Бауырына басқан: қазақ "балдыз қалың" салтын не үшін ұстанды?

2142
(Жаңартылды 12:41 18.08.2019)
Қазақ халқы жақсы ұрпақ тәрбиелеуге ежелден ерекше көңіл бөлген. Осыған байланысты бірқатар дәстүр сақталып келді. Солардың бірі - "балдыз қалың"

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik, Арман Асқар. Халқымыздың заман ағымына қарай өзгерген, я болмаса, мүлдем жоғалған салты аз емес. Sputnik Қазақстан тілшісі "балдыз қалың" деп аталатын ескі дәстүрге қатысты ғалымдардың пікірін білді.

"Ондай дәстүр кездеседі"

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бибизия Қалшабаеваның айтуынша, "балдыз қалың"– қалың малдың бір түрі. Дәстүр бойынша айттырылған қалыңдық қайтыс болған жағдайда күйеуі балдызын алған. Жігіт оған ұрын барып қойса, онда бұрынғы қалың малдың үстіне "балдыз қалың" төлеуі тиіс. Оған түйе бастатқан тоғыз мал кіреді. Ұрын келмесе, ол қалың мал төленбейді. Ал қалыңдықтың басқа сіңлісі болмаған жағдайда бұрын төленген малдың жартысы қайтарылады.

"Жалпы, қазақта балдыз алу кездеседі, ол бертінге дейін бірлі-жарым кездескен. Мұнда да қосымша қалың мал берілген. Балдызын алу көбіне жиендеріне өз анасының сіңлісі бас-көз болсын, өгей шешеге жаутаңдамасын деген мақсаттан туындаған", - дейді Қалшабаева.

Әмеңгерліктің бір түрі

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы "балдыз қалың" дәстүрін әмеңгерлікке теңеп отыр. Оның да негізгі мақсаты – баланы өгей қылмау, анасынан кем көрмейтін адамның бауырына басу.

"Қазақ басқа ұлтқа қарағанда өмірдің мәнін жақсы білген ғой. Ұрпақ тәрбиелеуді, жақсы ұрпақ қалдыруды мақсат тұтады. Бүкіл өмірін соған арнайды. Анасы қайтыс болғанда баласы жетімдік көрмеуі керек. Ал баласына кім қарайды? Әкесі басқа әйел алса, бала өгей болып қалады. Сондықтан қазақта "балдыз қалың" деген дәстүр болған. Қайын жұрты балаларға өз баласындай қарайтын қалыңдықтың ең жақын адамын берді. Қазақта ондай дәстүр кең өріс алған. Әрине, бәрі екі жақтың келісімімен жасалды", - деді Ысқақ.

Тағы оқыңыз: Айдар, тұлым, кекіл: қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде?

Ғалым "балдыз қалың" дәстүрінің жоғалуына қатысты өз ойын да жеткізді. Оның ойынша, бертін келе, әмеңгерлікті де, балдыз қалыңды да "махаббаты жоқ" ескірген дәстүрдің қатарына қосып жіберді. Алайда мұның барлығы отбасының бірлік-берекесін сақтау, баланы ешкімнен кем қылмай тәрбиелеу үшін жасалған.

"Қазірдің өзінде қазақы дәстүрді ұстану азаматтардың қолынан келеді. Екі жақ өзара келісіп жатса болды. Негізі, бүгінде біздің қоғамымыз жаһанданып бара жатыр ғой. Еуропалық дәстүр ұлттық салтымызды ығыстырып келеді. Ал біздің айырмашылығымыз жер мен көктей. Біз өмірімізді ұрпағымызға арнаймыз, ұлды тәрбиелесек, немере көрсек дейміз. Шөберенің қызығын көрген ең бақытты адам дейді. Еуропада олай емес. Олар бір күнмен өмір сүреді", - дейді Ысқақ.

Гендерлік саясаттың салдары

Профессордың сөзіне қарағанда, бұл салттың сақталуына қазіргі гендерлік саясат да кері әсерін тигізді. Ол ер адам мен әйел теңдігі "балдыз қалың" сынды дәстүрдің сақталуына кедергі болғанын айтады.  Шығыс халықтарында, соның ішінде қазақ халқында ғасырлар бойы әйел үй шаруасына жауапты болған.  Профессор ер адам сол үйдің, елдің, ұлттың қамын ойлағанына баса назар аударып отыр. 

