Беременность

"Жағымсыз әсер қалдырды" Ер адамның әйелімен бірге босануға кіргені дұрыс па?

768
Акушер "серіктеспен босану – сән емес, қажеттілік" десе, ал имам шариғат тұрғысынан тыйым салынбағанын алға тартады

АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Нұргүл Абай. Бүгінде айы-күні жетіп, босанғалы жатқан әйелімен босану залына бірге кіретін еркек кіндіктілерді жиі көреміз. Осыдан он-он бес жыл бұрын қазақ қоғамы үшін бұл жат әрі ұят нәрсе болса, бүгінде отандық медицинада "серіктеспен босану" үрдісі кең таралған. Ал босану процесіне куә болған ер адамдардың өздері не дейді? Жалпы, серіктеспен босануға қатысты шариғатта не айтылған?  Sputnik Қазақстан тілшісі осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеп көрді.

"Ұлымды қолыма алуға да шамам болған жоқ"

Астана тұрғыны Жақсылық Нұрманов – үш баланың әкесі. Тұңғышы шыр етіп дүние есігін ашқанда, босану залында әйелімен бірге болған. Айтуынша, олар серіктеспен босануды мүлде жоспарламаған, бәрі аяқ астынан болыпты. Сол бір қорқынышты да қуанышты күнді елордалық тұрғын былай деп еске алады.

"Түнгі он екінің кезі еді. Келіншегімнің толғағы қысып, жедел жәрдем шақырып, перзентханаға апардым. Ол кезде біз елорданың шет жағында тұратын едік. Дәрігерлер "үйіңе бара бер, хабарын береміз" деген соң, еш алаңсыз үйге қайттым. Содан ойымда ештеңе жоқ, жастыққа жантайып, ұйқыға кеттім. Бір сәтте телефон шыр ете түсті. Қарасам, хабарласып жатқан әйелім екен. "Маған кесарь тілігін жасап тастады" деп айғайлап жылап жатыр. Мұны естіген мен "дәрігерлер менен неге рұқсат сұрамады" деп ашуланып, таксимен перзентханаға жеттім. Сөйтсем, ұйқылы-ояу әйелімнің не айтқанын дұрыс түсінбеппін. Ол, керісінше, жаны әбден қиналғаннан "маған кесарь тілігін жасасын, айтшы" деп өтінген екен. Содан дәрігерлер "әйеліңіздің мінезі шатақтау екен, қасында тұрмасаңыз болмайды" деп, мені босану залына кіргізіп жіберді", - дейді ол.

Жас әке келіншегінің босанған сәтін өз көзімен көру өзіне оңай соқпағанын жасырмады.

"Не істерімді білмей қалдым. Әйелімнің жаны қиналғаны соншалық, қолымнан қатты қысып, ұстап алған. Өзім теріс қарап бұрылып тұрдым, ақ тер-көк терге түстім. Бір уақытта "босанды" деді, баланы ұрып жатқаны ғана есімде. Осыдан кейін аздап есімді жоғалттым ба, мелшиіп тұрып қалдым. Дәрігер менен ұлды болдың деп сүйінші сұрап жатыр екен, ал мен оны естімей тұрмын. Сәбиді қолыма ұстауға шамам болған жоқ, бірден далаға атып шықтым. Таза ауада сәл тыныстап, есімді жиған соң ғана баламды көрдім", - деп әңгімесін жалғады Нұрманов.

Бұл жағдай әкенің психологиясына еш кері әсерін тигізбесе де, ол осыдан кейін босану залының табалдырығынан аттамаймын деп отыр. Оның пікірінше, серіктеспен босану – қазақтың салт-дәстүріне, менталитетіне жат нәрсе.   

"Ертеректе ата-бабамыз әйелінің айы-күні жақындағанда, атқа мініп, түрлі шаруамен үйден алыстайтын болған. Сондықтан толғатып жатқан әйелдің үстіне кіру менің тәрбиеме жат. Өз басым мұны құптамаймын. Маған жағымсыз әсер қалдырды", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Әйелмен арадағы жанжалды қалай шешуге болады?

