Мекке, архивтегі сурет

Қазақстан қажыларының алғашқы легі қажылыққа аттанады

153
(Жаңартылды 08:38 31.07.2019)
Қажылар елге 23 тамызға дейін оралуы тиіс, биыл Қазақстанға 3 200 квота бөлінген

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде — Sputnik. Қазақстандықтар қасиетті сапар – қажылыққа бару үшін Сауд Арабиясына ұшуға дайындалып жатыр. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қажылардың алғашқы легінің аттануына орай Алматы әуежайында өтетін рәсімге қатысады.  

Ұлы сауапқа толы ұлық сапарға биылғы жылы еліміз бойынша 3 200 жан (былтырмен салыстырғанда 200 адамға көп) квота бойынша аттанғалы отыр. 5 тамызға дейін барлық қажы діттеген мекендеріне жетуі тиіс, ал 23 тамызға дейін отандастарымыз туған топыраққа табан тірейді. 11-13 тамызда қасиетті Құрбан айт мерекесі тойланады.

"Қажылық кезінде жерлестерімізге отандық SCAT әуе компаниясы мен Сауд Арабиясының Fly Nas әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Рейстер биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау қаласынан аттанбақ", - деп хабарлады Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Sputnik Қазақстанға.

Тағы оқыңыз: Мекке мен Мәдинадағы қажылық кезінде 10 мың төтенше жағдай болды

Қажылардың қауіпсіздігі және денсаулығын жіті назарда ұстайтын қажылық миссиясының негізгі құрамында 12 кісі бар. Оған басшылық құрам, уағызшы-имамдар, пәтуашы-ғалымдар, журналистер мен дәрігерлер кіреді.

Қажылық деген не?

Исламның бес тірегінің бірі болған қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт және дін рәміздері мен қасиетті дүниелерін құрметтейтін құлшылық.

Қажылық – пенде болуды, жан-тәнімен бойсұнуды үйрететін құлшылық. Қажы өзі толық түсінбеген амалдарды істеуі қажет болады. Күнделікті дағдыланған киім-кешегін тастап, сәнді заттарды қолданбауы тиіс. Көп күш-қайрат талап ететін тауаф, сағи амалдарын жасауы қажет. Бір тауға барып, белгілі уақытқа дейін күннің ыстығы мен жағдайдың қолайсыздығына қарамай, сонда болуға міндеттеледі. Елсіз Мина жазығында түнеуі керек болады.

Тағы оқыңыз: Қажылық-2019: виза алу тәртібі жеңілдеді

Биыл қазақстандықтарды тасымалдаумен 18 туристік фирма айналысады. Олар өздеріне бөлінген квота санына қарай "Эконом", "Стандарт" және "Люкс" қызмет көрсету пакеттерін ұсынады.Турлардың бағасы үш-бес мың доллар шамасында.

153
Кілт сөздер:
қажылық
Загрузка...