Нұрсұлтан Назарбаев

"Қамығып отырмыз": Түркиядағы қазақтар Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады

7324
Түркиядағы түрлі қауымдастық өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтен кетуін қандастардың қалай қабылдағанын жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Түркия Salihli қазақ қауымдастығы, қазақ-түрік қоры және қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының ресми өкілдері Шүкір Алі Ерен, Фазыл Топлы және Шабан Серкан Динчтүрк Түркиядағы қазақтардың ел президентінің қызметінен кету туралы шешіміне қамығып отырғанын жеткізді. Десе де, бұл шешімді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық пен елдің келешегі үшін қабылдағанына сенімді екенін айтып өтті.

"Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы! Дара да дана тұлға Елбасымыз, атажұртымыз сіздің көшбасшылығыңыздың арқасында тәуелсіздігін алған сәттен бастап күннен-күнге күшейіп, дамып келеді. Әрине, мұның барлығы сіздің көреген саясатыңыздың, халқы мен отанын бәрінен қымбат та жоғары тұтқан мемлекет қайраткері ретінде бүкіл талант пен күшіңізді сарқи жұмсауыңыздың арқасында іске асты.

Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет болғанына қарамастан, сіздің теңгерімді саясатыңыздың арқасында елде бейбітшілік пен келісім орнап, халықтың ынтымағы жарасып отыр. Әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып, еліміз қазіргі таңда Еуразияның жарқын жұлдызына айналды. Тіпті Таяу Шығыс елдері арасындағы келіспеушілікті реттеуде сенімді ел болып отыр", - деп жазылған жеделхатта.

Тағы оқыңыз: Отставкаға шыққан Назарбаев немен айналысып жүр

Сондай-ақ, Түркиядағы қандастар қазақ елінің тек өз аймағында емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен биліктің символына айналып отырғанына тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел басқарған жылдары дүниенің түкпір-түкпіріндегі әр қазақ "Мен қазақпын" деген сөзді мақтанышпен, қаймықпай айта алған уақыт болғанын жеткізді.

"Сіздің осындай жарқын болашаққа бастаған ойларыңыз Еуропа мен Түркиядағы қазақтарға бағыт беріп, жол көрсетіп, жөн сілтеуші болды және әрі қарай да бола береді.

Түркия мен Еуропа қазақтарының бүгінгі және келешек ұрпақтары үшін Қазақтан жарқын болашақтың үміт көзі болды. Атажұртымыздың көк байрағын көк аспанда еркін желбіреткен, күш-қуаты мықты, ғұмырыңыздың ұзақ болуын Алла тағаладан тілейміз", - деп жазылған Түркиядағы қандастар жолдаған жеделхатта.

Мұнымен қатар, Түркия еліндегі қазақтар Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Кемелұлын құттықтап, жаңа қызметте табыс тіледі.

"Аталарымыздың кіндік қаны тамған жердің тәуелсіз, әлемге танымал, қуатты және беделді мемлекет болуы бізді әрқашан қуантады. Сондай-ақ, осындай дәрежеге жеткен елімізді шетте жүрген біз әрқашан мақтан тұтамыз. Сіздің тәжірибелі, беделді саясаткер және мемлекет қайраткері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сияқты халқының, елінің қамын ойлайтын, мемлекетіміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыдан мықты ел болуы үшін еңбек етіп, өнегелі істер атқаруға бар күшіңізді салатыныңызға шын жүректен сенеміз", - делінген жеделхатта.

Тағы оқыңыз: Назарбаев өзінің кеңесшісін тағайындады

Әрі қарай жырақта жүрген қандастар елорда атауын өзгерту туралы шешімнің Тұңғыш Президентке деген шексіз құрмет екенін айтып өтті. Бұдан өзге Қазақстанның әр салада дамып, алға жылжып, жаңа жетістіктерге жетуі үшін әрқашан өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.

"Бүгінге дейін атқарған қызметтеріңіз және елге сіңірген еңбектеріңіз арқылы қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген сізге Алла тағаладан ғұмырыңыздың ұзақ болуын, деніңіздің саулығын, осы жауапты қызметте табысты және абыройлы болуыңызды тілейміз. Қазақ елінің көк байрағы ашық аспан астында мәңгілік желбірей беруіне тілектеспіз", - дейді Түркиядағы қазақтар.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президент ретінде өкілеттігін тоқтатты. Десе де, ол Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне, бұған қоса елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие. Сонымен қатар, "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі.                                                                                                                                                                                

7324
Кілт сөздер:
Назарбаев, Түркия, қандастар, президент
Тақырып:
Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасы (32)
Тақырып бойынша
"Шағым түссе, жазалаймын". Жаңа президент әкімдерге қатаң ескерту жасады
Президент Тоқаев Ақордада әкімдермен не туралы сөйлесті?
Назарбаев Ақордадан қайда көшеді?
Нұрсұлтан Назарбаев Астана атауын өзгерту туралы не айтты?
Назарбаев дәуірі - президенттің 30 жылдық еңбегі бір видеода
Ұстауға және қамауға болмайды: Назарбаев пен отбасы қандай кепілдікке ие?
Кетті, бірақ қалды: Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаев не істей алады?
Загрузка...