Тұңғышының өмірге келу сәтіне кездейсоқ куә болған астаналық тұрғын сол санаулы уақытта анасының қадірін көбірек түсінген көрінеді.  

"Халқымыздың "анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың" дана сөзі бар ғой. Сол рас екен. Толғақтың әйел адамға оңай соқпайтынына көзім жетті", - дейді Нұрманов.

Серіктеспен босану сән емес, қажеттілік

Астанадағы №3 перинаталды орталығында босану бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Эльмира Әлімжан ер адамның өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан әйелінің жанында болуы құптарлық іс деп санайды. Айтуынша, бүгінде босанатын әйелдердің 98%-і қастарына жақындарын ертіп әкеледі.

"Серіктеспен босану – шет елдерде бұрыннан бар тәжірибе. Ал Қазақстанға 2010 жылдан бастап ене бастады. Бүгінде бұл үрдіс отандық медицинада кең таралған. Қазіргі таңда бұл сән емес, қажеттілік. Себебі, бұл ерлі-зайыптының қиналған сәтте бір-бірін демеп, қолдау көрсетуі", - дейді акушер.

Айтуынша, серіктеспен босану кезінде әйелдің қасында міндетті түрде күйеуінің болуы шарт емес. Кез келген әйел анасын, енесін немесе жақын құрбысын кіргізе алады.

"Қазіргі таңда жүкті әйелдердің дені өзімен бірге босануға анасын немесе бұрын босанған құрбыларын алып келеді. Мен мұны құптаймын. Себебі, босану – қиын процесс, жауапты сәт. Толғағы қысқан әйел айғайлайды, жылайды, жанұшыра көмек сұрайды. Сол сәтте оның көңілін аулап, тамағын беріп, киімін ауыстыратын жақын адамының болғаны өте маңызды. Кейбір серіктестер бар, бірге келеді де, ештеңе істемей, шетте қарап отырады. Тек сәби туған кезде, туған туыстарынан сүйінші сұрап, кетіп қалады. Серіктестің бар міндеті сол деп ұғынады. Ал шын мәнісінде олай емес" – дейді акушер.

Әйеліне серік болып, босануға кіргісі келетін ер адамның міндетіне – толғақ арасында әйеліне су беру, терін сүртіп, белін уқалау, оны тамақтандырып, тыныштандыру, дұрыс тыныс алуын қадағалау, босанған кезде ыңғайлы позаны таңдау кіреді. Жарын мақтап, жылы сөз айтқанның өзі әйелге үлкен көмек екен.

"Серіктес болған кезде, біз де дәрілерді аз қолданамыз. Босанудың жақсы өтуі көп жағдайда әйелдің серіктесіне байланысты", - дейді Әлімжан.

Десе де босану бөлімінің меңгерушісі алғаш кірген ер адамдардың бойын үрей билейтінін жасырмады.

Тұсаукесер
Национальный музей Казахстана
"Қалай дегенмен, ер адамдардың жүйкесі әйелдерге қарағанда әлсіздеу, күйзеліске төтеп бере алмайды. Сондықтан бірінші рет дайындықсыз келген болашақ әкелер қорқып, тіпті кейбірі әйелінің қиналысын көрген сайын, палатадан шығып айғайлап көмек сұрайды",- дейді дәрігер.

Бірақ, есінен танып, күйзеліске түскен бірде бір әкені осы күнге дейін көрмеген.

"Дүниеге сәби келгеннен кейін, оны қолына алып, иіскеп, қорқынышын ұмытып кетеді. Алайда кей адамдарда серіктеспен босанудың салдары байқалуы мүмкін", - деп ескертті ол.

Акушердің айтуынша, әйелінің қалай босанғанын бірінші рет көргендер одан әрі босану залына кіре қоймайды. Көп жағдайда жақын туыстарын жібереді екен.

Күйеуінің бірге кіргеніне шариғат не дейді?

Серіктеспен босануға шариғат бойынша ешқандай тыйым салынбаған екен.

Тағы оқыңыз: Баланы бесікке бөлеу пайдалы ма, әлде зиян ба?

