Банкнота номиналом 500 тенге

Қазақстанда әлеуметтік төлемдердің мөлшерін өсіру жоспарланып отыр

748
Еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін өсіруге мүмкіндік беретін заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі мүмкін

АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәжілісте "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова мәжілісте "міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң жобасының жаңа редакциясын таныстырды. Құжатта еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылуы бойынша төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшерін 2020 жылдан бастап орта есеппен 30%-ға арттыру көзделіп отыр.

Жұмысынан айырылған кезде төленетін әлеуметтік төлем қалай өзгереді?

Министрлік кірісті алмастыру коэффицентін 30%-дан 40%-ға арттыруды, сондай-ақ, әлеуметтік төлемнің ұзақтығын жүйеге қатысу өтіліне байланысты 4 айдан 6 айға дейін ұзартуды ұсынып отыр.

"Жаңа параметрлерді қолданған жағдайда жүйеге қатысу өтілі 85 айды, орташа айлық табысы 100 мың теңгені құрайтын азамат үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін  әлеуметтік төлем 30 мыңнан 41 600 теңгеге дейін артады. Бұл ретте аталған төлем қазіргідей 4 ай емес, 6 ай төленеді", - деді Жақыпова.

Асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем

Асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік жағынан қорғалуын арттыру үшін асырауындағы адамдар санының коэффициентін өзгерту арқылы төлемді көбейту жоспарланып отыр.

1) асырауында бір адам болса 40%-дан 50%-ға;

2) екі адам болса 50%-дан 65%-ға;

3) үш адам болса 60%-дан до 80%-ға;

4) төрт және одан көп адам болса 80%-дан 100%-ға арттыру ұсынылады.

Жалпы алғанда, әрбір коэффициенттің өсімі бұрынғы мөлшердің 25%-ын құрайды.

Жүйеге қатысу өтілі 85 айды, орташа айлық табысы 100 мың теңгені құраған асыраушысынан айырылған жағдайда, отбасындағы асырауындағы бір адам үшін 23 907 теңге төленеді. Бұл қазіргі әлеуметтік төлемнен (18 390 теңге) 30%-ке артық.

"Асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны ескере отырып, төлемнің жалпы сомасы 43 910 теңгеден 49 448 теңгеге артады", - деді вице-министр.

Еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем

Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері  2020 жылдан бастап 30%-ке өсуі мүмкін.

"Еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді алушылар үшін әлеуметтік төлемнің мөлшерін тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне (30%-дан 100%-ға дейін) байланысты айқындау ұсынылады", - деді Жақыпова мәжілісте.

Мәселен, орташа айлық табысы 100 мың теңгені, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 65%-ды және қатысу өтілі 85 айды құрайтын азамат, жаңа параметрлерді ескергенде, 31 080 теңге алатын болады. Бұл қазіргі төлем мөлшерінен (22 988 теңге) 32,5%-ке артық.

"Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әлеуметтік қорғаудың қосымша (міндетті) деңгейі екенін ескере отырып, аталған төлемге мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны қосуы қажет. 2019 жылы 2-ші топтағы мүгедектер 45 438 теңге алады, сәйкесінше төлемнің жалпы сомасы 76 518 теңгені құрайды", - деп түйіндеді вице-министр.

748
Кілт сөздер:
Светлана Жақыпова, жәрдемақы
Тақырып бойынша
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады? Балаева түсіндірді
Назарбаев: әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап төленуі тиіс
"10-15 теңгеге де аспауы керек": Сапарбаев әлеуметтік көмек кімдерге төленбейтінін айтты
Назарбаевтың жаңа әлеуметтік бастамаларына қанша ақша бөлінетіні белгілі болды
"Тегін тамақ, тегін жолақы" Сұлтанов жаңа әлеуметтік пакет жайлы айтты
Загрузка...