Қоғам

Білім министрі "сыныпты" "класқа" өзгерту жайлы пікір білдіруден бас тартты

© Sputnik / Абзал КалиевБілім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұған дейін халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін мониторинг жүргізілгені хабарланған еді

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "сынып" сөзін қайтадан "класқа" ауыстыруға қатысты жеке ойын айтудан бас тартты. Бірақ бұның қабылданған шешім екенін жеткізді.

"Оған қатысты жеке ойымды айтқым келмейді. Өйткені бұл – қабылданған шешім. Сондықтан оны айтпай-ақ қояйын, түсініктеме бермей-ақ қояйын", - деді Аймағамбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, маусым айында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өткен есеп беру кездесуі кезінде халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін жеткізді. Осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді.

"Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, "мұражай" деген сөз "музей" болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер", – деді Райымқұлова.

Тағы оқыңыз: Министр Райымқұлова бірқатар терминнің қазақша аудармасы қайта қаралғанын айтты 

Бұдан бөлек, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина,  теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал "әлеует" деген сөз "потенциал" болып қайта өзгертілді.

Бұл жаңалық қоғамда үлкен дау тудырған соң министр Райымқұлова терминдерді қайтару мәселесі халықтың талқысына шығарылатынын мәлімдеді.

Ал әлеуметтік желіде "сынып" пен "класс" сөздерін қызу талқылады. Біреулер осы уақытқа дейін "сыныпқа" әбден үйренгенін жазса, енді біреулер "класстың" қайта келгеніне қуанды.

 

Жаңалықтар
0