Қоғам

Ләззат Танысбай жаңа қызметке келді

Жазылу
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "QAZAQSTAN" телеарнасының ұжымына жаңа басшыны таныстырды

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Белгілі журналист Ләззат Танысбай "QAZAQSTAN" РТРК" АҚ төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады. 

"Ләззат Мұратқызы белгілі журналист, телевизия саласының білікті маманы әрі табысты топ-менеджер екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ләззат Танысбай қазіргі уақытқа дейін қолға алынған іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", - деп жазды министр фейсбуктегі парақшасында. 

Сонымен қатар ол бұған дейін төрағалық қызметті абыройлы атқарған Ерлан Қаринге алғыс айтып, жаңа қызметінде табыс тіледі. 

Ләззат Танысбай 1973 жылы 11 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауылында дүниеге келген.
Алматы халықаралық журналистика институтын бітірген. Халықаралық бизнес университетінің МВА дәрежесін қорғады.
Еңбек жолын 1993 жылы "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады. Одан кейін тілші және тележүргізуші қызметін атқарды. 1996-2002 жылдар аралығында  "Хабар" агенттігінің жаңалықтар қызметінің редакторы-жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті. 2002 жылы мемлекеттік қызметке ауысты. ҚР президент әкімшілігінің баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, бас инспектор қызметтерін атқарды. 2005-2008 жылдар аралығында Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды.
2008-2011 жылдар аралығында "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылы ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі. 2012 жылы "Астана қаласы теледидары" ЖШС бас директоры болып тағайындалды.
Ләззат Танысбай еңбек жолында түрлі марапаттарға ие болған. Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің иегері (2010), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2015).
Қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерін біледі.
Екі баланың анасы.
Жаңалықтар
0