"Еркектің қуатын арттырады": Германияда оқыған дәрігер қан алдырудың пайдасын айтты

5358
(Жаңартылды 15:06 15.07.2019)
Дәрігер хиджамамен емделудің қыр-сырын түсіндіріп, тек білікті маманның көмегіне ғана жүгіну қажеттігін ескертті

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Елордадағы орталық теміржол ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ғабит Нұрханұлы хиджаманың қандай аурулардан емдейтінін және қандай науқастарға қан алдыруға болмайтынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Ғабит Нұрханұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Алғашында жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп, кейін жансақтау бөліміне ауысыпты. 2007 жылы Германияға қоныс аударып, сол жақта хиджама жасауды үйренген. Оның айтуынша, хиджама - араб сөзі, қазақша "қан шығару, қан алдыру" деген мағынаны білдіреді.

© Sputnik / Абзал Калиев.
Ғабит Нұрханұлы

"Дін жағына тоқталсақ, бұл - Мұхаммед пайғамбардың заманынан келе жатқан емдеу тәсілінің бірі. Пайғамбар хиджама туралы 150-ге жуық хадис қалдырған. Ал медицина тілімен айтсақ, бұл - хирургиялық жолмен емдеудің бір түрі", - дейді дәрігер.

Хиджама қандай ауруларға ем?

Сұқбат барысында Ғабит Нұрханұлы қан алдырудың жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының алдын алуға септігін тигізетінін атап өтті.

"Қан қысымы дертіне шалдыққан адамдар қаншама жыл ауруханада емделеді. Дәрі ішеді. Бірақ нәтиже ойдағыдай болмайды. Ал хиджама осы аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Оны жасатқан соң, өтте тас жиналу, инфаркт, инсульт дерті, қан қысымы ауруларының алдын алады", - дейді ол.

Осы орайда дәрігер гемофилия, гипотония дертіне шалдыққан адамдарға хиджама алуға болмайтынын қатаң ескертті.

Еркектің жыныстық қуатын арттырады

Ғабит Нұрханұлы хиджаманың ер адамның репродуктивті денсаулығына оң әсер беретінін айтты.

Тағы оқыңыз: Жалбыздың біз білмейтін қандай пайдасы бар?

"Еркек қозған кезде, оның жыныстық мүшесіне қан кіреді, ол көтеріледі. Ал қан қою болған кезде жыныстық мүшеге қан бармайды да, потенция төмендейді. Сондай-ақ ер адамның қан қысымы жоғары болып, ол дәрі ішті дейік. Кейбір жағдайда дәрі тамырдың жұмысына кері әсерін тигізеді. Салдарынан ер адам қоза алмайды. Сондықтан АҚШ-та қан қысымы жоғары ер адамдарды дәрісіз емдеуге тырысады. Ал хиджама еркектің күш-қуатын арттырып, потенцияны көтереді", - дейді Ғабит Нұрханұлы.

Ағзаны тазартады

Сонымен қатар дәрігер түрлі аурудың алдын алу үшін бір жылда 3-4 рет қан алдырып тұру керек деп санайды.

"Хиджама артық салмақтан арылтып, ұйқыны жақсартып, организмді тазартуға септігін тигізеді. Мысалы, бір күні маған 35-36 жастағы Индира деген толық қыз келді. Салмағы шамамен 88 келі. Ол саудамен айналысады. Қатты басы ауырыпты. Дәрігерлер "мигрень" (бас сақинасы) деген диагноз қойған. Хиджама жасадым. Екі айдан соң маған басқа адамдар келе бастады. Сөйтсем, Индираның басы ауырғаны басылып, әжептәуір салмақ тастапты. Осыдан 2-3 ай бұрын бір жігіт келді. Белі ауырып, әрең жүріпті. Хиджамадан соң, денсаулығы жақсарды", - дейді ол.

Хиджама қалай емдейді?

