анасы мен баласы

Балаға мүлде айтуға болмайтын 10 сөз

11526
Бала тәрбиесіне басты жауапкер ата-аналар көбіне-көп ойланбай сөйлеп, сол үшін болашақта опық жейтінін ұмытып жатады. Өйткені, сөз – тәрбие негізі

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір — Sputnik. Бала сөзбен тәрбие алады. Баланың еңсесін түсіретін де, жігерлендіретін де сөз. Кез келген ата-ана баласына мақтауын да, даттауын да сөзімен білдіреді.

Бала тәрбиесінің бұзылуы жаман сөздерді қолданудан туындайтыны мәлім. Өйткені, бала психологиясы жаңа көктеген жас талдай жағымсыз әсерлерден тез жараланғыш келеді. Сондай-ақ, бала шақтағы естеліктер адам өмірінің қай арнада өрбитініне, оның мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететінін әлем ғалымдар да дәлелдеп отыр, деп жазады islam.kz.

Дана халқымыздың ежелден сөз құдіретін мойындап, "тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады" деп, орынсыз сөздің орға жығарын аңдатқан. Ашу үстінде аңдамай айтылған бір ауыз сөздің бала санасына қаншалықты ауыр соғатынын үлкендер жағы байқамай жатады. Бала ержеткесін бұрыс жолға басып немесе мінез-құлқында дөрекілік байқала қалса, қоршаған ортаға кінә артудан бұрын бала тәрбиесінде абайсызда жіберген қателік-кемшіліктерімізді санамалап көрдік пе осы?!

Ислам ғалымдары осы тақырып төңірегінде зерттеулер жүргізіп, бала болмысының бұзылуына себепкер он жайтты анықтаған көрінеді.

Сөгу. Хайуандарға теңей отырып баланы сөгу. Мәселен "ит", "есек", "өгіз", "ей", "хайуан" деп.

Қорлау. Теріс сипаттармен тілдеу. Мәселен "кәззап", "семіз", "ақсақ", "арам", "бейшара". Мұндай сөздер бұғанасы қатпаған баланың жүрегіне дақ салады.

Теңеу. Әр баланың басқаға ұқсамайтын өзінің бейімі мен қолынан келетін икемі болады. Ал, басқа біреумен теңеу – баланы кемсіту. Бала бойындағы өзіне деген сенімділікті жояды. Нәтижесінде, өзін теңеген адамдарды жек көре бастайды. Мысалы, "Өзіңдей көршінің баласына қарашы..." деген сияқты теңеулердің теріс әсе ететінін аңғара бермейтініміз өкінішті.

Шартпен жақсы көру. "Сен бұлай еткенің үшін мен сені жақсы көрмеймін", "Мынаны жесең, сені жақсы көремін", "Сабағыңды дұрыс оқысаң, жаттауыңды қайталасаң, сен жақсы көремін". Шарт қойып, жақсы көру баланы қалаусыз және еріксіз әрекет жасауға итермелейді. Өсе келе, бала өз ошағынан, отбасынан жырақтап қалады. Сондықтан, бала шынайылықты жақсы көреді. Өйткені, бала ата-анасын ешбір шартсыз сүйеді.

Жалған ақпарат. Баланы өтірік ақпараттар арқылы қорқытып немесе алдау қоршаған орта жайлы қате түсінік пен ұғым қалыптасуына себеп болады. "Жыласаң, милиция алып кетеді" деп қорқытып өсірген бала ұғымында милиция бейнесі жағымсыз болып қалыптасып қалуы әбден мүмкін. "Ер азамат жыламайды", "Мына бала мені жынды етті", "Менің бұған шамам келмейд", "Алла сенің жазаңды береді", "Тозаққа лақтырады", "Біреуге беріп жіберемін", "Бабай келеді немесе милиция ағай алып кетеді" тағы сол сияқты. 

Көңілін қалдыру. Баланың меселін қайтарып, көңілін қалдыру – оның бойына сенімсіздік ұялатумен қатар, талпынысты жояды. "Сен дымды да түсінбейсің", "Үніңді өшір", "Сенен түк пайда жоқ" деген секілді сөздер.

Қорқыту. Мәселен, "Басыңды жарамын", "Қаныңды ішемін", "Сені соямын", тағы осы секілді сөздер.

Өтінішіне немқұрайлы қарау. Үнемі баланың сұрағанына "Жоқ, жоқ, жоқ" деп, себебін түсіндірмей жауап қайыру.

Қарғау. "Сені Құдай алсын", "Өлгенің жақсы еді", тағы сол сияқты.

Масқаралау. Баланың намысына тиетін сөздер айту.

Міне, осы он сөз. Зерттеу бойынша бала жасөспірім шаққа дейін ата-анасынан 16 мың сөгіс сөз еститін көрінеді. Ойлап қарасақ, сегіз жасқа жетпеген баланың сөздік қорында 5 мыңға жуық жаман сөздер болады. Мұның әсері суық қарудан да асып түсуі мүмкін.

Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у.) төрт-ақ сөзбен: "Мұсылман намысқа тиісуші, лағынет етуші, жаман сөз айтушы және бейәдеп болмайды" – деп, мұсылман әдебін үйретіп кеткен. Біз осы төрт теріс мінезден арылуымыз керек-ақ. Оның орнына баламызды махаббатпен жігерлендіріп, мақтай отырып құрметке баулиық.

11526
Тақырып бойынша
Павлодар облысында әкім бір жылда 125 кітап оқыған балаға ешкі сыйлады
Әр балаға – 21 мың теңге: Тоқаев көпбалалы отбасыларды қолдау туралы заңға қол қойды   
Депутат әр балаға ең төменгі жалақының 50% көлемінде жәрдемақы төлеуді ұсынды
Астанада балаға ең көп қойылған есімдер белгілі болды
Балаға ең жиі қойылатын ТОП-20 есімнің мағынасы немесе ат қоярда нені ұмытпаған жөн
Загрузка...