Елорда мешітіне Құрбан айт намазына жиналған қауым

Тоқаев пен Назарбаев қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады

715
(Жаңартылды 10:56 11.08.2019)
Биыл Құрбан айт мейрамы 11-13 тамыз күндеріне белгіленіп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз мұсылмандардың ұлық мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Барлық құттықтауда Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін қасиетті мейрам екені айтылған.

"Құрбан айт – әлемдегі бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті мейрам, жақсылықтың, қайырымдылық пен кеңпейілділіктің символы. Бұл мереке бейбітшілік, бірлік және келісім сияқты жалпы адами құндылықтарды қастерлеуге үндейді. Құрбан айт және басқа да діни мейрамдар қоғамда рухани-адамгершілік негіздерін нығайтуға септігін тигізетіні және ізгі ниет пен игілікті амалдар арқылы көрініс табатыны қуантады. Осы мейрамда айтылған игі тілектеріңіздің бәрі орындала берсін! Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - делінген Елбасының құттықтауында.

Тағы оқыңыз: Құрбан айт намазына келген шетелдіктер өз әсерімен бөлісті

Ақорда сайтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да құттықтауы жарияланды.

"Күллі мұсылман үмбетін Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Қасиетті Құрбан айт –  мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарының теңдессіз көрінісі ретінде халқымыздың рухани дүниесінен ерекше орын алатын мейрам. Имандылықты өскелең ұрпақты тәрбиелеу көзі деп санайтын мұсылман қауымы осы күні ізгі ниетімен игі істер атқарып, өзара түсіністік пен келісім рухын нығайта түседі. Бұл ынтымақ пен бірлікті қадір тұтып, сақтап келе жатқан еліміз үшін өте маңызды", - делінген хабарламада.

Тағы оқыңыз: Құрбан айтта не істеуге болмайды - видео

Мемлекет басшысы қасиетті мейрамда барша қазақстандыққа зор денсаулық, құт-береке тіледі.

"Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендей берсін!", - деді президент.

Қасиетті мейраммен бас мүфти Серікбай қажы Ораз да құттықтады.

"Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: "Айт қабыл болсын!" айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін. Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!

Тағы оқыңыз: "Жеті адам ортақтаса алады": мешітте құрбандық шалу шарттары қандай?

Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін!", - делінген құттықтауда.

715
Кілт сөздер:
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, құрбан айт
Тақырып:
Құрбан айт 2019 (29)
Загрузка...