Әңгіме барысында Ғабит Нұрханұлы хиджама адамды қалай емдейтінін түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Тәжірибелі дәрігер аллергияның қаупі туралы айтып берді

"Ол зат алмасуды жақсартады. Мысалы, адамда күретамыр (артерия), көктамыр (вена) әрі қылтамыр (капилляр) атты үш түрлі тамыр бар. Күретамыр оттегімен қаныққан қанды, ал көктамыр көмірқышқыл газын тасымалдайды. Жүрек оттегіні ағзаларға жеткізеді. Қылтамыр – ең жіңішке тамыр, ол ағзадағы жасушалық және ұлпалық деңгейдегі зат алмасуды жүзеге асырады. Адамның жасы ұлғайған сайын көктамырдағы қанның жүруі қиындайды. Күретамырдағы қанда іркіліс пайда болып, қан қоюлана түседі. Сөйтіп, қылтамырлар кеңейе бастайды. Салдарынан организмде зат алмау процесі баяулап, әртүрлі ауру пайда болады. Хиджама кезінде қозғалыссыз тұрып қалған қан ағзадан шығып, қылтамырдағы қысым төмендеп, қан айналымы жақсарады", - дейді анестезиолог-реаниматолог.

Дәрігерге ғана қан алдыру қажет

Сонымен қатар Ғабит Нұрханұлы хиджаманы тек медициналық білімі бар дәрігерге жасату қажеттігін атап өтті.

"Хиджаманы медициналық білімі бар дәрігер жасауы керек. Неге? Себебі, хиджама кезінде адам есінен танып, гиповолемиялық шок алуы мүмкін немесе инфекциялық ауру жұқтырыуы ықтимал. Мұндай жағдайда адамға алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпесе, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан хиджама жасап болғаннан кейін мен адамның қан қысымы тұрақты болмайынша, оны орнынан тұрғызбаймын. Бұл өте маңызды", - дейді ол.

© Sputnik / Абзал Калиев.
Ғабит Нұрханұлы

Дәрігердің айтуынша, бұл емді алған кезде тазалыққа қатты мән беру қажет.

"Ең бастысы, мұнда қанды мөлшерден тыс алмау керек. Мысалы, адамда 4-5 литр қан болады. Орта есеппен адамнан 400-500 мм қан алуға рұқсат беріледі. Осы мөлшерден көп алып қойса, адамда гиповолемиялық шок болады. Яғни, басы айналып, орнынан тұра алмай қалуы мүмкін. Ол кезде дәрігердің көмегі керек. Ал кейбір жағдайда адам организміне инфекция түсуі мүмкін", - дейді Ғабит Нұрханұлы.

Тағы оқыңыз: Адамды есінен айыруы мүмкін - адрыспан туралы не білеміз?

Оның айтуынша, бір банканы бірнеше адамға қолданудың салдарынан инфекция жұғуы мүмкін.

"Бұл - ең жиі кездесетін әрі өте өрескел қателік. Медициналық білім жоқ адамдар С гепатиті немесе СПИД деген ауруды біле бермейді. Олар банканы жуып тазаласа, жеткілікті деп санайды. С гепатиті ауруының қоздырғышын өлтіру үшін банканы кем дегенде 300-400 градуста қайнату керек. Сондықтан бір-ақ рет пайдаланылатын пластик банкалар қолдану қажет", - дейді Ғабит Нұрханұлы.

Министрге хат

Сөз соңында дәрігер қазіргі таңда қан алдыруды кез келген адам жасайтынын айтты. Ол осы мәселе жөнінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жеке блогына хат та жазыпты. Бірақ жауап көңілінен шықпаған көрінеді.

"Министрлік мұны халық медицинасына жатқызады. Хиджама – хирургиялық емдеу жолы. Осы орайда мен министрдің блогына: "Бұл саланы бақылауға алу керек. Неше түрлі адам хиджама жасап жүр", - деп жаздым. Маған:"Әр адамның өз таңдауы бар. Өздері біледі", - деген жауап келді. Бұл саланы бақылауға алу керек", - деп Ғабит Нұрханұлы сөзін түйіндеді.

5358
Кілт сөздер:
емделу, денсаулық, дәрігер, хиджама
Тақырып бойынша
Қазақ дәрігері халық жиі тұтынатын дәрілер жайлы сұмдықты жайып салды
Генетик-дәрігер: бай жігітті баламен ұстап қалғысы келген қыз жазасын алды
Маммолог-дәрігер: Баланы ұзақ емізетін ана омырау обырына шалдығуы мүмкін
Салмағы небәрі 346 грамм: дәрігерлер сәбиді қалай аман алып қалды?
Баланы неше жаста сүндетке отырғызу керек – дәрігер кеңесі
Архивтегі фото

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны кімдер салдырды?

