Қоғам

"Бізді де шақырады": Моңғолиядағы қазақ баласы ең басты арманы, бүркітші қызбен таныстығы жайлы

© Photo : Абылайханның жеке архивіненМоңғолияда тұратын қазақ марафоншысы Абылайхан Бахытнасыр
Моңғолияда тұратын қазақ марафоншысы Абылайхан Бахытнасыр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Абылайхан бүркітші қыз Айшолпанмен Моңғолияда бір сыныпта оқыған, екеуі де сабақтан тыс уақытта қайырымдылықпен айналысқан

НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik, Нұргүл Абай. Абылайхан Бахытнасыр – Баян-Өлгий аймағының қазағы. Бала кезінен ұзын жолды бетке алып, желмен жарыса жүгіріп келе жатқан желаяқ. 18 жастағы марафоншы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында ең басты арманы, қорқынышы мен бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызымен таныстығы туралы әңгімеледі.

Баян-Өлгийдің мақтанышы

Абылайхан қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – күзетші, анасы – аспазшы. Үйде төрт ағайынды, артынан ерген үш інісі бар. Бәрі де спортқа жақын адамдар.

"Әкем жас кезінде жүгірумен айналысқан. Түрлі сайыстарда бақ сынап, топ жарды. Кейін түрлі себептермен спорттан қол үзіп қалды. Араға жылдар салып, әке арманын мен орындап жатырмын. Жүгіруге кішкентайымнан құлшындым. Бала кезінен бергі ең үлкен арманым – қазақтың атын әлемге әйгілеп, әлем чемпионы атану", - деп бастады әңгімесін Моңғолиядағы қазақ баласы.

© Photo : Абылайханның жеке архивіненАбылайхан отбасымен бірге
Бізді де шақырады: Моңғолиядағы қазақ баласы ең басты арманы, бүркітші қызбен таныстығы жайлы - Sputnik Қазақстан
Абылайхан отбасымен бірге

18 жастағы марафоншы – Баян-Өлгий аймағында ұзақ қашықтыққа жүгіруден алға шығып тұрған спортшы. Былтыр ел астанасы Ұлан-Батыр қаласында әлемдік тауда жүгіру марафонында қола жүлде еншілеген. Әлемнің он елінен келген 150 желаяпен жарысып, 50 шақырым қашықтықты 8 сағат 30 минут 53 секундта бағындырған.

"Үлкен сайыстарда бақ сынап жүргеніме үш жылдай болды. Бапкерім жоқ, өзім жаттығып жүрмін. Ұзақ шақырымдарға қалай дайындалған дұрыс – мұның бәрін интернеттен қараймын. Тек Тілеуберді Мұрат деген ағам бар, Баян-Өлгий аймағы жылу станциясының бастығы. Менің үлкен спортқа келуіме демеу көрсеткен кісі. Материалдық көмек көрсетіп тұрады. Сол кісіге алғысымды айтамын", - дейді ол.

Марафоншының бір күні

Абылайхан аптаның бес күні таңғы 07.00-ден 11.00-ге дейін тауға шығып, жалғыз өзі жүгіреді. Бұл оның күнделікті әдеті. Төрт сағат ішінде 20 шақырым қашықтықты еңсереді. Жүрек жалғау үшін өзімен бірге су, аздаған жеміс-жидек алады.  

"Жүгіріп келгеннен кейін, бір-екі сағат үйде жатып тынығамын. Түстен кейін сабақ басталады. 12 сыныпты биыл ғана бітірдім, әзірге оқуға түскен жоқпын. Болашақта ІТ-мамандығын меңгергім келеді. Сол үшін дайындық сабақтарына барып жүрмін", - дейді спортшы.

ІТ-мамандығын таңдауға компьютерге қызығушылығы түрткі болған. Қолы бос уақытта жора-жолдастарының бұзылған телефоны мен компьютерлерін тегін жөндеп береді екен.

