Ручка и бумага

"Алланың осы сынақты бергеніне шүкір" Гауһар Әлімбекова түрмеден хат жолдады

783
Өнер жұлдызы жәбірленуші Бақыт Назароваға жамандық тілемейтінін, Алла разылығы үшін кешіргенін жазған

АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Алаяқтық жасады деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айырылған белгілі әнші Гауһар Әлімбекова түрмеден хат жолдады.

Әншінің хатын журналист Бибігүл Дәулетбекқызы инстаграмындағы парақшасында жариялаған.

"Қалайсыңдар? Менде бәрі тамаша!!! Қайран Қазағым-ай, не боп кетті, түсінбей қалдым. Ешбір дәлел болмаса да, ең бастысы, ақшаны алған адам толық мойындап тұрса да, қалай бәрі астан-кестен боп кетті, мең-зең боп, жүрегім бір сәтте тоқтап қалғандай болды... Алаяқтық деген де үлкен бір өнер ғой, менің қолымнан ән шығарып, сол әнді жеткізгеннен басқа ешнәрсе келмейді, қайтем, маңдайға жазылғанды көріп жатырмын. Мүмкін, Бақыт тәте мені темір торға отырғыздым деп, мәз боп, бақытты боп жүрген шығар, мен оған жамандық тілемеймін, Алла разылығы үшін кешірдім. Алланың осы бір сынақты бергеніне шүкір", - деп жазған әнші хатында.

Әлімбекова бас бостандығынан айырылса да, Аллаға деген сенімі мен халықтың ыстық ықыласын, өзінің халыққа деген зор махаббатын ешкім де тартып ала алмайтынын айтқан.

"Себебі, шығарып алған қолыма гипс салдыруға емханаға апарғанда, сол жердегі қыз-келіншектер мені танып қойып, құшақтап жылап, "сабырлы бол" дегенде, түк түсінбей, бұлар қайдан біледі деп тұрып қалдым. Сөйтсем, бәрі инстаграм желісінен хабардар екен. Көзімнің жасы мөлт-мөлт етіп, "Бір тамшы көздің жасындай" болды. Қысқасы, мейлі, уайымдамаңыздар, бәрі жақсы, Алла нәсіп етсе, амандықпен кездесерміз!", - делінген хатта.

Еске сала кетсек, 30 қаңтарда өткен отырыста сот алдында екі әйел – 2016 жылы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған Феруза Ордабаева мен танымал қазақстандық әнші Гауһар Әлімбекова жауап берді.  Анықталғандай, айыпталушылар танысына ірі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып беруді уәде еткен, алайда уәдені орындамай, ақшаны қайтармай қойған.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен Гауһар Әлімбекова айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы оқыңыз: Елден жасырған ұл, коттедж жыры, ұшақтағы шу: Дауға қалған шоу-бизнес жұлдыздары

Феруза Ордабаева 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол бұған дейін де сотталып, жазасының бір бөлігін әлі өтемеген болып шықты. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР заңына сәйкес, оның жаза мерзімі 3 жыл 6 айға дейін қысқартылған. Нәтижесінде Ордабаева 7 жылға сотталды.

Отандық жұлдыздар әншіге қолдау білдірді. Кейінірек, Гауһар Әлімбекова Қазақстан президентіне алаяқтардың құрбаны болғанын айтып хат жазғаны белгілі болды.

783
Кілт сөздер:
әнші, Алматы, түрме, алаяқтық, хат, Гауһар Әлімбекова
Загрузка...