154
COVID-19 індетіне қарсы қазақстандық вакцинаны ерікті түрде өздеріне салдырған ғалымдар жұмысын жалғастырып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші жеті ғалым вируспен жұмыс істеген кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін вакцинаны ерікті түрде өздеріне салдырды, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.  

Вакцина БҒМ ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында әзірленді.

"Ғалымдардың жағдайы жақсы, олар өз жұмысын жалғастырып жатыр", – деп мәлімдеді институт директоры Күнсұлу Зәкәрия.

Вакцинаны клиникаға дейінгі сынақтан өткізу нәтижелері дәрілік заттарды сараптау жөніндегі Ұлттық орталыққа сараптамалық жұмыстар жүргізу үшін жіберілді.

Қазақстандық вакцина адамдарға қашан сыналады

Сараптамалық жұмыстар шамамен тамыздың ортасында аяқталады. Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алғаннан кейін қыркүйек айында Алматы қаласындағы клиника базасында коронавирусқа антидене анықталмаған 18 жастан 50 жасқа дейінгі 44 еріктінің қатысуымен клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі басталады деп жоспарланып отыр.

Вакцина салғаннан кейін олар 42 күн бойы бақылауда болады. Қазан айының ортасында клиникалық сынақтардың екінші кезеңін бастау жоспарланып отыр, ол 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.

Коронавирустың екінші толқыны: елдің жағдайы не болады?

Кандидаттық вакциналардың клиникалық сынақтары оң нәтиже берген жағдайда Жамбыл облысы Отар кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанынан салынып жатқан биофармацевтикалық зауыт базасында қазақстандық вакциналар өндірілетін болады.

Зауыт халықаралық стандартқа сай иммунобиологиялық дәрілік препараттарды, оның ішінде қазіргі уақытта қазақстандық ғалымдар клиникаға дейінгі сынақтарымен айналысып жатқан COVID-19-ға қарсы вакциналарды шығарады.

Еске сала кетейік, қазақстандық ғылыми-зерттеу институтының коронавирус инфекциясына қарсы екі кандидаттық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізіліп, клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өтіп жатыр. COVID-19-ға қарсы екінші вакцина ДДСҰ сайтында 31 шілдеде кандидат ретінде тіркелген.

154
Кілт сөздер:
коронавирус, екпе
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Коронавирусқа қарсы жаппай егу қашан басталуы мүмкін – ғалым пікірі
Бекшин тұмауға шалдыққан науқас коронавирус жұқтырса не болатынын айтты
Мамин: Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алудан үмітті  
Қазақстанда алғашқы адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды
Архивтегі фото

Қазақстанда Өзбекстаннан қара өрік алып келуге тыйым салынды

2031
(Жаңартылды 10:45 08.08.2020)
Бір аптаның ішінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнама 18 рет бұзылған, қара өріктен үш рет Шығыс көбелегі, бір рет Комсток құрттары табылды

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті Өзбекстан аумағынан қара өрік әкелуге тыйым салу түрінде уақытша карантиндік фитосанитарлық шаралар енгізді, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.  

Мұндай шешімге Өзбекстаннан келген қара өрік жемісінен карантиндік объектілердің жиі анықталуы себеп болды.

Сливы, иллюстративное фото
© Sputnik / Томас Тхайцук
Қара өрік

2020 жылдың 24 шілдесінен 1 тамызына дейін өсімдіктер карантині саласындағы заңнама 18 рет бұзылған, оның ішінде 3 жағдайда жемістерде Шығыс көбелегі (Grapholitha tolesta Busck), бір жағдайда Комсток құрттары (Pseudoccus comstocki (Kuwana) табылды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин кезінде шекарадан кімдер өте алатыны белгілі болды 

Шектеу шаралары Қазақстан аумағында қолайлы фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында енгізілді.

Шығыс жемісі қауіпті карантиндік зиянкес саналады. Шабдалы, өрік, алма, нектарин, қара өрік, айва, алмұрт, шие, лавр,  бадамның өсінділері мен жемістеріне 90% дейін зиян келтіруі мүмкін.

Кеміргіш құрт бұтақты кептіріп, жапырақтарды, өсімдік жемістерін сарғайтып жібереді. Жемістің сапасы нашарлай түседі.  

