Әлмерек баба кесенесінің маңындағы күл-қоқыс

"Киесі ұрады": Әлмерек әулие кесенесінің маңындағы күл-қоқыс - фото

540
Әлеуметтік желіде Әлмерек баба кесенесінің маңындағы күл-қоқыс түсірілген видео тарады

АЛМАТЫ, 5 сәуір – Sputnik, Кәмшат Сатиева. Алматы облысындағы Әлмерек баба кесенесінің маңы күл-қоқысқа толып қалды деген әңгімеден кейін Sputnik Қазақстан тілшісі Іле ауданы Покровка ауылында болып, жағдайды өз көзімен көріп, мән-жайды біліп-қайтты.

"Қасиетті Әлмерек баба кесенесі маңы қоқысқа толып, бұралқы иттердің жын ойнағына айналған". Осылай деп фейсбук қолданушы Ақерке Айтуған желіге видео жариялады.

Араға бір түн салып жеткенімізде сөз болған Оваражный көшесіндегі қоқыс орны тазаланып үлгеріпті. Онда да шала-пұла. Трактордың ізі де әлі кебе қоймаған, соған қарағанда таң алакеуімде асығыс қимылдаған секілді. Сұрастыра келе, қасиетті орынға келмес бұрын біз хабарласқан Іле ауданы әкімдігінің шаруашылық бөліміндегілердің қоқысты тазалап кеткенін анықтадық.

Әлмерек әулие кесенесінің маңындағы күл-қоқыс орны
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек әулие кесенесінің маңындағы күл-қоқыс орны

Мұны Алматы облысы Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы да растады. Оның айтуынша, мұндағы қоқыс аптасына үш рет тазаланып тұрады екен.

"Көрдіңіздер ғой, өздеріңіз айтқан қоқыс тазаланған. Жалпы, әкімдік наурыздың 15-нен бастап өзіне қарасты аумақта жаппай тазалық жүргізіп жатыр.  Бұл шу қып көтеретін мәселе емес, негізі. Қоқыс орны болған соң ол араға қоқыс жиналады. Ал мұндағы қоқыс аптасына үш рет тазаланып тұрады", - дейді ол.

Әлмерек әулие кесенесінің маңындағы күл-қоқыс орны
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек әулие кесенесінің маңындағы күл-қоқыс орны

Алайда тура қоқыс орнының іргесінде тұратын Ғалия есімді келіншек қоқысты аптасына үш рет жинайды дегеннің өтірік екенін айтады.

"Аптасына бір рет жинап әкетсе, соның өзіне рақмет айтар едік. Қоқыстың тау боп кететін тағы бір себебі, бұл маңда жекеменшік тазалық қызметін пайдаланатын жеке секторлар да бар. Солар айына төлеуі тиіс 500-1000 теңгесін аяп немесе жекеменшік қызметіне көңілі толмағандықтан осы араға қоқысын әкеп тастай береді. Сондықтан қоқыс тез жиналып қалады", - дейді ол.

Әлмерек баба кесенесінің маңындағы күл-қоқыс
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Әлмерек баба кесенесінің маңындағы күл-қоқыс

Ал Әлмерек баба мазары басында отырған шырақшы Мұрат Танекеев өздеріне келетін жолдың тура осы қоқыс орнының жанынан өтетіндіктен қонақтарға кері әсер ететінін айтады.

"Бізге келетіндердің барлығы сол қоқыстың жанынан өтеді. Кейде тау боп үйіліп жатады сасып. Тазаламайды демеймін, тазалайды. Бірақ қоқыс орны болған соң қоқыс тасталып, жайрап жатады, көзге көрініп тұрады. Сасиды, бұралқы иттер де сол жерді иектеп, қатты шулайды. Ал қасиетті орын таза, тыныш болуы керек қой. Әйтпесе киесі ұрады, сол үшін қорқамыз", - дейді ол.

Қоқыс маңында жүрген бұралқы иттер
© Sputnik / Тимур Батыршин
Қоқыс маңында жүрген бұралқы иттер

Қажының айтуынша, кезінде әкімдікке жолды қоқысы жоқ басқа жақтан түсірсе деген тілек те айтыпты, бірақ онысы орындалмаған.

"Мына қоқыс орнын басқа жерге көшіріп тастаса болмаса бізге келетін жолды басқа жерден түсірсе", - дейді ол.

Ал бұл мәселені көтеріп, Іле ауданы әкімдігіне хабарласқанда қоқыс жанынан мазарға өтетін жолдың, тіпті заңсыз салынғанын, ал Әлмерек баба кесесінің Талғар ауданына қарайтынын анықтадық.

