Қоғам

Бүгін – Жеңіс күні

© Sputnik / Абзал КалиевЖеңіс күні
Жеңіс күні - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 74 жыл

НҰР-СҰЛТАН, 9 мамыр — Sputnik. Бүгін Кеңес Одағының Екінші Дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен күні. 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 миллион адам қатысты. 

Сұрапыл соғыстан 26,6 миллион кеңес әскері қаза тапты. Қазақстаннан қан майданға 1,8 миллион адам аттанған. Оның 600 мыңы отанына оралған жоқ. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты. 

Тағы оқыңыз: Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы қайда – видео

Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақ алды. Олардың бесеуі бір, төртеуі  екі, екеуі үш орденмен марапатталған. Бес дивизия гвардиялық атақ алды. Олардың ішінде Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизия бар.

Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді.

1941 жылы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен Иван Карпов басқарған 1075-ші атқыштар полкі Мәскеу түбінде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізіп, дұшпанға қарсы шабуылға шығып отырды.

Тағы оқыңыз:  Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов жайлы не білеміз?

Төрт қазақстандық: Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды.

Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Рақымжан Қошқарбаев, капитан Борис Чупрета, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Е.Вицько, байланысшы К.М.Волочаевтар болды.

Қазақстан аумағында шайқас болған жоқ, бірақ республика майданның берік тылына айналды. 

Жеңіс күні Қазақстанда мемлекеттік мейрам ретінде аталып өтеді. Осыған орай республиканың түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Жаңалықтар
0