2031
Кілт сөздер:
Өзбекстан, жеміс-жидек
Тақырып бойынша
Коронавирус тамақ арқылы қалай жұғуы мүмкін - маман жауабы
Өмірді ұзартып, қартаюды баяулатады – ғалымдар ерекше жемісті атады
Дәрігерлер мандаринді қай уақытта жеуге болмайтынын айтты
Нұр-Сұлтанда тонналаған түрік анары өртелді
Қандай тағамдар өте қауіпті екені анықталды
Архивтегі фото

"Жалаңаш кісіні көрдім": Сәтбаевтағы сойқанға қатысты тың дерек шықты   

84
(Жаңартылды 12:26 08.08.2020)
62 жастағы күдіктінің әйелі, бөлек тұратын балалары мен немерелері бар болып шықты. Қылмыс жасалатын күні әйелі саяжайға кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Сәтбаевтағы тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыстан кейін ұсталған адамдар саны 19-ға жетті.  

Тергеу амалдарында бұл сан еселеп өсуі мүмкін. Өйткені 24  шілдеге қараған түні қалада ойран салғандардың саны мыңға жуық. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айып тағылған, деп хабарлады КТК.

Айта кетейік, қақтығысқа қалада жоғалған 5 жастағы қыздың ересек көршісінен қорлық көруі себеп болды. Ашынған топ полициядан күдіктіні беруді талап етіп, істің соңы насырға шапқан болатын.

Сәтбаевтағы бүгінгі тіршілік қалыпты. Астан-кестеңі шыққан подъезд де тыныш. Тек сол күнгі оқиғаны тұрғындар көпке дейін ұмыта алмайды. 

Сәтбаевтағы оқиға: полицияның педофилді үйінен қалай алып шыққаны белгілі болды 

Жоғалған бүлдіршінді табуда бейнекамераның көмегі зор болған. Өйткені бейнетаспада қыздың подъезге кірген сәті бар да, шыққаны жоқ. Сондықтан полиция мен еріктілер подъездегі барлық пәтерді тінти бастаған. Күдік тудырғаны – есігін ашпаған бірінші қабаттағы пәтер.

"Адамдар терезеден іште біреу бар екенін байқап қалды. Полиция қызметкерлері есікті сындырып, ішке кірді. Денесін жалаңаштаған кісіні ұстап жатқанын өз көзіммен көріп, камераға түсіріп тұрдым. Сосын ашынған халық терезені шағып, торын жұлып алды. Ішке жастар кіре бастады", - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ботагөз Бұшманова.

Қызды ата-анасына беріп, күдіктіні шығармақ болғанда ойран басталған. Ашу-ызыға ерік бергендер пәтерге баса көктеп кірген. Үй алдында азғантай полицейлердің ырқына көнбеген қарақұрым жұрт есік алдындағы мүлікті де талқандауға кірісіпті. Істің насырға шапқанын көрген полицейлер күдіктіге полиция киімін киіндіріп үйден алып кеткен.

"Оны үйден алып шығу қиын болғаннан кейін киімін ауыстырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Содан жиналғандар полиция бөліміне келді. Бақылау пунктін сындырып, тас лақтырып, біраз шығын келтірді", - дейді Сәтбаев қалалық ПБ бастығы Жандос Қарабеков.

Полиция бөлімінің алдында бірнеше қызметтік көлік талқандалып, бір жеңіл көлік пен автобус өртенді. Ғимарат та зақымдалған. Жалпы келген шығын көлемі 60 миллион теңге.

Оқиғадан екі апта өткенде ғана басты күдіктінің пәтерін жақындары жинастырып жүр. Сұхбаттан ат-тонын ала қашты. Белгілісі, 62 жастағы тұрғынның әйелі, бөлек тұратын балалары мен немерелері бар екен. Сол күні оның әйелі саяжайға кетіп, күдікті үйде жалғыз қалған.

Тергеу мәліметінше оған адам ұрлау және зорлау баптары бойынша айып тағылған.  

84
Кілт сөздер:
полиция, қақтығыс
Тақырып бойынша
Абзал Құспан педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге қарсы шықты
Тәртіпсіздіктен кейін Сәтбаев қаласында қазір не болып жатыр – видео
Сәтбаевтағы толқу: бес жасар қыздың ата-анасы үндеу жасады
Оралда 6 жасар қызды алып кетпек болған бейтаныс адам қарсылыққа тап болды – видео