Қоғам

Қазақстандықтар 8023 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр

© Sputnik / Абзал КалиевХаншайым Құлжанқызы сайлауда алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, сыйлық алды
Ханшайым Құлжанқызы сайлауда алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, сыйлық алды   - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандықтар таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қазақстанда таңғы 07.00-дегі жағдай бойынша 8023 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тағы оқыңыз: Сайлау учаскесінде бейнежазба жасауға бола ма? 

"Қазақстан президенті сайлауында дауыс беру жергілікті уақытпен 07:00-де басталды. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беруге бір сағат қалғанда учаскелерді ашуға кірісті. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады", - деді Петров.

Сондай-ақ, оның айтуынша, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы сайлау бюллетеньдерін беруге жауапты комиссия мүшелерін анықтайды.

"Өңірлерден түскен ақпаратқа сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 07:00-дегі жағдай бойынша 8023 учаске дауыс беруге кірісті. 48 учаске дауыс беруді таңғы 06:00-де бастады", - деп толықтырды Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары. 

Аталған учаскелерде тізімге енгізілген сайлаушылар саны 9 миллион 627 мың 73 адамды құраған.

Бүгін дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Президент сайлауы

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы осы жылдың 9 сәуірінде белгілі болды.

Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті кандидат таласады:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • "Ауыл" партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.

Сайлаудағы тәртіпті ТМД, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссияларының құрамындағы бақылаушылар бақылайды.

Биыл кезектен тыс президент сайлауын өткізуге рекордтық сома – 9,4 миллиард теңге (24,6 миллион доллар) бөлініп отыр.

Сайлау қорытындысы

Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауы тиiс. Сайлаудың алдын ала қорытындысы 10-11 маусымда шығарылады.

Сайлау қорытындылары туралы хабар сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.

Жаңалықтар
0