Әлмерек баба кесенесі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек баба кесенесі

"Кесене бізге (Іле ауданына) қарамайды, ал адамдар өз бетімен сол жаққа қарай салып алған жол заңсыз, тек ол маңдағы қоқыс орны бізге қарайды. Сондықтан жолға қатысты мәселенің бізге қатысы жоқ", - дейді Іле ауданы әкімдігіндегілер.

Айтқандай, мұндағы инфрақұрылым жағдайы да өте мүшкіл. Мысалы, Алматы қаласынан Әлмерек баба кесенесіне қарай әкелетін басты жол Покровка елді мекеніне келгенде ұңқыр-шұңқыр, айқыш-ұйқыш, адам көргісіз боп кетеді. Бұған қатысты әкімдік өкілі бірден жауап бере алмады, оған кейінірек өз пікірлерін білдіретінін айтты.

Альмерек
© Sputnik / Тимур Батыршин
Покровка елді мекеніндегі жолдың жағдайы

Осы қоқыс мәселесімен мазар басына жеткен біздер бабамыздың ұрпағының жерлену шарасына кездейсоқ куә болдық. Әлмерек абыздың жанында тікелей ұрпақтарының бірі Мырзакелді Жақыпжан және оның баласы Ермек Жақыпжанұлы жерленген екен. Міне осы марқұм кісілердің бірінің әйелі, бірінің шешесі Мәдина апамыз дүниеден озған екен. Оның денесі күйеуінің қасына қойылды.

  • Әлмерек бабаның тікелей ұрпағы Мырзакелді Жақыпжанның әйелі күйеуінің жанына жерленді
    Әлмерек бабаның тікелей ұрпағы Мырзакелді Жақыпжанның әйелі күйеуінің жанына жерленді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Әлмерек бабаның тікелей ұрпағының әйелі күйеуінің жанына жерленді
    Әлмерек бабаның тікелей ұрпағының әйелі күйеуінің жанына жерленді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Әлмерек баба кесенесі
    Әлмерек баба кесенесі
    © Sputnik / Тимур Батыршин
1 / 3
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек бабаның тікелей ұрпағы Мырзакелді Жақыпжанның әйелі күйеуінің жанына жерленді

Айта кетсек, Әлмерек Ұлы жүздің Албан руынан шыққан батыр абыз. Ол 1658 жылы қазіргі Алматы қаласындағы Әлмерек тоған (бұрынғы Гагарин ауылы) деген елді мекенде дүниеге келген. Батыр қазақ-жоңғар шайқасының басынан аяғына дейін қатысқан. Емшілікпен, мұсылманша бала оқытумен айналысқан. Шәкірттері - Райымбек батыр, өз немересі Сауырық батыр.

Әлмерек баба кесенесі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек баба кесенесі

Аңызға сенсек, ол шәкірттерін дұшпанының көзін байлау сынды жекпе-жекте сөзсіз жеңіске әкелетін тылсым әдістерді үйреткен. Ол кісіден 12 ұрпақ тараған. Әлмерек ұрпағы Албандардың ішінде ең көп тараған руға жатады. Абыз 1756 жылы дүниеден озған. Дінмұхамед Қонаевтың өзі батыр жатқан жердің тарихи маңызды орын екенін айтып, ол араға белгі қойдыртқан. Ал 20 жыл бұрын кәсіпкер Серік Сұлтанғалиевтің демеушілігімен қазіргі салтанатты кесене көтерілді.

Әлмерек баба кесенесі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек баба кесенесі

Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен ел ағылып келіп жатады. Арасында шетелдіктер де болады. Көбісі "ата түсіме кірді" деп, шипа іздеп келеді. "Атаның басына тәу етіп, Құран бағыштап, разылығын алып қайтсам" деп алыстан келетіндерге мұнда қонатын орындар да бар.

Әлмерек баба кесенесі
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әлмерек баба кесенесі

Бұдан бөлек мұнда шипалы бұлақ бар. Кесене басына келгендер оны құйып әкетіп жатады. Өйткені суды қасиетті, түрлі ауруға дауа деп санайды.

Альмерек
© Sputnik / Тимур Батыршин
кесене маңындағы бұлақ
540
Кілт сөздер:
Әлмерек баба кесенесі, қоқыс, фотограф, Алматы облысы
Тақырып бойынша
Елбасы: Домалақ ана мен Айша бибінің парасатын жалғастырушы ізбасарлары - қазіргі әйелдер
Домалақ ана кесенесінің шырақшысы: Алматы әкімі әйелімен зиярат етіп, кейін ұлды болды
Ақбура әулие кесенесіндегі шырақшылар талай тылсым күшке куә болған
Кәрі қыздардың бағын ашатын "Қыз әулие" туралы не білеміз – фото
Мұхамедиұлы кесенеде намаз оқитындар туристерді шошытатынын айтты
Ақмешіт үңгірі: адамға ерекше күш беріп, денсаулыққа шипасы бар жер - фото
Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты
Загрузка...