Қазақстан танкистері

Қазақстандықтар "Танк биатлонының" жартылай финалына шықты

50
(Жаңартылды 12:20 09.08.2019)
Мәскеу түбіндегі Алабино полигонында "Танк биатлонының" бірінші кезеңі аяқталды

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз — Sputnik. Халықаралық армия ойындары – 2019 аясында "Танк биатлоны" жарысына қатысып жатқан қазақстандық әскерилер жартылай финалға шығып, үздік сегіздік қатарынан орын алды.

Күні кеше үшінші қазақстандық танк экипажы жеке жарыста өз тобында берілген қашықтықты 22 минут 39 секундта бағындырып, сонымен қазақстандық команданың жалпы көрсеткіші 1 сағат 6 минут 42 секунд болды.

"Жартылай финалға сегіз команда шықты: Ресей, Қытай, Беларусь, Қазақстан, Моңғолия, Әзербайжан, Венесуэла және Сирия. Жеребе арқылы қазақстандық команданың жасыл түсті танкке мініп, Қытай, Әзербайжан және Сирия құрамаларымен бақ сынасатыны белгілі болды", - делінген Қазақстанның қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі хабарламасында.

Алдағы уақытта танкистер "Эстафета" кезеңінде сайысқа түспек. Олар белгілі бір бағдармен түрлі табиғи және жасанды кедергілерден, жауынгерлік жолдар мен атысқа арналған алаңдар және учаскелерден жүріп өтеді.

"Эстафета" ережесіне сәйкес, әр елден үш экипаждан қатысып, кезек-кезек бір танкке мініп, тапсырмаларды орындайды.

Тағы оқыңыз: Қазақстан командасы "Танк биатлоны" жарысында жеңіске жетті

Әр экипаж төрт шеңбер бойы кедергілерден сүрінбей өтіп, нысаналарға дөп тигізуі тиіс. Олар қосарланған және зенит пулеметінен ғана атады. Ал танк зеңбірегінен, жарыс ережесі бойынша, жүріп келе жатып атуы тиіс.

"Танк биатлоны" жарысы Ресей Федерациясында 2013 жылы пайда болып, Халықаралық армия ойындары бағдарламасына енгізілді. Ол дәстүрге сай Мәскеу облысындағы Алабино полигонында өткізіледі.

Биыл армия ойындары аясында 25 елдің үздік танк экипаждары сайысқа түсіп жатыр.

50
Кілт сөздер:
жарыс, танк, Қазақстан
Тақырып бойынша
Халықаралық армия ойындарына 37 елдің әскерилері қатысып жатыр
Халықаралық армия ойындары-2019: алғаш рет қыздар "Танк биатлонына" қатысты
Әскери дипломатияның жаңа форматы: Қазақстанда "Армия ойындары" басталды - видео
Загрузка...