жігіт

10 жыл бәс тігіп, бала-шағасынан айырылып қала жаздаған алматылық жігіттің әңгімесі

1589
Букмекерлік кеңсеге тәуелді алматылық жігіт Ернұр өз басынан өткенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді

АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik, Кәмшат Сатиева. Ернұр соңғы сәтке дейін спорт ойындарына бәс тігуді құмар ойынға жатқызбағанын, өзін ойынқұмар санамағанын айтады. Тек отбасы бұзылып, тізесін құшақтап, сопаң басы қалғанда ғана оны мойындауына тура келген.

Айтуынша, әйелі жақсы қызметте болған, сондықтан "ақша тап, отбасын асыра" деп оны ешкім қинамаған.

"Күзетшімін. Үш күнде бір рет жұмысқа барамын. Үш күнім букмекерлік кеңседе өтеді. Әрине, үйге такси болуға кеттім деймін. Бірақ көшеде сандалып көп жүрмеймін. 1000-2000 мың теңге тапсам болды, алып-ұшып букмекерлік кеңсеге барамын. Бәс тігемін.

Дөп түссем, соған шаттанып, бірнеше күн бойына өзімді бақытты сезінемін. Ал ұтылған күні, қатты қайғырамын. Екінші көрместей де боламын. Бірақ сабама түскен соң ол есікті қайта ашамын", - деген Ернұр осылайша 10 жылдың 10 күндей өте шыққанын аңғармай қалғанын айтады.

Оған соңғы 3 жыл өте қиын болған. Өйткені әйелі ақша жинап, Алматының сыртынан жер алған. Енді үй саламыз деген әңгіме қозғалғаннан Ернұрдың мазасы кетеді. Себебі, бұрын жауапкершілікті мойнына алып көрмеген оған үй салу қияметтің күні секілді ауыр боп елестеген. Оған қоса, үй салса, букмекерлік кеңсеге жол жабылады ғой. Осындай ойларға шырмалған Ернұрда алғашқы "ломка" сол кезде болады.

"Салмаймын үйіңді деп аттандап шықтым. Әйелім аң-таң. Тіпті, топырақ түсіртуге берген алғашқы 15 мың теңгесін де бәс тігуге жаратып қойдым. Әрине, ол бұрын білетін мұндай әдетімнің барын. Бірақ онша мән бермейтін. Өйткені жұмысбасты ғой. Оның үстіне айқай-шуды табиғатынан жаратпайды.

Бірақ тракторға деп берген ақшасы ұсталып кеткенде айқай-шу шығарды. Сол күннен бастап қолыма ақша ұстатпайтын болды. Маған сенбегендіктен құрылыс материалдарының бәрін өзі тасыды", - дейді ол.

Оның үстіне бұл кезде Ернұр басты қызметінен айырылып қалғандай қатты күйзеліске түскен. Өйткені ол өзін "профи" санайды екен.

"Ол арада кәдімгідей беделім бар. Бір рет 500 теңге тігіп, 12 ойынның барлық коээфицентін дөп басып таптым. Сөйтіп 150 мың теңге ұтып алдым. Кіріп келсем, бәрі мені күтіп тұр екен. Абыр-сабыр. Мынау ма деп сұрап қояды сыртымнан. Ондағы ойлары - профиді танып-біліп алу. Кейін соның ставкасына сай бәс тігетін болады адамдар.

Сондай кезде өзіңді жұлдыз секілді санайсың. Мен өзімді құмар ойыншы емес, спортты жақсы білетін білімдармын деп есептедім. Менің қоғамдағы орным сол ғой деп жүрдім көпке дейін", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады

Жұмысы бар, оның үстіне құрылыс басталып кеткен. Сондықтан Ернұрдың әйелі күйеуінің жаман әдетіне онша шүйліге қоймаған. Өстіп жүргенде Ернұр салоннан несиеге көлік сатып алады.

"Айлығым 60 мың теңге, ал төлейтін несием - 59 мың теңге. 5 жыл көлікке жұмыс істеуім керек. Бастапқыда әйелім ренжіді. Айлыққа тиіспеймін, оны өзің ал дедім. Бірақ ол уақытша еді. Үш ай өтті ме, өтпеді ме әйелімнен айлық алатын картамды зорлықпен тартып алдым. Әрине, такси боп жинаған ақшаға несие төлеуге болар еді. Алайда менің бәс тіккім келеді. Осы бәс құртты бәрін. Сонда үйге ақша әкелмейтін болдым", - дейді Ернұр.

Ол өзінің соңғы сәтке дейін бар білгенін жасап, тайраңдап жүруіне әйелінің төзімділігі мен оның өз басындағы проблемасын ешкімге тіс жарып айтпауы себеп екенін білмепті. Сөйтсе әйелі күйеуінің жаман әдеттері, ақша таппайтыны туралы туыстарына айта бермейді екен. Тек ажырасатыны туралы шешім шығарғанда ғана әкесін шақыртып алып, күйеуінің барлық кінаратын көзінше жайып салған.

"Әкесі үйді екеуіміздің жиған ақшамызға салған деп ойлаған ғой. Менің айлығым ол кезде 35 мың теңге, пәтерақыдан аспайтын. Сонда жиналғаны әйелімдікі ғана. Әкесі осы күнге дейінгі таксиден түскен ақша қайда деп сұрады менен. Букмекерге дедім. Сөйтіп шынымды айттым. Шамамен 1 млн теңгені солай сыртқа тасып құртқанымды айттым.

Бірақ арада бала болған соң оның туыстары маған бір мүмкіндік берді. Алайда әйелім бұған түбегейлі қарсы болды. Сол арыны мені тежеді. Өйткені әйелімнің қатты көңілі қалса, артына қайырылмайтын әдеті барын жақсы білемін. Ол өз-өзіне өте сенімді адам", - дейді ол.

Осы оқиғадан соң Ернұр әйелімен 6 ай бөлек тұрған. Басында әйелі өзі аяғына жығылып келеді деп сеніп жүрген. Бірақ бұл үміті ақталмапты. Ақырында отбасылық өмірінің соңғы сәті осылай аяқталып бара жатқанын аңғарған ол шала бүлініп, қармана бастаған. Әйелінің әкесіне барлық уәдені үйіп-төгеді.

Тағы оқыңыз: Психоаналитик адамның құмар ойынға тәуелді болуының 9 себебін атады

"Енді букмекерлік кеңсеге бармаймын деп уәде бердім. Әйелім ол уәдеңнің маған керегі жоқ деді. Ақша тап, отбасылық мәселелерге атсалыс деді. Тіпті, күштеп осылайынан бір-екі міндетті мойныма ілді де. Оны жауапкершілікпен атқарған соң мәселені ушықтырмады. Қазір қалт-құлт етіп тұрып жатырмыз. Әрине, отбасыдан артық нәрсе жоқ. Баламды қатты жақсы көремін. Ол үшін нәпсіңді тыюға әбден болады", - деп түйіндеді әңгімесін Ернұр.

1589
Тақырып бойынша
"Адамдар қансырап жатты" - автобус апатынан зардап шеккен фельдшердің әңгімесі
Әбден қылқындырды: Үш рет "өліп-тірілген" тараздық келіншектің әңгімесі
"Жеңімнен жұлқылады": белгісіз ұшатын нысанды көрген алматылық жігіттің әңгімесі 
"Әр түні осы" Адам төзгісіз жағдайға тап болған алматылық әйелдің әңгімесі
"Денемнің қасына барып жаттым": Екі рет өліп-тірілген алматылық келіншектің әңгімесі
Загрузка...