Қоғам

Тұтынушылар лигасы адамдардың жеке мәліметін заңсыз пайдаланатындардың былығын айтты

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өту iPhone 6s және iPhone 6s Plus
 iPhone 6s және iPhone 6s Plus - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Соңғы кездері цифрлық құрылғылардың сапасына, интернет-қызметтерге арызданатын тұтынушылар қатары күрт артқан

АЛМАТЫ, 12 наурыз – Sputnik. Қазақстанда цифрлық құрылғылардың сапасына шағымданған тұтынушылар бір жыл бойы заңгерлер қызметіне тегін жүгіне алады. Бұл туралы Ұлттық тұтынушылар лигасының төрайымы Светлана Романовская "Цифрлық әлем: сенімді смарт құрылғылар" тақырыбымен өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстанда смарт құрылғылардың қызметіне шағымданушылардың саны күннен-күнге өсіп барады. Бірақ олардың құқығын қорғау мүмкін болмай отыр. Өйткені қолданыстағы заңның шамасы оған жетпейді. Осыған байланысты Ұлттық тұтынушылар лигасы тәжірибе ретінде бір жыл бойына цифрлық құрылғылардың сапасына шағымданған тұтынушылардың құқығын түрлі сатыда тегін қорғауға уәде беріп отыр.

Аурухана, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жасөспірімнің қалтасындағы телефон жарылып кетті
Ұлттық лига осы бағыттағы заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін мәжіліске өз ұсыныстарын дайындамақ. 

Романовскаяның айтуынша, соңғы кездері цифрлық құрылғылардың сапасына, интернет қызметтерге арызданатын тұтынушылар қатары күрт артқан. 

"Заңды жаңартпаса болмайды. Мәселен, сатып алған теледидар, тоңазытқыш сынық келді делік. Оның үйге жетпей сынғанын дәлелдеу бізде қиын. Өйткені мұндай заттардың жағдайына баға беретін бізде мемлекеттік зертханалар жоқтың қасы. Сервистік компаниялар бар. Бірақ ол сол дүкеннің иесіне тиесілі. Әрине, олар өздерінің аз шығындауын ойлайды", - дейді ол.

Баспасөз мәслихатында Ұлттық тұтынушылар лигасы бірнеше компанияны сотқа бергелі жатқанын да мәлім етті.

"Қазір сот шағымы әзірленіп жатыр. Олар тұтынушылар құқығын өрескел бұзып отыр. Мәселен, үйіне телефон орнатқан адамдар Қазақтелекоммен арадағы келісімшартты қолына алып, бір оқып көрді ме екен өзі? Жоқ, оған мен сенімдімін. Ал Қазақтелекоммен келісімшарт жасасқан адам өзі туралы барлық мәліметті оның барлық қосарлас компаниясына беруге рұқсат берген боп шығады. Бұл сұмдық қой", - дейді ол.

10 мың теңге - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Пәтерін заңсыз жалға бергендер 2 миллион айыппұл төледі
Оның айтуынша, қазір электронды сауда саласында да орын алып жатқан заңсыздықтар өте көп.

"Мәселен, өткенде ғана дүкендердің біріне бардым. Маған жеңілдігі бар карта ұсынбақшы болды. Әлгі картаны алу үшін менен ЖСН нөмірімнен бастап барлық жеке мәлімет сұралды. Бұл деген барып тұрған бассыздық. Олар қандай да бір жеңілдік үшін сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етуге еш қақысы жоқ. Сондықтан осы жағдайға байланысты да сотқа шағымданбақшымыз" - дейді ол.

Қазір смарт құрылғылар қолыңыздың таңбасын сұрайды, кейде оны тіркеу үшін ЖСН сұралып жатады. Мұның барлығы, Романовскаяның айтуынша, заңсыз. Бірақ жауапқа тарту, осы бассыздықтарды қадағалау жағы бізде осал.

"2019 жылдың ортасында Лиссабонға аттанбақшымыз. Сөйтіп әлемдік тәжірибе не дейді, шетелдік ғалымдардың ойы қандай, соны да зерттеп-біліп келеміз", - дейді ол.

Жаңалықтар
0