Председатель мажилиса РК Нурлан Нигматулин

"Маған баға берудің қажеті жоқ" Нығматулин жаңа вице-министрге шүйлікті

1348
(Жаңартылды 14:16 17.04.2019)
Мәжіліс төрағасы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын сынға алды

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен сөз естіді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нұрлан Нығматулин
© Photo : пресс-служба парламента Республики Казахстан

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша заң жобасы қаралды.

Сұрақ-жауап барысында цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың депутаттардың ақпараттық жүйелерді кіріктіруге қатысты қойған сауалына берген жауабы Нығматулиннің көңілінен шықпады.

"Сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз бе? Қайдан келдіңіз?", - деп сұрады спикер.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан", - деп жауап берді Оспанов.

"Мен мәдениет министрлігінен келген шығар деп ойласам. Сайрап тұрсың, жай. Нақты сұраққа нақты жауап керек. Сіздің министрлік мемлекеттік органдардың барлық жүйесін кіріктіруге жауапты. Бүгінде қай органды алып қарасаң да, ақпараттық жүйелерді кіріктіруде проблемалар бар. Соның салдарынан, мәселен, жалпыға бірдей декларация сияқты маңызды шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болып отырмыз.

"Е-халық" жүйесі де істемейді, ақаулар бар, қаржы министрлігінің кедендік жүйесі де мәз емес. Айналайын, Абылайхан Есенұлы, айтып берші бізге? Не болып жатыр өзі? Мемлекеттен қыруар ақша бөлінді, нәтиже қайда?", - деп сұрады мәжіліс спикері.

"Сіз дұрыс айтасыз" дей берген Оспановқа "тыңда, маған баға берудің қажеті жоқ, сұраққа жауап беріңіз",- деп ұрсып тастады Нығматулин.

Оспанов биыл "Smart Bridge" атты жаңа жоба жүзеге асырылғалы жатқанын айтты.

"Тағы бір жоба! Оған тағы да мемлекет ақша бөлуі керек. Мемлекет осы ақпараттық жүйелерге қаншама ақша жұмсады. Неге енді олар жұмыс істемейді? Неге кіріктірілмеген?", - деп ашуланды мәжіліс төрағасы.

Вице-министр мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берді.

"Халық ашынып отыр. Біз декларация жасап, бізде осындай жүйе бар деп жар саламыз. Олар келіп, оны қолдана алмайды. Қазір 21 ғасыр. Егер кеншіге осы жоспарды орында деп норма берсе, ол оны орындайды. Орындасама, оның себебін сұрайды. Ал сіздерден неге сұрау жоқ? Мемлекеттен қаншама ақша бөлініп отыр, бірақ ақпараттық жүйелер кіріктірілмеген. Ештеңе жұмыс істемейді. Қазір жүргізуші куәлігін ешқайда бармай-ақ, қашықтан алуды ұйымдастыру керек. ІІМ дайын, деректер базасы бар. Бірақ, адамдар сол бұрынғысынша таңертең ерте тұрып, кезекке тұрады", - деп ашынды Нығматулин.

Тағы оқыңыз: Назарбаевтың тапсырмасын орындамаған шенеунік сөз естіді

"Түзейміз", - деп қысқа қайырды Оспанов.

"Түзетіңдер. Жалпы, менің ойымша, үкіметтің сағаттарының бірін дәл осы мәселеге арнау керек. Осы министрлік келіп, есеп берсін. Әйтпесе, бізде бес жыл бойы кейінге шегеріліп келе жатқан жүйелер бар. Бес жыл бұрын іске қосылуы тиіс болса да, әлі жоспарда жүр. Тәртіп орнатыңдар", - деп тапсырды Нығматулин.

Айта кетсек, Абылайхан Оспанов осы жылдың 6 сәуірінде цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын басқарған еді.

1348
Кілт сөздер:
ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Мәжіліс, Нұрлан Нығматулин
Тақырып бойынша
"Сол қол оң қолдың не істеп жатқанын білмейді" Нығматулин министрлерді сынады
"Лезде өзгеріп саласыздар" Нығматулин министрлерді "Формула-1" шабандоздарына теңеді
"Кешке шешеміз" Министрдің жауабы мәжіліс депутаттарын ду күлдірді 
"Жарайсың!" Нығматулин үкіметтен мәжіліске келген депутатты мақтады
Үш жыл депутат болған жаңа министр: мінберге бірінші рет шығып тұрмын
Загрузка...