"Ер адамның әйелімен бірге кіргенінде еш сөкеттік жоқ. Шариғат бойынша ешқандай тыйым салынбаған, бірақ міндеттелмейді де. Себебі ерлі-зайыптының арасында әурет, ұятты жер деген мәселе жүрмейді. Бірақ, міндетті түрде қатысуы керек деп те айтылмаған", - дейді Қарағанды облысы Әнет баба мешітінің наиб имамы Ысқақ Әбдірахманов.

Имамның өзі ер адамның серіктеспен босануға қатыспағаны абзал деп санайды.

"Бұл оның психологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін. Жұбайының қатты қиналғанын көріп, күйзеліске түсіп, жан-дүниесіне зақым келеді деп ойлаймын. Ал енді шариғатқа салатын болсақ, ешқандай тыйым жоқ", - деді ол.

Серіктеспен босану ажырасуға әкеп соғуы мүмкін бе?

Белгілі психоаналитик Жанар Оспанова бір-біріне өкпе-реніші бар ерлі-зайыптыға мұндай қадамға бармауға кеңес береді. Себебі екі жұптың арасындағы қарым-қатынас одан әрі қиындап, өрши түсуі мүмкін екен.

"Егер ері мен әйелінің әңгімесі жарасқан, үйлесімді, берік отбасы болса, онда босану процесіне қатысқаны дұрыс, әрине. Серіктеспен босанудан кейін мұндай ерлі-зайыптының қарым-қатынасы, бір-біріне деген сезімі одан әрі күшейіп, нығая түседі. Бірақ, "сен міндетті түрде жанымда болуың керек" деп мәжбүрлеуге де болмайды. Ал егер ерлі-зайыптының арасында кикілжің, өкпе-реніш болса, серіктеспен босану мұны ушықтырып жібереді. Себебі бала туу әйел адам үшін үлкен күйзеліс. Ал жарын мұндай күйде көрген ер адамдар не істерін білмей қалады. Түптің түбінде бұл шаңырақты шайқалтып, ажырасуға да алып келуі мүмкін", - дейді психоаналитик.

Ол серіктеспен босанудың тағы бір салдарын атады. Айтуынша, босану процесін өз көзімен көрген ер адамдардың әйеліне деген қызығушылығы төмендеп, бір-бірінен суып кетеді.

"Мен саған бала туған қандай екенін көрсетейін" деген оймен күйеуін ертіп баратын әйелдер де бар. Оларға айтар кеңесім: егер болашақта өкініп қалғыңыз келмесе, мұндайдан аулақ болыңыздар. Ер адамды күштеп, өз ойын жүзеге асыру жақсылыққа апармайды", - дейді Оспанова.

Психоаналитик босанған сәтте әйелінің жанында болғысы келетін әкелердің психологиялық портретін жасап берді.

"Біріншіден, әйелін сыйлайтын, құрметтейтін, оған жаны ашитын, қамқор ер адамдар мұндай қадамға барады. Екіншіден, дәрігерге сенбей, барлығын өзі бақылағысы келетіндер болады. Психоанализ теориясында вуайеризм деген ұғым бар. Кез келген ер адам немесе әйел бір-біріне қызғанышпен қарайды. Яғни, бейсаналы түрде бір-бірінде жаратылысынан жоқ нәрсеге қызғаныш туады. Мәселен, ер адамдарға өмірге бала әкелу бақыты бұйырмаған. Сондықтан кейбірі серіктеспен босануға қызығушылығын қанағаттандыру үшін барады", - деп түсіндірді ол.

768
Кілт сөздер:
шариғат, перзентхана, ер адам, әйелдер, босану
Тақырып бойынша
ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйді: африкалық әйел қазір қалай тұрып жатыр
Президентке әйелдердің жүктілік мерзімін 9-дан 7 айға дейін қысқарту ұсынылды
ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйді – африкалық әйел Қазақстаннан кеткісі келмейді
Жүктілік мерзімін дұрыс анықтамаған дәрігер екі жылға сотталды
Астананың вокзалында жүкті әйел есінен танып қалды
Әйел адам бір уақытта екі еркектен жүкті болды
Қазақстанда бала күтіміне берілетін жәрдемақы мерзімін ұлғайту ұсынылды
Кіндік әке-шешенің бала өміріндегі рөлі қандай?
Загрузка...