Ақша, теңге

Сенат депутаты: қазір әрбір қазақстандық 330 мың теңгеден қарыз

559
Сенатта 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Сенат депутаты Әлімжан Құртаев қазақстандықтардың банктерге берешегінің жылдан-жылға өсіп бара жатқанына алаңдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенатта 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қаралды. Отырыста сөз алған депутат Әлімжан Құртаев үкімет пен ұлттық банктің назарын халықты несиелендіру мәселесіне аударды. Сенатор екі жылдық стагнациядан кейін елде несиелендірудің жандануы байқалатынын атап өтті. Айтуынша, бұл халықты несиелендірудің артуына байланысты болып отыр.

Тағы оқыңыз: 4 категориядағы адамдардың ипотекалық қарызы кешірілмек

"Бүгінгі күні жалпы несиедегі бөлшек несиенің мөлшері  - 41%. Осы орайда жалпы бөлшек несиеден тұтынушылар несиесі 2018 жылдың соңына қарай 53%-ке жетті. Қазіргі уақытта әрбір қазақстандық, жаңа туған сәбилерді қоса есептегенде, 330 мың теңгеден қарыз. Халықтың банктерге қарызы олардың жалақысынан гөрі 4 есе өсіп барады", - деп алаңдаушылық білдірді Құртаев.

Депутат ел экономикасын дамыту үшін банктер орта және шағын бизнеске көбірек кредит беруі керек екенін айтты. Ал бізде шағын бизнесті несиелендіру 18% қана екен.

"Бүгінгі күні біз экономиканың шикізат емес салаларындағы басым жобаларды іске асыру үшін "ұзын" ақшамен қамтамасыз етуіміз қажет. Сондықтан үкімет пен ұлттық банк осы күрделі мәселені шешкені жөн", - деді ол.

Сонымен қатар, Құртаев тұрғын үй бағасын төмендетуге және құрылысты арзандатуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл индустриялды үй құрылысы комбинаттарының жүктемесін арттыру арқылы мүмкін болмақ.

Тағы оқыңыз: "Араб Әмірліктері сияқты өмір сүреміз": кандидаттардың сөздері

"Қазіргі уақытта Қазақстанда заманауи технологиялармен жабдықталған толық циклды 16 мекеме бар. Олар тек 30-40 процентке ғана жүктелген. Толық көлемде жұмыс істемеудің салдарынан өндіріс көлемі төмендейді, тұрғын үйдің өзіндік құны көбейеді, несиені уақытылы төлей алмау, жұмысшылардың қысқартылуы және тағы басқалар проблемалар туындайды", - дейді сенатор.

Ол индустриялды үй құрылысы комбинаттары бойынша нақты бағдарлама керек деп санайды. Бұл индустриялды үй құрылысы комбинаттарын қажетті жұмыс көлемімен қамтамасыз ете отырып, баспананы пайдалануға беруге, қолжетімді тұрғын үй бағасының төмендеуіне жол ашады.

559
Кілт сөздер:
теңге, қарыз, қазақстандықтар, депутат, Сенат
Тақырып бойынша
Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы қанша екенін айтты
Банктердің "7-20-25" бойынша ипотекалық кредитті қашан бере бастайтыны белгілі болды
Депутаттар теңге бағамын белгілеуді ұсынды
Қазақстанда ипотеканы қаржыландыру мәселесі қолға алынды
Қазақстанның сыртқы қарызы көбейіп кетті: не болғанын министр түсіндірді  
Загрузка...