Юнгмин Чу

Қозымды Қазақстаннан табармын: кәрістің "Баян сұлуы" Назарбаевтың алдында сөз сөйледі

3783
(Жаңартылды 19:12 29.04.2019)
Гумилев атындағы ЕҰУ-де білім алып жүрген Юнгмин Чуді құрбылары "Баян сұлу" деп атап кетіпті

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Юнгмин Чу Қазақстан мен Корея елінің бірлігін күшейту жолында аянбай қызмет ететінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Юнгмин Чу Қазақстанға Кореяның Сеул қаласынан келген. Қазақстанда білім алып жатқанына үш жылдың жүзі болыпты. ЕҰУ докторанты Қазақ еліне алғаш табаны тигенде, неге қатты таңғалғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Назарбаев мемлекеттің алға қойған бірінші міндетін атады

"Корея халқының 97 проценті – кәрістер тұрады. Ол моноұлтты мемлекет. Қазақстанға алғаш рет келгенде, мемлекеттің көпұлтты құрамы маған қатты әсер етті. Мен көптеген шет елде білім алдым. Бірақ, солардың ішінен, халқының бірлігі мықты Қазақстанды таңдадым. Мені осы жердегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таңғалдырады", - деді кәріс қызы елордада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚХА сессиясында.

Айтуынша, қазір Қазақстанның көп ұлтты қоғамы және Қазақстан халқы Ассамблеясы тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Мақсатым – Корея сияқты моноұлтты елдерге Қазақстандағы ұлтаралық келісімді таныстыру, дейді Юнгмин Чу.

Ол Сеулдегі Ханкук шет тілдері университетінде Орталық Азия кафедрасы жұмыс істейтінін, жыл сайын сол жерде 30 студент қазақ тілін оқитынын атап өтті. Өзі де қазақ тілін Сеулде үйреніп, Қазақстанда одан әрі жетілдірген екен.

Тағы оқыңыз: Абайды оқып, Төреғалиді тыңдайтын поляк жігіті қазақ тілін қалай дәріптеп жүр?

"Негізі, қазақтар мен кәрістердің түрлері қатты ұқсайды. Көшеде көбі маған қазақша сөйлейді. Достарым мені Баян деп атайды. Кейде "Қозы-Көрпешің қайда?" деп сұрап жатады. "Мені іздеп жүрген шығар" деп жауап беремін. Мүмкін Қозыны Қазақстаннан табармын", - деді кәріс қызы.

Юнгмин Чу алдағы уақытта Қазақстан мен Кореяның бірлігін күшейтуге күш жұмсайтынын айтты.

3783
Загрузка...