған хандар мен өзге де билік өкілдері "өкіл, көкіл немесе көке" деп атайтын туыс ағайындардың тәрбиесінде болған. Олар — көбінесе сегіз қырлы, бір сырлы, білім мен ғылымға жақын жандар. Бүгінгі таңда кіндік әке мен шеше де дәл осылай бір кісідейін бала тәрбиесіне атсалысады. Әдетте кіндік әке мен шешені сәби туа салғанда тағайындайды және олар да бала есейіп, ер жеткенше қамқор болады", — Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыран.

Тағы оқыңыз:

Мұнымен қатар, тарихшы ертеде Бұхар қаласында Мәшһүр Жүсіп секілді тұлғалар білім алған "Көкілташ" деп аталатын медресенің болғанын айтады. Осы дәстүрмен Алматы қаласында да дәл осылай аталатын жеке мектеп ашылған болатын.

"Кеңес заманында туғандар кіндігін кім кескенін білмейді"

Он бір баланың анасы Оразхан Сатымхан көпке дейін қазақ қоғамында кіндік әке мен шеше деген ұғымның ұмыт болып келгенін жеткізді. Яғни балаларының кіндігін қай дәрігердің кескені белгісіз. Себебі, ол кезде ауруханада әртүрлі ұлт өкілі жұмыс істейтін. Сондай-ақ әр анаға тиісті деңгейде көңіл бөліне бермейтін. 

"Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келген сәбилердің көпшілігі өзінің кіндік шешесі кім екенін білмейді. Қазақта "Бала кіндік шешесіне тартады" деп бекер айтылмаса керек. Шыр етіп дүниеге есігін ашқан сәбидің кіндігін кім кессе, ол соған тартады. Біз сенген түсінік осы болды. Алайда мен босанған 60-80-жылдар аралығында әр босандырған дәрігердің атын атап, түсін түстеуге мүмкіндік болмады. Оның үстіне босанушылардың да саны көп еді. Бірақ ырымдап ауыл ішінен, ағайын-туысқан арасынан бір кіндік шеше тағайындайтынбыз. Ол күнделікті келіп өз міндеттерін атқармаса да, балаларым әйтеуір бір кіндік шешесі мен әкесінің барын біледі. Яғни ол замандағылар үшін осының өзі жеткілікті болды", — дейді жетпіс жастағы кейуана.

Шариғат не дейді?

Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Әйгерім Ерболатқызы Исламда "кіндік шеше" дейтін түсінік жоқ екенін айтады. Десе де шариғат осы секілді дінге теріс келмейтін дәстүрлерді құптайды. Сол себепті "кіндік шеше" атану шариғат бойынша күнә емес. Мұнымен қатар, кіндік шеше мен сәбидің отбасының арасында туыстық байланыс болмаса, олар бір-біріне қыз берісіп, қыз алыса алады.

Тағы оқыңыз:

"Ертеректе емшек сүті мол үй қызметшілері, бала тәрбиешілері, өзге де босанған әйелдер сүті шықпаған әйелдің сәбиін емізетін болған. Осыған қатысты Исламда "сүт бауырлар" деген ұғым бар. Яғни сәбилер жақын туыс болмаса да, бір ананың сүтін емсе, олардың ересек шақта отбасын құруына тыйым салынады", — дейді Әйгерім Ерболатқызы.

"Кіндік әке-шеше достықтың символы іспеттес"

Алматылық психолог Сәлима Сатылғанқызы кіндік шешенің бала өміріндегі рөлі айтарлықтай зор екеніне назар аударды. Себебі кей жағдайда бала ата-анасы бере алмаған жылуды осы кіндік әке-шешесінен алып жатады. Сондай-ақ көбінесе білімді, дәулетті адамдардың да таңдалуының өзіндік себебі бар.

"Кіндік әке-шешенің бала өмірінде атқаратын рөлі шексіз. Бірінші орында сәбидің өз ата-анасы, екінші орында кіндік әке-шешесі тұрады. Жасы кішкене сәби өз анасынан мейірімділік пен жылылық көріп өссе, кіндік әке-шешеден өмірлік сабақ алады. Бір шетінен ол өмір атты ұзақ жолда жетекшінің рөлін атқарады десек те артық емес. Қазақ халқы кіндік әке мен шешеге үлкен талап қойып, тілек білдірген. Әдетте кіндік әке-шеше ретінде өз балаларын аяғынан нық тұрғызып, жақсы тәрбие берген, ел ішінде аса қадірлі жандар таңдалған. Байлығына емес, рухани мәдениеттілігіне, табиғи шынайылығына, қара қылды қақ жаратын әділді болуына қараған", — дейді психолог Салима Сатылғанқызы.

Сондай-ақ маман қазіргі заманда кіндік шешенің сәл "мазмұны өзгергенін" айтады. Бұл көбінесе "кіндік ақы" берерде отбасылардың сый-сияпатты молынан беруге тырысатынымен байланысты. Бұдан өзге Сәлима Сатылғанқызы кіндік әке-шешенің бала үшін бірлік пен достықтың сиволы іспеттес екеніне назар аударды.

Ал, Сіз құрметті оқырман, өзіңіздің кіндік әке-шешеңіздің кім екенін білесіз бе? Олардың өз өміріңіздегі орны қандай?

1176
Кілт сөздер:
кіндік шеше, салт-дәстүр, психолог, бала тәрбиесі, ана мен бала
Тақырып бойынша
Мамандар ата-әженің қолында өскен баланың болашағы қандай болатынын айтты
Арыстан сәбиге "бас сала жаздады" - видео
Астанада сәбиге Бәйдібэкспо есімі берілді
Көкшетауда дәрігерлер салмағы 700 грамм сәбиге ота жасап, өмірін сақтап қалды
Ақтауда қыз баланың асқазанынан 3,5 келі шаш шықты
"Мазақ қылды!". Он баланың анасы мерекеге 8 бөлке нан сыйлаған әкімдікке ренішін айтты
Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?
Загрузка...