"Бүгінде заманның өзгергені сонша, теңдіктің нәтижесінде әйелдерде еркектің менталитеті қалыптаса бастады. Содан бала туу көрсеткіші де төмен. Мысалы, Еуропада тоғыз мемлекет басшысының ұрпағы жоқ. Ал ата-бабаларымыз алдымен ұрпақты ойлаған. Социализм кезінен бастап күні бүгінге дейін кейбір дәстүрлерге менсінбей қараушылық бар. Мұның барлығы ұлттың қамын, болашақтың қамын ойлаудан туындаған дәстүрлер ғой. Сондықтан осы дәстүрлерді қолданса, соларды насихаттаса, ұлтқа тек пайдасы ғана тиеді", - деді профессор.

2142
Кілт сөздер:
балдыз қалың, салт-дәстүр, қазақ
Тақырып бойынша
XXI ғасырдың қазағына оғаш көрінетін салт-дәстүрлер
Ат тергеу дәстүрі туралы не білеміз?
Елімізде ырым-тыйымдарды түсіндіретін анимациялық фильм түсірілді
Жеті атаңды білесің бе?
"Құйрық-бауыр асату" салты туралы не білеміз?
Ұшақ, аспан

Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе қатынасы жанданады

14
Бұған дейін екі ел арасында репатриациялық рейстер ғана жүзеге асырылды. Ол үшін құзырлы органдардың келісімін алу керек болатын

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек — Sputnik. Ресей өз аумағына Қазақстан азаматтарының кіруіне рұқсат берді. Шектеу коронавирустың таралуына байланысты енгізілген болатын.

"Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Корея елдерінің азаматтарына және осы елдерде тұруға ықтиярхаты барларға Ресейге әуе өткізу пунктері арқылы кіруге рұқсат етіледі. Ресейліктер де бұл елдерге емін-еркін бара алады", - делінген Ресей үкіметінің сайтында жарияланған ақпаратта. 

Бұған дейін екі ел арасында репатриациялық рейстер ғана болды. Ол үшін құзырлы органдардың келісімін алу керек еді.

Рейстер аптасына бір рет жүзеге асырылады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе қатынасы 21 қыркүйекте жанданады.

14
Роза Рымбаева мен Бақытжан Сағынтаев

Роза Рымбаева Алматының құрметті азаматы атанды

85
"Алматының құрметті азаматы" атағы тоғыз тұрғынға берілді. Сағынтаев олар қаланың қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Қала күнінде Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева "Алматының құрметті азаматы" атағына ие болды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан қала тұрғындарының еңбегін атап өтілгенін айтты. 

"Белгілі қоғам мен саяси қайраткерлер, ғылым мен білім, медицина мен мәдениет, кино мен әдебиет саласының қызметкерлері қоғамға қызмет етіп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп, өскелең ұрпақ үшін үлгі болуда", - деп жазды Сағынтаев.

"Алматының құрметті азаматы" атағы Роза Рымбаевамен қатар экономика ғылымдарының докторы  Рахман Алшанов, мемлекеттік және қоғам қайраткері Тұрарбек Асанов, білім саласының ең сіңірген қайраткері Шамша Беркімбаева, Алматы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов, Қазақстанның халық әртісі, актер, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, медицина ғылымдарының докторы Нина Каюпова және Алматының басты реаниматологы Тілеуберді Қуандықовқа берілді. 

85
Кілт сөздер:
құрметті азаматтар, Алматы, Роза Рымбаева
Тақырып бойынша
"Бәрін Тасқынмен салыстырдым": Роза Рымбаева туралы қызықты деректер
"Әлем елдеріне үлгі боларлық дүние": Тоқаев Роза Рымбаеваға алғыс айтты
"Бала-шағамды зейнетақымен асырап отырмын": Роза Рымбаева карантиндегі өмірі жайлы
"7500 теңге таратамыз": Роза Рымбаеваның ұлы желіде тараған ақпарат туралы жазды  
Роза Рымбаеваның ұлы үйленді: қызын ұзатқан отбасыға айыппұл салынды