© Photo : Абылайханның жеке архивіненАмерика, Жапония, Моңғолия және Франция марафоншыларымен бірге
Бізді де шақырады: Моңғолиядағы қазақ баласы ең басты арманы, бүркітші қызбен таныстығы жайлы - Sputnik Қазақстан
Америка, Жапония, Моңғолия және Франция марафоншыларымен бірге

"Түскі сабағым біткен соң, үйге келіп, әке-шешеме үй шаруасына көмектесемін. Ал сенбі-жексенбі күндері жүгірмеймін. Достарыммен футбол, волейбол ойнаймын", - дейді Абылайхан.

"Кедей отбасыларға қол ұшын созамыз"

Абылайхан тек спортпен шұғылданбайды. Мектеп кезінен қолғанаты жоқ отбасыларға қол ұшын созады. Қазір ол халықаралық Қызыл Крест ұйымы жанынан құрылған "Көмекші балалар" клубының жетекшісі.

Моңғолия - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Моңғолиядағы қазақтар да алаңдап отыр – қандас ақын
"Клубта он шақты бала бар. Біз кедей отбасыларға киім, ұн, азық-түлік жағынан жәрдем береміз. Әртүрлі спорт шараларын ұйымдастырамыз. Жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, қолдан келген көмегімізді көрсетеміз. Үйін әктейміз, жуып-тазалаймыз, су тасимыз. Бастысы – көмекке мұқтаж жандардың ризашылығын, ақ батасын алу", - дейді ол.

Айтуынша, қайырымдылықпен айналысып жүргеніне үш жыл болған.  

Бүркітші қызбен таныстығы

Марафоншы жігіт қазақты әлемге танытқан бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызының сыныптасы екен. Үш жыл бойы Баян-Өлгий аймағында бір сыныпта оқыған.

"Айшолпан 9-сыныпта бізге ауысып келді. Маған түрік тілі сабағынан көмектесетін. "Көмекші балалар" клубының құрамында Айшолпан да болды. Ол да мұқтаж жандарға қол ұшын созатын. Мінезі жұмсақ, қарапайым, қазақтың қара домалақ қызы", - деп сипаттады ол сыныптасын.

Тағы оқыңыз: Бүркітші қыз Назарбаевқа Алтай қазақтарының аманатын жеткізді

Абылайхан Нұр-Сұлтан қаласында білім алатын Айшолпанмен хат-хабар алмасып тұрады. Бүркітші қыз оған Қазақстанды мақтайды екен.

"Қазақстанға кетемін дегенде қимағанымыз рас. Бірақ бұл Айшолпанның өз таңдауы ғой. Қазір де араласып, сөйлесіп тұрамыз. Ол маған Қазақстан туралы, оқып жатқан мектебі, тұратын орны туралы айтады. Қазақстан оған қатты ұнайды, бізді де шақырады. Онда спорт, білім, барлық жағынан мүмкіндіктер көп екенін айтады", -дейді марафоншы.

"Келесі жылы Қазақстанға барамын"

"Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Сырымбек Төлеуұлы (Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы баспасөз қызметінің басшысы – Sputnik) деген ағамыз мені Қазақстанға шақырған. Атажұртқа келсең, осы жақта жатықтыратын бапкер тауып беремін, қолдау көрсетемін деп айтты. Алла қаласа, келесі жылы Қазақстанға барамын", - деп жоспарларымен бөлісті Абылайхан.

© Photo : Абылайханның жеке архивіненАбылайхан 50 шақырым қашықтықты 8 сағат 30 минут 53 секундта бағындырған
Бізді де шақырады: Моңғолиядағы қазақ баласы ең басты арманы, бүркітші қызбен таныстығы жайлы - Sputnik Қазақстан
Абылайхан 50 шақырым қашықтықты 8 сағат 30 минут 53 секундта бағындырған

Қазір спортшы жігіт 225 шақырымдық марафонға дайындық үстінде. Халықаралық сайысқа Ресей, Қытай, Жапония, Америка, Испания және Франция елдерінің марафоншылары қатысады екен.

"Жеті күн ішінде ең кемі 50 шақырым жүгіріп өтуіміз тиіс. Бір апта бойы үзбей жүгіреміз. Бойымда аздаған қорқыныш бар. Мақсатым – осы 225 шақырым қашықтықты бағындыру, намысты қолдан бермеу", -  дейді Моңғолиядағы қазақ баласы.

Жаңалықтар
0